Экономика

Қос ауылға газ жеткізілді

Қос ауылға газ жеткізілді

Астана күні қарсаңында Қордай ауданының Сарыбұлақ және Степной ауылдары  газдандырылып, тұрғындар қуанышқа кенелді. Көгілдір отынды маздатқан 109 үйдің қуанышын  «ҚазТрансГазАймақ»  АҚ Жамбыл облыстық филиалының директоры Мұқан Сәдуақасов арнайы барып бөлісті.

Ол өз сөзінде «ҚазТрансГазАймақ» компаниясы жеке қаражаты есебінен «Қордай» автоматтандырылған газ тарату стансасынан (АГТС) Шу қаласына дейін жүргізілген ұзындығы 106 шақырым және диаметрі 325 миллиметр жерасты болат газқұбырын салуға бағытталған үлкен инвестициялық жобаны жүзеге асырғанын жеткізді. 2012 жылдың мамыр айында басталған құрылыс жұмыстары кесте бойынша 2013 жылдың мамырында аяқталуы тиіс болған. Алайда, қарқынды жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде «ҚазТрансГазАймақ» АҚ («ҚазТрансГаз» АҚ еншілес ұйымы) әлеуметтік маңызды нысанды 2012 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берді. Нәтижесінде, жылдық қуаттылығы 462 миллион текше метрлік «Қордай-Шу» жоғары қысымды жеткізуші газ құбыры мерзімінен бұрын іске қосылды.

– Қордайдағы қос ауылға табиғи газдың келуі осы жұмыстардың жемісі. «Қордай» АГТС-нан «Шу» бас газ тарату пунктіне (БГТП) дейінгі құбырдың газ тасымалдау қабілеті сағатына 52 895 текше метр. Қажетті газ «Бұқара-Ташкент-Бішкек-Алматы» магистралдық газ құбырынан алынуда, – деді Мұқан Сәдуақасов өз сөзінде. Сарыбұлақ ауылының тұрғыны, зейнеткер Қ.Дидебаева: «Көгілдір отынның ауылымызға кіргені үлкен жаңалық болды. Енді қыстың көзі қырауда көмір сатып алып, ағаш жарып қиналмаймыз. Бұдан үлкен бақыт жоқ» деп ағынан ақтарылды. Алдағы уақытта осы аудандағы Жамбыл, Бетқайнар, Қақпатас, Қайнар, Жаңатұрмыс ауылдары, ал, Шу ауданы бойынша Көкқайнар, Белбасар, Еңбекші, Жаңажол ауылдары да газдандырылатын болады.

Фариза Әбдікерімова, «Ақ жол».

Қордай ауданы.