- Advertisement -

«БАТЫР БІР ОҚТЫҚ»

247

- Advertisement -

немесе Денис Тен туралы эссе-элегия

Осыдан екі жыл бұрын ба екен, Денис баламызбен Астанада өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының салтанатты жиынында кездесіп ем. Шала-пұла орысшаммен тілімді бұрап жатып «Денис, айналайын, мен спорт жанкүйерімін, балам да сен сияқты белгілі спортшы, кел, суретке түсейік, үйге барған соң «Міне, Денис Теннің қасында тұрып суретке түстім» деп Олжасыма көрсетемін» деп, шүлдірлеп жатқаным есімде.
Байқағаным, теледидардан көріп жүрген Денисім өмірде өте нәзік екен. Құстың балапаны сияқты қанатын зақымдап алам ба деп қолынан қатты ұстауға жасқандым. «Иығына батпандай білегімнің салмағы батып кетпесе екен» деп, тек құшақтаған боп қана суретке түскен сол сарыауыз балапанымды бүгін біреулердің пышақтап кеткенін естігенде, бетімді сипап «Жатқан жері жайлы болсын!» деп күбірлеп жіберіппін.
Үйге келіп есіктің алдындағы жасыл өскінге су шашқышпен су сеуіп жүрсем Олжасым «Естідіңіз бе, Денис туралы хабарды» дейді. «Иә, оқыдым интернеттен, есіңде ме саған Дениспен бірге түскен суретімді көрсетіп мақтан­ғанымды. Бүгін, міне, сол мақтанышымызды мысықтілеу біреулер қолдары қалтырамастан пышақтап, өлтіріп кетіпті» деп, көзімнің жасын көрсетпейін деп теріс айналып кеттім.
«Батыр бір оқтық» деген.
Мұстафа Өзтүрік, Бекзат Саттарханов, Денис Тен…
Е, Алла тағала, елі мен жерінің Қазақстан деген атын, сол елдің Туын, Әнұранын және Елтаңбасын жатжұрттарға жарқырата паш еткеннен басқа ешкімге қиянаты жоқ батыр ұлдарыма қорған бола көрші!
Тіземнің буыны босап орындыққа сылқ етіп отыра кеткен менің қолымдағы су шашқышты Олжастың жәйлап қана алып жатқаны есімде әйтеуір.
Қайтейік, есті елдің ессіздері Абылай мен Абайдың да заманында болған.
Жатқан жерің жәннатта болсын, Денис балам! Сенің қасымда жымиып тұрып түскен сол суретіңді де асып-сасып таппай отырмын қазір. Бірақ…
Бірақ сол жымиған нәзік бейнең жүрегімде мәңгіге сақталып қалды… сезесің бе?

Көсемәлі Сәттібайұлы,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support