Жерлес жеңімпаздар марапатталды
Жерлес жеңімпаздар марапатталды
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы соңғы онкүндікте толайым табысқа жеткен жас спортшылар мен олардың жаттықтырушыларын марапаттау рәсімін өткізді. Самбо күресінен Ташкент қаласында өткен Азия чемпионатында өңіріміздің құрама командасы 4 алтын, 2 күміс, 1 қола медальдарды иеленіп келсе, Тараз қаласында өткізіліп, күні кеше мәресіне жеткен республикалық VІІ жазғы спартакиадада облысымыздың өрендері командалық есепте І орынды жеңіп алған болатын. Ал, спортшы Нышан Өмірәлі Ресей Федерациясы, Мәскеу қаласында мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында өткен пара-таэквондодан Әлем чемпионы атанды.
– Соңғы кездері, әсіресе, самбодан үлкен жетістіктерге жете бастадық. Спорттың бұл түрін меңгерген спортшыларымыз әлі де талай биікті бағындырады деп сенеміз. Ал, жақында ғана қаламызда өткізілген бокстан 1997-1998 жылы туылған мектеп пен колледж оқушылары арасындағы VІІ жазғы спартакиадада оқушыларымыз үздік өнер көрсетті. Қанжығамыз 9 бірдей алтынмен, 3 күміспен, 8 қоламен майланды. Тұңғыш рет арамыздан пара-таэквондодан әлем чемпионы шығып отыр. Осы жетістігіміздің барлығы олардың үлкен жігерімен, Отанға, ұлтқа деген үлкен сүйіспеншілігінің де жемісі. Әрі оларға бағыт-бағдар берген жаттықтырушылардың да еңбегі ерен, – деген дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Гамлет Қайнарбеков жарыстарда жеңімпаз атанған спортшылар мен олардың жаттықтырушыларын облысымыздың спорт саласын дамытуға қосқан үлестері үшін арнайы дипломдармен марапаттады. Сондай-ақ, жаттықтырушы Досберген Тамбиев те өз кезегінде басқарма басшылығына алғысын білдіріп, мұндай жылы қабылдаулардың жастарға үлкен демеу, күш-қуат беретінін жеткізді.
Гүлжан РАХМАН, «Ақ жол».