- Advertisement -

Жасампаз жобаның жетістігі

104

- Advertisement -

Биыл нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында жалпы көлемі 12,9 миллиард теңге қаражат бөлінген. Оның ішінде: республикалық бюджеттен – 5,3, жергілікті бюджеттен – 7,6 миллиард теңге бөлініп, 16 482 адамды бағдарламамен қамту жоспарлануда.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Мәріпбек Шәкербек айтып берді. Оның айтуынша, биыл аталған бағдарламаның 1-бағыты аясында жергілікті бюджеттен қысқа мерзімдік курстарда 4 100 адамды оқыту үшін 1259,8 миллион теңге бөлініпті.
– Ағымдағы жылдың 1 шілдесіне дейінгі мәлімет бойынша облыс бойынша қысқа мерзімдік курстарда 41 оқыту өтуде және онда 2 890 адам 65 мамандық бойынша оқуда. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, Жамбыл облысы кәсіпорындарына жүргізілген сауалнама нәтижесінде штаттағы қызметкерлердің саны өзгеріссіз қалмақ, 26 пайызында өсім күтілуде және 2,1 пайызында қызметкерлердің санын қысқарту жоспарда бар.
Бағдарламаның 2-бағыты шеңберінде облыстық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлік негіздеріне оқытатын «Бастау бизнес» жобасын жүзеге асыруда. Оқытудың қатысушылары – кәсіпкерлік әлеуеті бар, ауылдық елді мекендерде және аудан орталықтарында тұратын жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар.
Өткен жылы жоба аясында облыста оқытуға 6 аудан ғана қамтылып, 1 125 адам білімін жетілдірді. Олардың 832 қатысушысы бизнес-жобаларын қорғап, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры, Шағын несие ұйымдары, Агро несиелік корпорация мекемелеріне қаржыландырылу үшін ұсынылды. 296 адам несие алып, өз кәсіптерін ашты. Ал биыл бұл жоба өңірдің барлық аудандарында өтіп жатыр. Жоспар бойынша 2 347 адам оқытудан өтуі тиіс, – деді Мәріпбек Шәкербек.
Жалпы осынау жасампаз жоба аясында үстіміздегі жылдың алғашқы 6 айында 1 059 адам оқыған екен. Олардың 1 014-і комиссия алдында өз жобаларын қорғап, оқытуды аяқтағаны туралы сертификаттарға ие болған.
Мәріпбек Шәкербек басқосуда сондай-ақ бизнес-жобалардың негізгі бағыттары – ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы (89%), қалған 11 пайызы – өңдеу өнеркәсібі, қызмет көрсету және сауда-саттық саласына тиесілі екенін айтып, бүгінде жаппай кәсіпкерлікті дамытуды ынталандыру үшін шағын несиелеу көлемі ұлғайтылғанын жеткізді. «Кепілдендіру және қарыздарды субсидиялау, кепілдіксіз несие беру тәжірибесі, сондай-ақ микроқаржы берілген жобаларды сүйемелдеу жүйелері дами бастады. Шағын несиелер қалаларда «Даму» қолдау қоры» АҚ арқылы, ауылды жерлерде «Агронесиелік корпорация» АҚ арқылы бөлінеді. Жұмыссыз және нәтижесіз жұмыспен қамтылған тұрғындардың кепілдікке қатысты мәселелерін шешу мақсатында шағын несиелерге кепілдік қарастырылған. Бастауыш кәсіпкерлер үшін кепілдік мөлшері шағын несие құнынан 85 пайызға дейін құрайды, ал жұмыс істейтін кәсіпкерлер үшін – 50 пайызға дейін», – деді ол.

Есен Өтеулиев

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support