Жаһан

Елордадағы «Әлжан ана» мешітінде мінәжат етушілер саны артуда

Елордадағы «Әлжан ана» мешітінде мінәжат етушілер саны артуда

Астананың әуежайына апарар жолда менмұндалап тұрған «Әлжан ана» мешітінің ашылғанына санаулы уақыт қана өтсе де, бүгінде мұндағы жамағат саны күн санап артып келеді. Мың жарымға жуық мұсылман баласына арналған құлшылық үйі «Пригородный» аймағының тұрғындарының көзқуанышы, жүрек медетіне айналған. Намазға жиналатын қауым мен ауызашарда бас қосатын халыққа қарап, мешіттің тыныс-тіршілігі өз арнасына түскені байқалады. Жуырда ашылған мешіттің бас имамдығына тағайындалған Ермек Мұқатайдың айтуынша, Астанаға ат басын бұрған қонақтар мен сапар шегуші ел азаматтары жол бойындағы өзіндік шығыс стилінде көзді тартатын мешітке қадам басып, Құран оқытып, дұға етеді. «Алладан амандық тілеп, сапар алдында арнайы мешітімізге бас сұғатын ізгі ниетпен келушілер көбейіп келеді. Ал жұма күндері мешітіміз жамағатпен көркейеді», - деген бас имам жаңа мешіттің ашылғанына әсіресе, осы аймақ тұрғындарының қуанышты екендігін жеткізді. Кешегі өткен ауызашарда жамағатты қуана күткен жарқын жүзді найб имам Дәурен Жақыпжан құлшылық үйінің ел игілігіне айналып, мешіт тынысының кеңейіп келе жатқандығын айтты. «Өздеріңіз байқап отырған боларсыздар, қала сыртындағы мешітке «Пригородный» тұрғындарымен қатар, елордалықтар да арнайы келіп, намаз оқып жатыр. Ал ауызашар дастарханы бізде күнделікті 80-100 адамға жайылады. Бүгін 120 адамға арнап жасаудамыз», - дейді найб имам. Сондай-ақ ол арнайы алдырған қаридық Құран хатым түсіріп, жамағатқа қызмет етуде екенін атап айтты. Қадірлі айда есігін айқара ашқан «Әлжан ана» мешіті елорданың айшықты құлшылық үйіне айналып, ауызы берік жандар мұнда әр күн ауыз ашып, тарауих намаздарын оқып тарқасуда.

Ақпарат көзі: www.kazinform.kz