Экономика

Жуалының диқандары егінге орақ салды

Жуалының диқандары егінге орақ салды

Алғашқы өнім түсімі гектарына 23,7 центнерден айналуда Жуалының жер емген диқандары алқаптардан дән жинауға кірісті. Ауданда алғашқы болып егінге орақ салғандар «Темірбеков», «Балжан», «Жаңаталап», «Құндыз» және «Дәулет» шаруа қожалықтары. Жетітөбе, Ақтөбе және Күреңбел ауылдық округтерінің қамбалары бұйыртса дәнге толады деген үміттеміз. Ағымдағы жылы ауданда барлығы 33723 гектарға дәнді дақылдар себілген. Оның ішінде күздік бидай 11400 гектарды, арпа 22323 гектарды құрап отыр. Ал өткен жылы 12 мың гектарға күздік, 130 гектарға жаздық бидай, 21260 гектарға арпа себілген болатын. Ораққа түскені 33390 гектар егіс алқабынан барлығы 77130 тонна дән жиналды. Гектарға шаққанда аудан бойынша орташа өнім 23,1 центнерді құраған. Жуалылық шаруалар биыл да осы үдеден көрінуді көздейді. Жалпы ауданда осы жылғы егін орағына 101 комбайн қатыспақ. Тасымал жұмысына 125 техника тартылмақшы. Алғашқы күнгі жиын-терінге онға жуық комбайн шығып, 100 гектар егістіктің дәнін жинады. Сол күнгі дәннің түсіміне қарап мамандар биылғы өнім жаман болмайды деген болжам жасады. Яғни әр гектардан түскен өнім 23,7 центнерден айналған. Қазір жоғарыда айтқан шаруашылықтардың ішінде жұмысы қызу жүріп жатқаны – Ақтөбе ауылдық округіндегі «Жаңаталап» шаруа қожалығы. Қожалықтың иелігінде 1300 гектар егіс алқабы бар. Оның 160 гектары арпа, 80 гектары бидай, 25 гектары күнбағыс, 45 гектары қант қызылшасы, 40 гектары картоп, өзгесі көпжылдық шөп. Шаруашылық бүгінгі таңда 50 гектар егіс алқабын жаңбырлатып суғарып отыр. «Ауданда жылда егінге орақты бірінші болып біз саламыз. Биыл да сол дәстүрден жаңылмай орақты бастап кеттік. Комбайндарымыз жарап тұр. Кешелі бері 70 гектардың арпасын жинап, қырманға төктік. Биыл да өнім жаман болмайды деп ойлаймын», – дейді шаруашылық жетекшісі Бауыржан Тәжіхан. Иә, «Баптай білсең – жер жомарт» деген халқымыздың даналығын жете түсінген жуалылықтар жердің жомарттығын мүмкіндігінше пайдалануда. Ол туралы аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Сәбит Нұрлыбаев тілге тиек етті. – Биыл өнім жақсы болатын түрі бар. Өйткені былтырғыға қарағанда жерде ылғал көп. Өткен жылы әр гектарынан орташа өнім 23,5 центнерден айналса, биыл аудан бойынша орташа өнім 23,7 центнер болады деп жоспарлап отырмыз. Бүгінгі таңда егін орағы ауданда жаппай басталмаса да, Жетітөбе, Ақтөбе мен Күреңбел ауылдық округтерінің кейбір шаруа қожалықтары егінге орақ салып үлгерді. Қазір ораққа түскені жүз гектарға жуық алқап. Диқан қауымы төрт-бес күнде жиын-терінге толық кіріспек. Алда аудан шаруалары бітік өскен егіс алқаптарынан жиналған дән қамбаны еселеп толтырады деп үміттеніп отырмыз, – дейді ол. Марат ҚҰЛИБАЕВ, журналист. Жуалы ауданы.