Финалда Германия Аргентинаны ұтты. Осылайша неміс машинасы төртінші мүмкіндігінен әлемдік доданы жеңді. Матч алдында қазақ жанкүйерлері екіге жарылды. Біздің елде Аргентина мен Германияның фанаттары көп екеніне көз жетті. Бірі Ұлы Отан соғысы кезіндегі стереотипті сақтап «немістер жауымыз» деп оларға қарсы болса, бірі бұл елдің ойынына ғашық екені, онда Өзіл сынды мұсылманның бар екенін айтып жатты. Ал «Барселона» мен Мессидің біраз фанаты Аргентинаның тілеуін тіледі.
Қош, сонымен бір ай бойы күтіп, осы матчқа дейін талай құрамамен қоштасып үлгердік.
Шешуші матч сылбыр басталды дей алмайсыз. Қос құрама да жылдам гол салуға тырысқан. Әсіресе, немістердің қарқыны қатты көрінді. Бірақ алғашқы жиырма минутта біз қос құрама қақпасына жасалған қауіпті соққыны көрмегеннен кейін іштей 120 минут көруге дайындалдық.
Бірақ 21 минутта неміс қорғаныстың қателігінен кейін Игуаин қақпашымен бірге бір қалып, допты шірене тепкен. Бірақ доп қақпадан қиыс кетті. Игуаиннның өзі де бұл мүмкіндіктің берілгенін түсінбей қалғандай…
29 минутта Игуаин алыстан пас алып, Нойер қақпасын дәл көздегенімен, қапталдағы төреші жалаушасын көтерді. Төрешінің қызметіне мін таға алмадық. Себебі, Игуаин бұл голды офсайдтан салған еді. Өкінішке орай, отызыншы минутта Германия сапынан Крамер жарақат алып, оның орнына Шюрле шықты. Жалпы, бірінші тайм іш пыстырарлықтай болған жоқ. Қос команда алма кезек қақпа маңын торуылдап, бірнеше қауіпті соққы жасай білді. Бірақ таблодағы 0:0 есебінен мызғымады.
Екінші таймда Аргентина құрамасына тың күш қосылды. Лавессидің орнына Серхио Агуэро шықты. Төреші ысқырығы естіле сала аргентиналықтар шабуылға көшті. Месси Нойермен жеке қалып, мүлт кетті. Басқа басқа, қақпаның қанша метр екенін білетін Месси тепкен доп қиыс…
Қос ққұрама екінші таймда да шабуылға ден қойғанымен есеп аша алмады.Кейін матч қосымша уақытқа созылды.
115 минут. Дәл осы уақыт Германия құрамасына жеңіс алып келді. Сол қапталдан пас алған Гетце қақпашының ашық тұсын тапты. Гол!
Гетце соққан алтын доп «неміс машинасына» әлем чемпионы атағын алып келді. Германия әлемдік сынды төртінші рет ұтып отыр.
Әлем біріншілігінен кейін аргентиналық Месси үздік ойыншысына берілер «Алтын допты» алса, германиялық Мануэль Нойер үздік қақпашыға берілер «Алтын қолғапты» иеленді. Турнир барысында алты гол салған колумбиялық Хамес Родригес «үздік сұрмерген» атанды.
Ақпарат көзі: www.alaman.kz