Ел күткен бағдарлама біздің банктерде әлі қолға алынбапты
Ел күткен бағдарлама біздің банктерде әлі қолға алынбапты
Облыстық әкімдіктің мәжіліс залында облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаевтың төрағалығымен «7-20-25» ипотекалық тұрғын үй кредиттеу бағдарламасының өңірімізде жүзеге асырылуы бойынша банк өкілдерімен кездесуі өтті. Бағдарламаға байланысты Астана, Алматы, Ақтау және Атырау қалалары үшін тұрғын үй сатып алу сомасы 25 миллион теңге болса, қалған өңірлерге 15 миллион деп бекітілгені баршаға мәлім. Ол тек ұлттық валютада беріледі. Бұл үшін тұрақты, кәсіпкерлік немесе еңбек қызметімен расталған кірісі бар, меншік құқығында баспанасы және де ипотекалық қарыздары жоқ азаматтар қатысады. Ол үшін әлеуетті қарыз алушы банкке кірісінің бар екендігін растайтын құжаттарды, ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша өтелмеген берешегінің жоқтығы туралы мәлімет, тұрғын үйінің болмауы туралы анықтама, сатып алатын баспанасының құжаттарын және тәуелсіз бағалаушының бағасын ұсынуға тиіс. Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беретін аталған бастаманың ережелері мен банк пен ипотекалық тұрғын үй қарызын алушы арасында рәсімделетін осындай талаптар талқыланады деп күтілген кеңес өз деңгейінде өтпеді. Себебі үстіміздегі жылдың наурыз айында Мемлекет басшысы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуінде жария болған әрі ел үздіге күткен бағдарламаның талап-шарттары жамбылдық банктерде әлі нақтыланбаған сыңайлы. – Өтініштерді қабылдағанда және құжаттар пакеті бойынша кеңес бергенде екінші деңгейдегі банктер әлеуетті несие алушылармен сұратылатын аймақтағы бастапқы тұрғын үй нарығы бойынша ақпаратпен қамтылмаған. Одан бөлек, аймақтарда бағдарлама талаптары мен қорытындылары туралы ауқымды түсіндіру жұмыстарын ҚР Ұлттық банкінің аумақтық филиалдары бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы жүргізетін болады. Осыған байланысты әлеуетті несие алушыларды тұрғын үй нысандары туралы ақпараттандыруды қамтамасыз ету мақсатында жергілікті атқарушы органдардың тарапынан ҚР Ұлттық банкінің Жамбыл филиалына қосымша беріліп отырған үлгіге сәйкес облыстағы «7-20-25» бағдарламасы шеңберінде сатуға жататын мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде және олардан тыс салынған бастапқы тұрғын үй нарығы жөніндегі ақпаратты ұсыну бөлігінде көмек қажет, – деген Ұлттық банктің Жамбыл филиалының директоры Евгений Шарыгиннің өзі бұл жөнінде кібіртіктеп, мардымды түсініктеме бере алмады. Оған көңілі толмаған Еркебұлан Әбілханұлы Ұлттық банк өкілі халық көптен күткен «7-20-25» бағдарламасының облыста іске қосылу жүйесімен таныстырып қуантады деп есептегенін де жасырмады. Сондықтан аталмыш бастама «әкімдік – Ұлттық банк филиалы – қатысушы банк» арасындағы іс-қимыл алгоритмі бойынша жүргізіліп, ақпарат алмасу сызбасы белгіленсе деген пікірін білдірді. – Халық арасында түсіндіру және ақпараттандыру бойынша медиажоспар әзірлеу және бюджет есебінен салынған тұрғын үйлерді өткізу мәселесіне де тиісінше назар аударған жөн. Себебі бюджет қаржысы халыққа мақсатты әрі тиімді жұмыс жасауы керек, – деп, жұмыстарды бірлесе атқару жөнінде бірнеше ұсынысын айтқан облыс әкімінің орынбасары, – осыларды ескере отырып, әкімдік іс-шаралар жоспарын әзірлейді. Қажет болса меморандум қабылдайды, – деді. Жалпы бастаманың ереже-талаптары ертерек анықталса, соғұрлым халық та баспанаға ерте қол жеткізетіні айтылған жиында екінші деңгейлі банктердің де бірқатар өкілдері өздерінің ойларын ортаға салды. Дегенмен Президентіміз ұсынған керемет ұсынысты өңірімізге лайықты етіп әлі де пысықтай түсу қажеттігін айтқан облыс әкімінің орынбасары: – Алдағы уақытта Тараз қаласының әкімшілік-іскерлік орталығы 15-шағын аудан болады. Онда бірқатар маңызды нысандар салынады. Мәселен, осындай тиімді ақпараттармен, болмаса көрсетілетін жеңілдіктерімен елді құлағдандыра жүрсек, олар Астана, Алматы тәрізді қалалардан үй сатып алмай, Жамбыл жерінен баспана таңдайтын болады, – деді.
Альмира Омарова