Ақтоған дихандары ерлеп тұр
Ақтоған дихандары ерлеп тұр
Агротехниканы қатаң сақтаған олар әр гектардан 18-20 центнерден өнім жинауда
Ауданның бас агрономы Алғабек Керімбаевпен бірге Ақтоғанға келдік. Әлден-ақ қырманға 1500 тоннадай дән жиналып қалыпты. Қожалық жетекшісі Сайдхасан Ахаев сонау «Биғашта» орақ басында жүр екен. Біз сонда тарттық. Көлігіміз «Әбілхайырға» жеткенде теңіздей толқыған егінге тап болды. Тау сағалай егілген астық биыл бір тамшы жауын жаумаған соң ба өспей қалған, ал, мұндағы астық тұнып тұр. Алғабек егінжайды нұсқап:
– Мәліметке сүйенсек, дәл қазір «Ақтоған» шаруа қожалығы озып тұр. Масақты дақылдың әр гектарынан 18-20 центнерден өнім алынуда, – деді ол. Енді көлігімізді «Қосапанға» баратын ескі сүрлеуге бұрдық. «Ұлы Сұлтан» шаруа қожалығының егістік жері басталды. Бітік шыққан егіске көз тоқтата алмай келеміз. Қара парға себілген дақыл ақтоғандықтардыкінен бірде-бір кем емес. №4 бригаданың дала қосына келіп жеттік. Қоста серіктестіктің атқарушы директоры Алексей Золотухинді жолықтырдық. Ол егін ору науқанының барысымен таныстырып, 6550 гектар масақты дақылды небәрі екі «Вектор» комбайны орып жатқанын, жақын күндері су жаңа төрт «Джон-Дир» комбайндары егіске шығарылатынын айтты. – Қазір «ең нашар» деген жерімізді орудамыз. Соның өзінен 15-16 центнерден дән бастырылуда. Осыған дейін 180 гектарға орналастырылған арпа 18-20 центнерден өнім берді. Мынадай құрғақшылықта бұл ең жоғары көрсеткіш деп ойлаймын, – дейді Алексей. Бұл кезде күн тал түске іліккен. Аптап ыстық апшымызды қуырып барады, дем алатын ауа жоқтай, «аспан айналып жерге түсердей» болып тұр. Озат комбайншылар Мәди Нарқұлов пен Алтынбек Тұражановтар ауысымдағы көмекшілері Қанат Мұсаев пен Дастан Шынжырбаевқа «дала кемелерінің» тізгінін ұстатып, өздері машинаны көлеңкелеп, дем алып жатыр екен. «7-ші» егіс деп аталатын танаптағы 550 гектар «Безостая-1» бидайы аптап ыстыққа төгіле жаздап, әрең тұр ма, дейсің. Бірақ, шілденің шіліңгір ыстығына мойып жатқан дихандар жоқ, қайта бітік шыққан астықты тезірек орып, қамбаға құюға білек сыбана кіріскен. Биылғы орақта ақтоғандықтар да, ұлысұлтан-дықтар да ерлеп тұр. Алғашқысы қазір мың гектарға жуық алқаптың дәнін бастырып, қырманға түсірді, әлі 6500 гектар жердің егіні орылады. «Ұлы Сұлтан шаруа қожалығының» 4000 гектар күздік бидайы мен екі мың гектар арпасына да әлі шалғы түскен жоқ. «Луговой жылқы зауыты» серіктестігінде 3297 гектар арпа мен 2500 гектар күздік бар. Астық ору қарқыны «Шәушен» шаруа қожалығында да жоғары. Бір сөзбен айтқанда астықты аудан биыл 78 мың гектардан астам жердің дәнін төкпей-шашпай қырманға құюға жұмылып отыр. Егіс алқаптарында 187 комбайн жүр. Олар бір күнде шамамен 1200 тонна астық бастырады. Бұл әрине, ауызбен айтқанға ғана оңай, әйтпесе, дихандар биылғы жылдың астығын жинап алуға қолдағы бар күшін жұмылдырған.
Сейсен Қожеке,
"Ақ жол".
Т. Рысқұлов ауданы.