Президент Үндеуі аясындағы жұмыстар ауылдардың берекесін кіргізіп, бірлігін нығайтуда

101

Елбасы Н.Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуі қазақстандықтарды кезекті рет серпілтіп тастады. Мемлекет басшысының барлық бастамалары халықты әлеуметтік тұрғыдан қолдауға бағытталып келгені белгілі. Жоғарыдағы Үндеуді де тарихи құжат деп айтуға болады. Себебі бұл халық мүддесін қорғап, әлеуметтік бірлігін, ұлттың бақуаттылығын арттыруды көздейді. Сарысу ауданының әкімі Балабек Нарбаев «Елбасы бастамалары – елдің әлеуметтік жағдайын жаңғыртатын батыл тарихи қадам» деп бағалап, осы бес әлеуметтік бастаманы сарысулықтарға жеткізу мақсатында Жаңатас қаласы мен ауылдық елді мекендерді аралап, жиындар өткізуде. Аудан әкімімен әңгімеміз де Президенттің бес бастамасы төңірегінде өрбіді.

– Балабек Жанбекұлы, аудан тұрғындарының баспана алу мүмкіндіктері қалай қарастырылуда?
– Елбасы Н.Назарбаевтың «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бастамасы – айрықша әлеуметтік маңызы бар мәселе. Бұл бағытта ауданда атқарылып жатқан жұмыстар қазірдің өзінде нәтижесін беруде. Айталық Жаңатас қаласындағы тұруға жарамсыз көп қабатты үйлер бұзылған болатын. Ал жөндеуге жарамды 20 көп қабатты үйдің жетеуі жаңартылып, тұрғындардың игілігіне берілді.
Көп қабатты үйлердің 10-ы – коммуналдық, ал 6-ауын жеке кәсіпкерлер сатып алған. Осы он коммуналдық көп қабатты тұрғын үйдің үшеуінің жобалық-сметалық құжаттары даяр. Ауданымызға облыс әкімі А.Мырзахметов келгенде, осы үйлерді жөндеуге қаржы бөлуге ұсыныс жасаған болатынбыз. Өңір басшысы келісіп, республикалық бюджеттен қаражат алып беруге көмек беретінін жеткізген. Биыл 1-мөлтек аудандағы 60 пәтерлік көп қабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өтеді. Қаражаты бөлінді. Жөндеу жұмыстары аяқталған соң, кезекте тұрған азаматтарға берілетін болады. Жуырда ғана 120 пәтердің кілті иелеріне тапсырылды. Ал кезекте тұрған кейбір кісілер кезегі келсе де, сол үйден тиісті пәтерін ала алмай қалды. Себебі оларға қалалық тұрғын үй басшылары дер кезінде түсіндіру жұмыстарын жүргізбеген.
Тұрғын үй негізінен кімдерге беріледі? Кезек бойынша әке-шешесі жоқ тұлдыр жетімдерге, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне және асыраушысы жоқ жалғызбасты аналарға және мемлекеттік қызметкерлерге беріледі. Бүгінгі таңда тұрғын үй кезегінде тұрған адамдар саны – 1800.
Жаңатас қаласында жеке меншік 6 үйге байланысты иелерімен келіссөз жүргізіп, ортақ шешімге келдік. Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
Қазір аудан үшін қайта жаңғырту жұмыстары тиімді болып отыр. Мәселен, жуырда ғана пайдалануға берілген 120 пәтерлік №34 үй жаңадан салынатын болса, оған жұмсалатын қаражат 700 миллион теңгеден асып түсер еді. Ал біз жарты бағасына, яғни 317 миллион теңге жұмсадық. Сондай-ақ Жаңатас қаласындағы алып екі кешен «ЕуроХим-Тыңайтқыш» және «Қазфосфат» ЖШС басшыларымен де кездесіп, тұрғын үй бағытында іргелі істерді қолға алмақпыз.
– Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін аудан көлемінде қандай іс-шаралар жүргізілуде?
– Елбасы жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту мәселесін өте дер кезінде көтеріп отыр. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы біршама көбейді. Дегенмен айлық кірісі төмен (сантехник, аула сыпырушы, еден жуушы т.б) жұмысшылар да жетерлік. Президент жалақысы төмен қазақстандықтардың табысын көтеру үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап, салық жүктемесін 10 есеге азайтып, 1 пайыз ғана салық салуды ұсынды. Бұл – өте құптарлық мәселе. Салықты азайтудан түскен қаржы еңбекақысы төмен жұмысшыларға төленгені дұрыс. Салықты табысы көп адамдарға көп салып, ал жалақысы төмен жұмысшыларға өте аз мөлшерде салу – өмір талабынан туындаған.
Ауданда жалақысы төмен жұмысшылардың арасында Елбасының осы бастамасын түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта да жалғасын табады.
– Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру және студенттерді жатақханамен қамтамасыз етудің маңыздылығы туралы айта кетсеңіз.
– Сарысу ауданында үш арнаулы орта білім ордасы бар. Қазір колледждердегі студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мақсатында нақты жұмыстар жүргізілуде. Елбасы Н.Назарбаевтың үшінші бастамасы – білім аламын, білімімді жетілдіремін деген талапты жастарға үлкен қолдау деп есептеймін.
Студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету – жастардың білімге деген құлшынысын арттыратыны сөзсіз. Елбасы Үндеуінде «Қазіргі жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша 2018-2019 оқу жылында тағы 20 мың грант бөлу керек» деген болатын. Бұл – Мемлекет басшысының жастарға жасап отырған қамқорлығы.
– Шағын несие беру бағытындағы жұмыстар көңілден шыға ма?
– Бүгінгі таңда әрбір отбасы, адам өзін-өзі еңбекпен қамтуы – маңызды. Ал өз ісін ашып, кәсібін дөңгелетуге ниеттілерге қолдау керек. Осы тұрғыдан алғанда шағын несие беруді көбейту халықтың болашаққа деген сенімділігін арттыра түседі. Бұл бағытта биыл қосымша 20 миллиард теңге бөлініп, шағын несиелердің жалпы сомасы 62 миллиард теңгеге жетті.
Сарысу ауданында да өз ісін ашуға мүмкіндік беретін бастама сәтті жүзеге асуда. Бұл аудандағы, әсіресе ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға серпін берері сөзсіз. Қазір аталған жеңілдікті пайдаланып, кәсіпкерлікпен айналысып жатқан жерлестеріміз баршылық. Алдағы уақытта олардың саны артатын болады.
– Елбасы бесінші бастамада елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыруды тапсырды. Бұл мәселе туралы не айтасыз?
– Елбасы Қазақстанды газбен қамтамасыз ету, өндіру 52 миллиард текше метрге дейін артқанын, алдағы уақытта елді мекендерді, қалалардың тұрғындарын 50 пайызға дейін газбен қамтамасыз етілетінін атап айтты. Еліміздің 9 облысы газбен қамтылған. Бұл Кеңес дәуірінде болмаған жағдай. Алдағы уақытта орталық, солтүстік өңірлер газбен қамтамасыз етілетін болады.
Елбасының бұл бастамасы да тұрғындарға серпін беріп отыр. Себебі аудан орталығы, елді мекендерге де 2020 жылдарға дейін газ тартылатын болады. Облыс әкімі А.Мырзахметовтің ауданға сапары аясында бұл мәселе туралы да сөз қозғалып, өз шешімін тапты. «Шаян-ЕуроХим-Жаңатас» бағыты бойынша газ құбыры тартылса, сондай-ақ Талас, Сарысудың 5 елді мекеніне, 2018-2019 жылдары Тоғызкент, Әбілда, Майлыкөл, Досбол ауылдарына газ тартылады. Жол бойынан қашықтау Шағалалы ауылы да газ құбырын өз қаражаттарымен жүргізуді жоспарлап отыр. Алдағы уақытта бұл мәселе біржақты шешілетін болады.

Сұхбатты жүргізген
Құдайберген МАМБЕТОВ.

Comments are closed.