Жаңа модель денсаулық
Жаңа модель денсаулық
Саласының ілгерілеуіне жол ашады
Дамыған мемлекеттерде қолданысқа енген медициналық сақтандыру жүйесінің тиімділігі әлемдік тәжірибеде дәлелденген. Сондықтан бұл – уақыт талабына сай енгізіліп отырған жүйе. Өйткені сақтандыру денсаулық сақтау саласын одан әрі ілгерілетеді.
Бұған дейін бұл жүйе отандық медицинада қолданысқа енгізілген болатын. Қазіргіден айырмашылығы – медициналық сақтандыру ерікті түрде жүргізілгенінде. Енді міне, елімізде міндетті сақтандыру жарналарын төлеу басталғалы отыр. Бұл өз кезегінде сала ісіне едәуір серпіліс әкеліп, бірқатар талаптар мен стандарттарды өзгертері анық. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауына сәйкес, әрбір адамға шұғыл және шұғыл медициналық көмек көрсету, сондай-ақ қоғам үшін маңызды ауруларды мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ететін тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің жаңа моделі әзірленуі – соның дәлелі. Жаңа модель жүйе толық жұмыс істей бастағанда қолданылатын болады. Сондай-ақ міндетті медициналық сақтандыру шеңберіндегі қызметтер пакеті де әрбір адамның өмір сүру сапасын жақсартуға және болашақ ұрпақтың денсаулығын қорғауға бағытталады. Бір сөзбен айтқанда, шұғыл араласуды және елеулі мемлекеттік реттеуді талап ететін барлық жағдайлар тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі есебінен жүрсе, осы тегін көмектің көлемінен асып түсетін қосымша қызметтердің ақысы – сақтандыру жүйесі арқылы жиналған жарнаның есебінен. Амбулаторлық деңгейде тегін дәрі-дәрмектер тегін кепілдендірілген көмек көлемі шеңберінде қарқынды бақылауға алынатын емделушілерге беріледі. Бұл тізімге әлеуметтік маңызы бар науқастар да бар. Ал кепілді көмек тізбесіне енбеген ауруларға арналған дәрілік заттар сақтандыру жүйесі арқылы қамтамасыз етіледі. Мемлекет тегін медициналық көмекке кепілдік береді. Жедел жәрдем және санитарлық авиацияның қызметі осы тізбеге енген. Сондай-ақ «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмекке құқығы жоқ тұлғаларға, әлеуметтік маңызы бар емделушілерге амбулаториялық-емханалық көмек, қоғам үшін қауіп төндіретін науқастарға бастапқы медициналық-санитарлық көмек және мамандандырылған мамандардың бағыты бойынша консультативтік-диагностикалық көмек тегін көрсетіледі. Негізі стационарлық медициналық көмек уәкілетті орган айқындаған тізбеге сәйкес әлеуметтік маңызы бар науқастарға, қоғамға қауіп төндіретін ауруларға көрсетілетіні белгілі. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек маманы немесе медициналық ұйым алдын ала айқындалған ауруханаға жатқызудың жоспарланған саны шегінде, ал шұғыл көмек белгілері кезінде арнайы жолдамаға қарамастан қызмет көрсетуге міндетті. Әлеуметтік мәні бар және қоғам үшін қауіпті ауруларға, уәкілетті орган айқындаған тізімге сәйкес бастапқы медициналық-санитариялық көмек маманы немесе медициналық ұйымның нұсқауымен стационарды алмастыратын көмек беріледі. Сонымен қатар профилактикалық егу де тегін көрсетілетін көмектердің қатарында. Тұрғындарға уәкілетті орган белгілеген тізбе бойынша қоғам үшін қауіпті аурулар, әлеуметтік маңызды ауруларға медициналық көмектен басқа міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде амбулаторлық-емханалық қызмет көрсетілуі тиіс. Алғашқы медициналық-санитариялық және санитарлық көмек бойынша маманның берген жолдамасына қарай консультациялық-диагностикалық және мамандандырылған мамандар көмегі ұйымдастырылады. Сондай-ақ дәрігердің нұсқауы бойынша амбулаторлық дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етіледі. Стационарлық көмек ауруханаға жатқызуға жоспарланған науқастар санының шеңберінде маманның немесе медициналық ұйымның жолдамасы бойынша жоспарлы түрде жүргізіледі. Тиісінше шұғыл медициналық көмек қажет болған жағдайда жолдаманың бар-жоқтығына қарамастан жоғары технологиялық медициналық қызметтер көрсетілуі қажет. Осылайша отандық медицина науқастарды пассивті диспансерлеу саясатынан белсенді динамикалық бақылау жүйесіне көшуді жоспарлап отыр. Бақылаудың бұл түрі емделушілердің тікелей қатысуы арқылы жүзеге асады. Яғни пациент емхана дәрігерімен бірлесіп, өз денсаулығын күн сайын бақылап отыруы тиіс. Жүйенің бұл түрі жақсы нәтиже берері анық. Өйткені ол тиімділігі төмен диспансерлеу жүйесіне қарағанда аурудың асқыну, мүгедектіктің көбею қаупін төмендетеді. Емделуші белсенді бір өмір салтын ұстанып, дәрігер жазып берген дәрі-дәрмектерді уақтылы қабылдап, денсаулық жағдайын бақылап жүруі тиіс. Мысалы, қан қысымын, қандағы глюкоза мөлшерін, салмағын өлшеп, дәрілерді тұрақты ішіп тұруы керек. Тағы бір айта кетерлігі, динамикалық бақылауға алынған науқастар бұрынғыша диагностикалық қызметтердің негізгі түрлері мен салалық дәрігерлер консультациясын да тегін ала алады. Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылы 29 тамыздағы №666 бұйрығына сәйкес амбулатория деңгейінде дәрі-дәрмекпен қамту да тоқтатылмайды. Осы шаралардың бәрі ауруды бақылауда ұстап, оның асқынып кетуіне жол бермейді. Егер науқастың созылмалы дерті асқынып, ауыр жағдайға душар болса, тиісті медициналық көмек мемлекет есебінен тегін көрсетіледі. Бұл – диспансерлеу тізімінен алынып, динамикалық бақылауға өткен созылмалы ауруы бар емделушілер мемлекет қамқорлығынан қағылмайды деген сөз.
Мавлюда БОКАЕВА, КЕ АҚ «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» облыс бойынша филиалының директоры.