Экономика

«Бином Group»

«Бином Group»

Құрылысты индустриялық-инновациялық үрдіспен жүргізуде

29Халқымыз: «Баспана – бақыт шамы» деп текке айтпаса керек. Адамның алаңсыз өмір сүріп, еңбек етуі және өсіп-өркендеуі үшін ең әуелі баспана қажет. Елімізде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен және тікелей басшылығымен азаматтарымызды тұрғын үймен қамтамасыз етуде ауыз толтырып айтарлықтай шаралар қолға алынып, жүзеге асырылуда. 2012 жылы «Қолжетімді баспана-2020» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Бағдарлама аясында жас отбасылар және басқа да көптеген азаматтар қолжетімді пәтерлерге ие болып, қуанышқа бөленуде. Елімізді бәсекеге барынша қабілетті 30 елдің қатарына қосуда қазақстандықтардың осы мұқтаждығын шешудің маңызы зор. Осыған қарай, Елбасы тұрғын үйлерді жылдам әрі сапалы салу міндетін қойып отыр. Кейінгі кезде облыс аумағында әлеуметтік нысандар, оның ішінде тұрғын үй салатын компаниялар көбейіп келеді. Солардың бірі және бірегейі – Тараздағы «Бином Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Серіктестік облыс аумағында әлеуметтік және су шаруашылығына қажетті нысандар салады және оларға қажетті құрылыс материалдарын өндіреді. «Бином Group» ЖШС осыдан он бес жыл бұрын жабылып қалған, су шаруашылығы нысандарын салумен шұғылданатын «Агроқұрылыс» кәсіпорны базасында құрылды. Серік Бектенұлы Олжабеков басқаратын кәсіпорын алғаш жұмыс ұтып алу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысқан кезде онда 10 ескі техника және 20 адам ғана бар болатын.

Қуаттылығын істе көрсетті

28 26 25

Компания алғашқы кезде тендерлерде облыс аумағындағы ұсақ-түйек жұмыстарды ұтып алды. Әйтсе де олар кез келген нысанның құрылысын сапалы жүргізіп, белгіленген мерзімде тапсыруға күш салды. Қырғыз мемлекетіндегі Киров су қоймасын жөндеуге жыл сайын бөлінген 50 миллион теңгені мерзімінен бұрын игеруді дәстүрге айналдырды. Біртіндеп олар ірі нысандардың құрылысын ұтып ала бастады. Бүгінде «Биномның» қолтаңбасын аймақтағы көптеген ірілі-ұсақты нысандардан кездестіруге болады. Сондықтан да құрылыс жүргізуге тапсырыс берушілер осы компанияны таңдайды. Құрылысшылар сенім үдесінен көріну жолында аянбай еңбек етіп келеді. Осы мерзімде компания Тараздағы жобалық-сметалық құны 3,2 миллиард теңге Қан құю орталығы, Теннис корты, «Астана» мөлтек ауданындағы орта мектеп пен балабақша, Жамбыл ауданының Аса ауылындағы Ю. Гагарин атындағы орта мектепті белгіленген мерзімде пайдалануға берді. Жақында Жамбыл ауданындағы Түрксіб ауылында 280 орындық балабақша бүлдіршіндер игілігіне айналды. Кейінгі кезде олар облыс аумағында жүздеген шақырым су құрылғыларын жөндеді. Соның нәтижесінде олар жыл сайын 2 миллиардтан астам теңгенің құрылыс құрастыру жұмысын жүргізіп келеді. Биыл кәсіпорын Талас ауданының Ойық ауылындағы су құрылғысын жөндеуден өткізуде. Нысан күзде іске қосылады. Жаңатаста «ЕуроХим-Тыңайтқыш» ЖШС-ның тапсырысымен кеңсе және қонақ үйлерін салуда. Қазір ұзындығы 30 шақырымды құрайтын «Базарбай» каналын жөндеу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысуда. Бұған қоса Тараздағы Ұлбике және Рахимов көшелерінің қиылысында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банк» арқылы көпқабатты 20 пәтерлік үй салуда. Ол үстіміздегі жылдың қараша айында пайдалануға беріледі. Таяуда олар Тараздағы «Арай» мөлтек ауданында 40 пәтерлік екі тұрғын үйдің құрылысын жүргізуді қолға алмақ.

Шығынды азайтып, табысты молайтады

Серіктестік басшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы Серік Олжабеков үздіксіз ізденісте жүретін азамат. Бұл салада тәжірибесі мол білікті маман құрылысты индустриялық әдіспен жүргізеді. Мұның өзі нысандарға жұмсалатын шығынды азайтып, табысты молайтуға игі ықпалын тигізуде. Уақытты үнемдеу, пайдалануға берілетін нысандардың мерзімін қысқарту және жұмыс сапасын арттыру мақсатында мұнда бірнеше еншілес кәсіпорын құрылды. Солардың бірі – Жамбыл ауданының Бектөбе ауылының маңына орналасқан «БиномСтройДеталь» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Серіктестік темір-бетон бұйымдарының ондаған түрін өндіреді. Олар компаниядағы құрылысы жүргізіліп жатқан нысандарға қолданылады, артылғаны шетке сатылады. Кейінгі кезде кәсіпорынның жаңадан ашылған цехтарында ағаш және пластикалық есік, терезелер жасалады. Соның нәтижесінде бүгінде компания қажетті материалдардың 70 пайызын өздерінде өндіреді. «БиномВодСтрой» ЖШС – канал салу және жөндеумен шұғылданады. Серіктестік өзі құрылған 2013 жылдан бері Меркі ауданындағы Аспара каналын, Қордай ауданындағы Георгиевка суландыру жүйесін, «Дарбаза» және Киров су қоймасын жөндеп, қалпына келтірді. Шу және Тұрар Рысқұлов аудандарында магистральды каналдарды жөндеуден өткізді. Қажетті материалдарды уақтылы нысан басына жеткізіп беру маңызды рөл атқарады. Сондықтан да осы мақсатқа арнайы компания құрылды. «Биномснаб» ЖШС мердігерлерге қажетті құрылыс материалдарын уақтылы жеткізіп береді. «Бином Вертикаль» ЖШС тұрғын үй салуға маманданған. Олар өздеріне жүктелген міндетті жоғары жауапкершілікпен және сапалы атқарады. Кез-келген нысанның сапалы салынуы – ең әуелі жобаның жоғары дәрежеде жасалынуына байланысты. Олардың қолына да кейде сапасыз, жетілдірілмеген жобалар түседі. Құрылыс аяқталған кезде оны түзету уақытты алады әрі шығын көп кетеді. Сондықтан да серіктестік директоры Серік Олжабеков тендерде ұтып алған нысанның жобасын әуелі бірнеше мамандармен бірігіп, саралап, талдайды. Кемшін тұстары болса түзетіп, жетілдіреді. Бүгінде еншілес – «Тараз водпроект» мамандары осындай жобаларға өзгертулер мен толықтырулар енгізу, жетілдірумен шұғылданады. Кәсіпорын өздерінде салатын нысандардың жобасын жасайды. Осындай ізденістер компания табысын едәуір молайтып, шығынды азайтуға қол жеткізуде.

Көпқабатты үйді екі айда пайдалануға береді

Әлемдегі барлық мемлекеттерде пәтер кезегіне тұрған азаматтардың өтініштерін қанағаттандыру – ең өзекті мәселенің бірі болып табылады. Олар бұл проблеманы мүмкіндіктеріне қарай алуан жолмен шешуге күш салады. Кеңестік кезеңде ірі қабырғалық панельдік үйлер салуға ерекше көңіл бөлінгені белгілі. Одақ тарағаннан кейін бұл тәсілмен үй салу тоқтап қалды. Бүгінде Германия, Англия, Беларуссия және Ресей мемлекеттері ірі қабырғалық панельдермен үй салу арқылы үлкен жетістіктерге қол жеткізуде. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы аз шығынмен көп тұрғын үй салуды міндеттейді. Бағдарламамен танысқан кәсіпорын басшылары осы іске өздерінің зор үлесін қосуды ұйғарды. Ірі қабырғалық панельдер шығару әдісін терең зерттеп, зерделеді. Жоба жасап, оны Елбасының алдында қорғады. «Тұрғын үй комбинатының құрылысы» жобасы Үдемелі индустриялық-инновациялық мемлекеттік бағдарламасы бойынша Индустрияландыру картасына енгізілді. Нысанның құны – 700 миллион теңге. Кәсіпорын толық қуатында жұмыс істегенде жылына 19500 текше метр ірі қабырғалық панель шығарады. Зауытта 100 жаңа жұмыс орны ашылады. Оған қажетті жабдықтар Германия және Ресей мемлекеттерінен жеткізілді. Кәсіпорын басшылары 2012 жылы несие қаржы мәселесін шешті және жоба жасады. 2013 жылы Тұрғын үй комбинатын «БиномСтройДеталь» ЖШС ауласында салуды қолға алды. Оның құрылысы біржарым жылда толық аяқталды. Таяуда кәсіпорында алғашқы ірі қабырғалық панельдер шығарыла бастады. Тамыз айында күнделікті 25-30 панель құю көзделуде. Тұрғын үйге қажетті құрылыс материалының 85 пайызы осында әзірленеді. Кәсіпорын 20 пәтерлік көпқабатты үйге қажетті панельдерді бір ай мерзімде құйып шығарады. Ғимарат салынатын аумақта ол тек құрастырылады. Бұған екі апта уақыт кетеді. Шатырын қоса есептегенде осындай бір үй небәрі екі айда пайдалануға беріледі. Тұрғын үй комбинатының материал өндіруші құрылысшылары баспананы құрастырып, толық бітіріп, иесіне кілтін ұстатады.

Бұл әдістің артықшылығы көп

Биномдықтар тұрғын үйге қажетті материалдарды өндіру кезінде облыстың ауа райын ерекше ескерген. Ені 32,5 сантиметр қабырғалық панельдің 16 сантиметрін бетон, ортасындағы 10 сантиметрді жылытқыш материал және қалған 6,5 сантиметрді қорғаныш материалды құрайды. Біріншіден, мұндай материалмен салынған нысан аса қысқа мерзімде пайдалануға беріледі. Екіншіден, сылау, әрлеу жұмыстары болмайтындықтан құрылысты ауа райының кез-келген жағдайында, жыл-он екі ай бойы жүргізуге болады. Материал өзімізде өндірілгендіктен құны 15 пайыз төмен болады. Құрылыстың сейсмоберіктігі 8-9 баллға есептелген. Пәтерлердің бағасы да қолжетімді. Осындай әдіспен салынған баспананың әрбір шаршы метрінің құны 90-100 мың теңгеден аспайды. Мемлекетіміз де қолжетімді баспана салу үшін мердігерлерге осындай баға ұсынып отыр. Әйтсе де мұндай бағаға көптеген мердігерлер құрылыс жүргізуге тәуекел жасай бермейді. Мәселен, өткен жылы біраз мердігерлер мемлекеттік сатып алу конкурстарында шығынға ұшырамау үшін көпқабатты тұрғын үй салудан бас тартты. Демек, уақыт тұрғын үй мәселесін шешу үшін осындай әдісті кеңінен қолдануды талап етеді. Таяуда Тұрғын үй құрылысы комбинаты зауытын қабылдаған мемлекеттік комиссия оның сапасына жақсы баға берді. «Бином Group» жақында Тараздағы «Арай» мөлтек ауданында ірі қабырғалық панельдермен 40 пәтерлі екі тұрғын үйдің құрылысын салуды қолға алады. Оларды жыл аяғына дейін пайдалануға беру көзделуде. Зауытта шығарылған материал «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында Тараз қаласының шығысында, Қызыл Жұлдыз ауылының жоғары жағында салынатын жаңа мөлтек аудан құрылысына қолданылады. Бұған қоса биыл Тараз қаласындағы Былғары аяқ киім комбинаты маңында бес қабатты 20 пәтерлік төрт үй салынады. Жобада ғимараттардың сәулеттік келбеті сәнді болуы ерекше ескерілген. Әлбетте, алғашқы кезде жаңалыққа әркімнің де жатырқай қарары сөзсіз. Ірі қабырғалық панельмен салынған үйлердің артықшылықтарын көрген тұрғындар келешекте осындай пәтерлерде тұруға ұмтылатыны сөзсіз. – Тұрғын үй комбинатында шығарылатын қабырғалық панельдерді келешекте облыс аумағында құрылыс салатын мердігерлерге де өткеретін боламыз. Зауытты келесі жылы толық қуатында жұмыс істету көзделуде, – дейді «Бином Group» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары Уәлихан Жұмабаев.

Тапқан табыс өндірісті жаңартуға жұмсалуда

Жалпы, бүгінде компанияда тұрақты – 300, ал, еншілес кәсіпорындарда 100-ден астам адам жұмыс істейді. Жазда жұмысшылардың саны 500-ге дейін жетеді. Кейінгі кезде серіктестіктің материалдық-техникалық базасының нығаюына байланысты олардың айлық жалақылары жыл сайын өсірілуде. Қазір мұнда орташа жалақы – 100 мың теңге. Кәсіпорын тапқан табысын негізінен өндірісті жаңартуға жұмсауда. Соның нәтижесінде техника саны жүз бірліктен асқан. Олардың 80 пайызы – жаңа. Мұнда кадр тұрақтамаушылығы жоқ. Құрылысшылардың 20-30 жылдық еңбек өтілдері бар. Кәсіпорын басшылары білікті мамандарды негізінен өздерінде оқытып, тәрбиелейді. Түскі үзіліс кезінде олар біліктілігін арттыру курстарынан өтеді және техникалық қауіпсіздік дәрістерін тыңдайды. Сабаққа белсенді қатысқан және еңбегімен ерекше көзге түскендерге арнайы кәсіптік диплом беріледі. Компанияда сапа менеджменті жүйесі енгізілген. Шығарылған құрылыс материалдарының барлығы сертификатпен сатылады. Құрылыс салуда және материалдар шығаруда жаңа технологияларды кеңінен енгізу олардың әлеуетін де арттырып келеді. Серік Олжабеков компанияның жылына 4 миллиард теңгенің құрылыс-құрастыру жұмысын игере алатынын нық сеніммен айтады. Іс тетігін қашанда кадрлар шешеді. Ортақ табысқа кәсіпорын бас директорының бірінші орынбасары Уәлихан Жұмабаев, «Бином» ЖШС директоры Мәди Изенбаев және бас инженері Кеңесхан Аралбаев, «Биномводстрой» ЖШС директоры Данияр Олжабеков, «БиномСтройДеталь» ЖШС директоры Сергей Поздняков және бас инженері Қуат Баққараев үлкен үлестерін қосып келеді.

Қайырымдылық – өте сауапты іс Республикалық «Парыз» байқауы әлеуметтік жауапкершілікті, бизнес жобалар мен бағдарламаларының дамуын жүзеге асыратын компаниялардың стандарттары мен өлшемдерін қалыптастыратын, әлеуметтік тәжірибелерін, түрлі формаларын дамытатын технологияға айналды. Мұндай мемлекеттік маңызды шараға біздің облысымыздан «Бином Group» ЖШС да белсене қатысуда. 2010 жылы жұмысшыларына материалдық, қайырымдылық және демеушілік көмекке қыруар қаржы жұмсағаны үшін «Үздік ұжымдық шарт» аталымы бойынша екінші жүлделі орынға ие болды. «Қазақстанның үздік тауары» аймақтық конкурсында жыл сайын жүлделі орындарды иеленіп келеді. Бұл марапат биномдықтарды жаңа жетістіктерге жетуге жігерлендіруде. Кәсіпорында жұмыс істейтін біраз мамандар облыстағы шалғай аудандардың тұрғындары. Олардың алаңсыз әрі өнімді жұмыс істеуі үшін жағдай жасалуда. Шалғай аудандардан келген жұмысшылар жатақханада тұрады. Ауысыммен жұмыс істейтін жұмысшылар күнделікті үш мезгіл тамақпен қамтамасыз етілген. Берілетін тамақ құнының 50 пайызы кәсіпорын есебінен өтеледі. Құрылысшыларға тұрақты жұмыс киімі беріледі. Олар демалыс алған кезде шипажайларда денсаулықтарын сауықтырады. Оның ақысы кәсіпорын есебінен өтеледі.

Суреттерде: компания басшысы Серік Олжабеков; бас директордың бірінші орынбасары Уәлихан Жұмабаев кезекті жұмыс жоспарын талқылауда; тұрғын үй комбинаты зауытында өндірілген өнімдер.

Ақылжан Мамыт,  «Ақ жол».

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.