Саясат

Аудан тойы – аймақ қуанышы

Аудан тойы – аймақ қуанышы

Әр дәуірдің өз қаһар­мандары болады. Байзақ жері – қазақ-жоңғар соғысында ерліктерімен ел есінде қалып, есімдері ұрпақтан-ұрпаққа аңыз болған, 1730-40 жылдары жауына арыстанша атылған, Абылайдың жан серігі атанған Мәмбет Күнбасұлы, Сеңкібай би Қабанбайұлы, Қосы батырдың кіндік қаны тамған өлке. Алпысқа тарта тоған қаздырып, халқын отырықшылдыққа баулыған Байзақ датқа, әділ би атанған Мәдімар Райымбекұлы, жаужүрек Ақмола батыр, Кеңес Одағының Батыры Ақәділ Суханбаев, Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасов, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіров осы өңірде дүние есігін ашқан. Қоғам қайраткерлері Сыдық Абланов, Намазбай Ақшабаев, Жақаш Мамыров сынды тұлғалардың есімдері ел есінде. 1938 жылдың 4 ақпанында Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитетінің №89 қаулысымен Мирзоян ауданынан жаңа аудан болып бөлініп шыққан. Сол кездегі саясаттың ауанымен Яков Свердлов есімі берілгенімен, еліміз тәуелсіздік алысымен – 1995 жылдың 20 желтоқсанында Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың №2696 Жарлығымен осы өңірдің перзенті, халқын қоқан хандығының тепкісінен азат ету жолында қаза тапқан Байзақ датқаның есімі берілді. Қысы жұмсақ, шұрайлы да нулы аймақтың басты саласы – ауыл шаруашылығы. Егін және мал шаруашылығы қатар жүргізілетін өңірде көне тарихтан сыр шертетін Барысхан (ХV-ХІХ ғғ.), Түймекент (VІІІ-ХІVғғ.), Оххум (ХІХ-ХІІғғ.) қалалары, Қостөбе қалашығы (VII-XIIғғ.) орын тепкен. Әр жылдары қант қызылшасынан, картоптан рекордтық өнім алған 20-дан аса Социалистік Еңбек Ері, ел басқарған айтулы тұлғалар, ғылым мен мәдениетте, өнер мен спортта табысқа жеткен, биік белестерді бағындырған тұлғаларымен мақтанады. Аудан орталығындағы «Батырлар аллеясында» ел мақтанышы саналатын азаматтардың бейнелері қашалып салынған. Байзақ баба есімімен аталатын ауданның халқы 104 мыңға жетіп, бүгінде өсіп-өркендеу үстінде. Өндірілген өнім көлемі артып, халықтың тұрмысы жақсарып келеді. Бірлікті ту еткен өлкемізде отыздан астам ұлт өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешіп, ел игілігі жолында тер төгуде. Биыл ауданның құрылғанына 80 жыл толып отыр. Аудан тойы – аймақ қуанышы. Дүбірлі тойды өз дәрежесінде өткізу мақсатында ардагерлер және қоғамдық кеңестер, этномәдени орталықтың жетекшілері тұрғындарға Үндеу тастаған болатын. Осы Үндеуді қолдаған жомарт азаматтардың бастамасымен «Сенім-Байзақ» қоғамдық қайырымдылық қорына түскен қаражат есебінен бүгінде баба кесенесінің маңына электр жарығы мен ауызсу тартылды. Кесенеге баратын биіктігі 80 метр баспалдақ салынып, екі жағына гүлдер егілді. Сонымен қатар кесене төңірегінде өсіп тұрған тал-дарақтар ретке келтіріліп, жас ағаштар отырғызылды. Жалпы өңіріміздің даңқы мен айбынын асырған тұлғалардың еңбегін, елі үшін жасаған игілікті істерін кейінгі ұрпаққа үлгі ету мақсатында қолға алынған тірліктер көңіл қуантады. Олай болса, ауданның мерейтойын лайықты өткізуге біркісідей үлес қосайық дегім келеді. Айбала Тілеуханова. Байзақ ауданы.