Жаңа бастама мен қолжетімді баспана
Жаңа бастама мен қолжетімді баспана
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Президенттің 5 әлеуметтік бастамасы» халықты баспанамен қамтамасыз етуге, жастардың білім алуы және жатақханамен қамтуға зор мүмкіндік береді. Ал оны жүзеге асыруда аймақтарға артылатын міндеттің жүгі салмақты. Елбасының әлеуметтік бастамаларына қолдау білдіру мақсатында облыстық әкімдікте өткен жиынды облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев ашып, жүргізіп отырды. Еркебұлан Әбілханұлы: «Мемлекет басшысы әлеуметтік саланы жаңғыртуға бағытталған 5 бастамасын ұсыну арқылы еліміз үшін өзекті, әлеуметтік салаға жаңа серпін беретін шараларды іске асыруды жүктеді. Елбасымыз ұсынған бастамалардың барлығы да маңызды. Әсіресе «7-20-25» бағдарламасы қаншама адамдарға тұрғын үйге қол жеткізуге мүмкіндік беріп отыр. Енді сол бағдарламаға нақты тоқталып, атқаратын жұмыстарымыздың бағыт-бағдарын айқындап алуымыз қажет», – деді өз сөзінде. Бұдан кейін сөз алған ҚР Ұлттық Банкі Жамбыл филиалының директоры Евгений Шарыгин жиналғандарға «7-20-25» бағдарламасының талаптарын кеңінен түсіндіріп берді. Оның айтуынша, бүгінгі күні өңірімізде екінші деңгейлі «Центр Кредит» және «АТФ» банктері Президенттің бастамасымен берілетін тұрғын үйлерге қол жеткізгісі келетін тұрғындарға қолдау білдіріп отыр. Ал «Баспана» ипотекалық компаниясы басқарма төрағасының кеңесшісі Қасымбек Мәліков Елбасының әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру бастамасына сәйкес қазіргі таңда барлық өңірлерде келелі жиындар өтіп жатқандығын тілге тиек етіп, аймақтағы атқамінер азаматтарға өз ұсынысын жеткізді. «Елбасы ұсынған бастамамен дәл қазіргі уақытта тұрғын үйге қол жеткізгісі келетіндердің қарасы көп. Алайда олар белгілі бір деңгейдегі кедергілерге ұшырап жатыр. Мәселен тұрғындар банкке барса мердігерге, мердігерге барса әкімдікке сандалып, табанынан тозып жүр. Сол себепті жергілікті атқарушы билік тарапынан осы мәселені шешуге көңіл бөлінсе екен. Әкімдік пен банк қызметкері де, мердігер де бір жерде отырса мұндай кедергілер болмас еді», – деді ол. Жиын соңында Еркебұлан Дауылбаев Елбасы бастамасының бағыты бойынша жасалатын жұмыстар аймақтағы құрылыс нарығына үлкен серпіліс әкелетінін, осылайша пәтер кезегінде тұрғандардың мәселесі рет-ретімен шешілетінін, ол үшін жауапты мамандар жұмыстың алға басуы үшін жүйелі жоспар құру керектігін айтты.
Есен ӨТЕУЛИЕВ