Путинге футболдан ӘЧ өткізу эстафетасы табысталды
Путинге футболдан ӘЧ өткізу эстафетасы табысталды
Рио-де-Жанейродағы "Маракана" стадионында футболдан әлем чемпионатын ұйымдастыру мәртебесі Бразилиядан Ресейге берілді. Келесі әлемдік турнир 2018 жылы көршілес елде өтетін болады. Мәліметтерге сүйенсек, салтанатты шараға Бразилия президенті Дилма Русеф, РФ президенті Владимир Путин және Халықаралық футбол қауымдастығы федерациясының (ФИФА) басшысы Йозеф Блаттер қатысты. ФИФА президенті қол қойылған турнирді өткізу құқығын беретін сертификатпен таныстырды, ал Русеф пен Путин ресми футбол доптарына қол қойды. «Бразилиядағы әлем чемпионаты рухани бірліктің, адамдар арасындағы байланыстың, дискриминацияға қарсы күрестің қаншалықты маңызды екенін көрсетті», - деді Блаттер. - Бұл сонымен бірге келесі елге деген жауапкершілікті арттыра түседі. Ресей ол міндетті орындап, 2018 жылы есте қалатын чемпионат ұйымдастыратынына сенемін". "Бразилия әлемдегі ең ірі футбол турнирін өткізгенін мақтан тұтады. Соңғы 30 күнде барша әлем Бразилияға жіпсіз байланды. 12 қалада өткен бәсекелер сан алуан әсер қалдырды. Ресейге 2018 жылғы футболдан әлем чемпионатын ұйымдастыру ісіне сәттілік тілеймін",- деп қосты Русеф.
Ақпарат көзі: www.kazinform.kz