- Advertisement -

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы майдан басталды

214

- Advertisement -

Республикалық «Бірінші сыбайлас жемқорлыққа қарсы медиаорталық» қоғамдық бірлестігі жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа жобасын ұсынып отыр. Ол – «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы майдан» посты. Оның ерекшелігі сол – мұнда жазылған телефон және WhatsApp нөмірлері бойынша түскен қандай да арыз-шағым дер кезінде қаралып, жауаптың тез қайтарылуында. Енді облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің лауазымды тұлғалары тарапынан жіберілген жемқорлық көріністерін ғана емес, кімге сапасыз қызмет көрсетсе, әуре-сарсаңға салып, әдеп сақтамаса, республикалық 8-702-000-24-94, 1412 нөмірлері бойынша немесе департаменттің ішкі қауіпсіздік басқармасының 8-708-455-88-64 және 8 (7262) 34-75-26 тәулік бойы жұмыс істейтін сенім телефондарына хабарласу арқылы шағым түсіруге болады.
Жаңа жоба қалай жұмыс істейді? Бұл туралы Тараз қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасында өткен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы майдан» постының тұсаукесер рәсімінде аталған қоғамдық бірлестіктің төрағасы Төлеген Байғұлов түсіндіріп берді. Оның айтуынша, түскен арыз-шағым, пікірлер ұсыныс ретінде қабылданып, оны жемқорлыққа қарсы комиссарлар мен облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің ішкі қауіпсіздік басқармасы қызметкерлері уақтылы зерттеп, тергеу нәтижелері жөнінде хабарламалар беріп тұрады екен.
– Республика көлемінде бір жеті бойы жемқорлыққа қарсы апталық жүрді. Жамбылда өз мәресіне жеткен апталық шеңберінде кірістер департаментінде постылар ашылып жатыр. Астана қаласы мен Алматы, Ақмола, Қарағанды облыстарында жұмысын енді ғана бастаған постыларға бір апта ішінде 10-нан аса қоңырау шалынған. Басым бөлігі кассадағы кезекке байланысты. Сондай-ақ ойын жеткізе алмай, сұрағы болса қоя алмаған тұрғындар да шағымданған. Бір атап өтетіні, бұл мәселе сол жерде дереу шешілді. Демек, посты нөміріне хабарласқан әрбір тұтынушының мәселесі 1-5 күнде емес, туындаған мезетінде шешіліп, жауабы қайтарылады, – дейді ол.
Тараз қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасымен тығыз байланыста жұмыс істейтін «Тұрғын үй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас бухгалтері Ұлжан Шайжанова мұндай постылардың ашылуы тұрғындарға да, мекеме қызметкерлеріне де пайдалы болатынын айтады. Бұл жоба мемлекеттік қызмет көрсетуде кездесетін кедергілердің алдын алып, сыбайластықтың жолын кесетіні анық.
Республикалық «Бірінші сыбайлас жемқорлыққа қарсы медиаорталық» қоғамдық бірлестігі облыстың мемлекеттік кірістер органдарына «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы майдан» постысының 12-сін қоюды көздеп отыр. Жалпы еліміз бойынша оның санын 300-ге жеткізу жоспарлануда.

Альмира ОМАРОВА

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support