Экономика

Орман – ел дәулеті, жер сәулеті

Орман – ел дәулеті, жер сәулеті

Кеше облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен алқалы жиын өтті. Онда өңір басшысы осыдан үш апта бұрын қаралған мәселелерді қорытып, нүктесін қойды. Естеріңізге сала кетсек, аталмыш басқосуда Асқар Исабекұлы облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына қарасты ормандарды қорғау жедел қызметінің жұмысын қатаң сынға алған еді. Сонымен қатар жауапты тұлғаларға аң мен балық ауламау, сексеуіл ағашын кеспеу мәселесіне қатысты өңірде екі жылға мораторий жариялауға ұсыныс енгізуді тапсырып, аты аталған коммуналдық мемлекеттік мекеменің жіберген олқылықтарының орнын толтыру мақсатында қоғамдық кеңес құру қажеттігін жүктеген болатын. Кеше өткен басқосуда осы тапсырмалар талқыланып, тиісінше шешімдер қабылданды. Алғаш болып сөз алған басқарма басшысы Нұржан Нұржігітов берілген тапсырма бойынша әзірленген қаулы жобасын таныстырып, ережеге енгізілген өзгерістерге сай, «Ормандарды қорғау жедел қызметі» аталып келген мекеме бұдан былай «Мамандандырылған ормандар мен жануарлар дүниесін күзету жасағы» болып аталатындығын жеткізді. Сондай-ақ қоғамдық кеңес құрамы бекітіліп, жедел топ жұмысына кірісіп кетті. Қызметі жетіле түскен табиғат қорғау саласының қызметін бұдан былай тәжірибелі орманшылардан тұратын қоғамдық кеңес қадағалайтын болады. Жиын барысында орманды жедел қорғау қызметімен қатар арнайы жасақталған топтың негізгі міндеттемелері мен қызметін ұйымдастырудағы заңдылықтар түсіндіріліп, облыстағы орман шаруашылығы мен жануарлар дүниесін қорғау саласына бақылаудың күшейтілетіні айтылды. – Табиғатты қорғадым деп құр отыра бергеннен орман-тоғай ұлғайып, ұшқан құс пен жүгірген аң көбеймейді. Қолдан да өсіруіміз керек. Мұның бәрі бірлесіп атқаратын жұмыс. Қасқырға қойды баққызғандай болмасын! Сондықтан табиғатқа шынымен жаны ашитын, жалтармай, шындықты айта алатын адам керек, – деген әкім қайта құрылған мекеме директорының бос орнына саланың қыр-сырын жетік меңгерген кандидатураны ұсынуды тапсырды. Сонымен қатар «Уаз» мінген табиғат сақшысы «Джип» көлігімен жүрген браконьерді еш уақытта қуып жете алмайтынын тілге тиек етіп, олардың материалдық-техникалық базасының сай болуы қажеттігін де ескертті. Тағы бір мәселе – облыс әкімінің бастамасымен қабылданған арнайы декларация. Аймақ басшысы Асқар Мырзахметов аудан, ауыл әкімдері мен орынбасарларынан бастап барлық лауазымды тұлғалар қол қойған құжатта аң-құстарды сақтау жолдары көрсетілген. Киелі Жамбыл жерінің тұмса табиғатына қол сұққандардың жазасы бұдан былай ауырлай түспек.

Альмира ОМАРОВА

Суретті түсірген Алтынбек Қартабай.