Экономика

Қуаңшылыққа қарамастан

Қуаңшылыққа қарамастан

Әр гектардан 15 центнерден дән жинауда

Облыста Жамбыл ауданының дихандары астық жинауға алғашқылардың бірі болып кірісті. Науқан барысымен танысу үшін  Жамбыл ауданы, Көлқайнар ауылдық аймағына қарасты Тастөбе ауылына келдік.

50

Шілденің шіліңгір ыстығы апшыны қуырып барады. Осы қапырыққа қарамастан, егіншілер астықты алқапта күн демей, түн демей еңбек көрігін қыздырып жүр. Егін орып жүрген «Қызыл дихан» өндірістік кооперативінің «Нива» комбайны жүрісін баяулатып, алқаптың шет жағына келіп тоқтады. Осы сәтте «МТЗ-80» тракторы тіркемесін бункер науасының астына тоса қойды. Тіркеме қорабына бункерден алтын дән ақтарылды.

Кооператив төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары Жақсынбек Жамансариев, биыл шаруашылық 500 гектар алқапқа бидай, 200 гектар жерге арпа еккендігін айтты. Егін ору бесінші шілдеден басталыпты. Қазір 110 гектары орылып қойыпты. Бір күнде 15 гектар алқаптың дәні бастырылуда. Өнім гектарына 15 центнерден айналуда. Көрсеткіш былтырғыдан біршама төмендеу. Биылғы қуаңшылық күтілгендегідей өнім алуға кері әсерін тигізді, – деді Жақсынбек Еламанұлы. Шаруашылық арзандатылған бағамен жанар-жағармай алған. Алайда, алқаптағы комбайндар ескірген. Кооператив дихандары осыдан кейін 200 гектар арпаға орақ салмақ. Жұмыс уақыты таңертеңгі алтыдан кешкі сағат онға дейін. Дихандар бел шешпей еңбек етуде. Механизаторлар А.Әселов, Қ.Майлыбаев, Б.Көлбаев, М.Әбуовтың бұл істе тәжірибесі мол. Агроқұрылым еңбеккерлері бұдан бөлек тамшылатып суғару әдісі бойынша 50 гектарға пияз, 700 гектар алқапқа жоңышқа, 70 гектарына жүгері, 10 гектар жерге бақша дақылдарын егіпті. Олардың күтімі көңілдегідей.

Фариза Әбдікерімова,  «Ақ жол».

Жамбыл ауданы.