Саясат

Қордайда қордаланған мәселе көп

Қордайда қордаланған мәселе көп

Әлемдегі дамыған мемлекеттердің озық отыздығының қатарынан көрінуді мақсат тұтқан еліміздің барлық өңірлерінің өсіп- өркендеуі маңызды. Ол үшін кез келген салада ауқымды шаралар атқарылғаны қажет-ақ. Әсіресе алқалы басқосуларда түйткілді мәселелер ашық айтылып, оны шешу жолдарын қарастырғанда нақты жоспарлар ұсынылса көкейдегі көп іс тындырылып, жетістікке жетуге болады. Осыны бағамдай білген облыс әкімі Асқар Мырзаxметов жыл басынан бері жүйелі жұмыстарды қолға алғаны мәлім. Жаңа форматтағы жиналыстар, аудан әкімдеріне орындауды міндеттеген негізгі индикаторлар – соның бір айғағы. Ал бұл өз кезегінде басқарма, қала, аудан және жергілікті ауылдық округ басшыларының жұмыстарына серпін беріп, қызмет жауапкершілігін сезіндіруде. Аудандардағы жарты жылдықтың қорытындысы сараланған жиын барысында оған тереңірек көз жеткізе түсудеміз.

Қордай ауданы әлеуеті жоғары аудан. Жері шұрайлы, елі еңбекке бейім. Мұнда экономиканың кез келген саласын, әсіресе, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын барынша өркендетуге мүмкіндік мол. Дегенмен бұл бағыттағы жұмыстардың жүйесіз жүргізілуінің салдарынан ауданның аxуалы көңіл көншітерлік деңгейде емес. Бүгінде мал саны еселеп артып келе жатқан ауданда бар-жоғы бес кәсіпорын тіркелген. Сүт өңдеумен жалғыз «Куликов и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ғана айналысады. Оның өзі негізінен балмұздақ шығарумен шектеледі. 130 мыңнан астам тұрғыны бар аудан үшін бұл қаншалықты қисынды? Ағымдағы жылдың алты айының нәтижесі бойынша аудан әкімдігінде өткен басқосуда осы тектес мәселелер көтеріліп, жан-жақты талқыланды. Облыс әкімі Асқар Мырзаxметов төрағалық еткен жиында басқарма басшылары сөз алып, индикаторлық межелердің орындалу деңгейіне тоқталды. Бірінші болып баяндама жасаған облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова облыс әкімі мен аудан әкімі арасында жасалған келісімдегі 37 индикатордың 21-і бойынша мониторинг жүргізіліп, аудан есепті кезеңде 2 межені орындамағанын жеткізді. Атап айтсақ, өсімдік шаруашылығы өнімінің көлемі – 79,7, бос жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы егістік жерлерді қайта айналымға енгізу 48,4 пайызға ғана орындалған. Ал басқармалар мен аудан басшылығы арасындағы келісімге енген 163 индикатор бойынша 19 межеге қол жетпеген. Басқа да басқарма басшылары баяндағандай, Қордайда қордаланған мәселелер аз емес болып шықты. Тұрғын үйді коммуналдық меншікке өткізуде, аудандық xалыққа қызмет көрсету орталығын жаңа ғимаратқа көшіруде келеңсіздіктер орын алған. Бұл бағытта облыс әкімі Асқар Мырзаxметов ақпан айында тапсырма бергенін айтып, шаруаның сағызша созылуына жол берген тиісті бөлім басшысы мен аудан әкімінің орынбасарын қатаң сынға алды. Ауданда майлы дақылдарды егу жоспары да өз деңгейінде жүргізілмеген. Оның орнына дәнді дақылдардың егістік көлемін ұлғайттық деп ақталған аудан басшылығының индикаторлық межелі келісімге қол қоярда қажеттілікті бажайлап-сараламағаны жауапкершілікті жете сезінбегенін көрсетеді. Бірқатар шаруалардың облыс басшылығы тарапынан шешілген тегін тыңайтқышпен топырақ құнарлылығын арттырып, мол өнім алуға құлшыныс танытпай отырғаны да – осы тұрғыдағы түсіндіру жұмыстарының нашар жүргізілгендігінің салдары екендігі даусыз. Он төрт елді мекеннің қоқыс полигондарына зәру екендігі, кейбір ауылдардағы көгеріштендіру бойынша отырғызылған көшеттердің күтім көрмеуі, туризмді қарқынды дамытуға қауқарлы ауданның бұл бағытта ауыз толтырып айтар тиянақты тірлігінің болмауы да ащы шындық.

Жиында құрылыс саласындағы кемшіліктер де назардан тыс қалмады. Ағымдағы жылы ауданда 8 жобаның сметалық құжаттары бойынша әзірлеу жұмыстары басталса, оның ішінде бесеуінің мемлекеттік сатып алу конкурсы облыс әкімінің 2018 жылғы 27 наурыздағы №50 қаулысына дейін жарияланып кеткен. Алайда қаулы шыққаннан кейін де аудан тарапынан басқармадан келісім алу жұмыстары жүргізілмей, бекітілгеннен кейін де басқармадан келісім алмастан 3 жобаға мемлекеттік сатып алу конкурсы белгіленген. Ол туралы облыс әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әділет Ахатаев баяндады. – Масанчи ауылында 600 орындық мектеп құрылысы нысаны бойынша өткен жылы теріс қорытынды алынған. Бірақ жобалаушы мекемеге қатысты тиісті шаралар қолданылмады. Ал Күнбатыс-2 ауылында 150 оқушыға арналған орта мектеп құрылысының және Қордай аудандық білім бөлімінің әкімшілік ғимаратының құрылысының сметалық құнының жоғары болуына байланысты аудан өз тарапынан жобалаушы мекемемен келісім жүргізіп, аталған мекеме есебінен оңтайландыруды жүргізу керек еді. Алайда жобалаушы мекеме емес, аудандық бюджет тарапынан оңтайландыруға 4800,0 мың теңге және 5000,0 мың теңге бөлініп, жұмыс жүргізілуде. Сол сияқты Қордай ауылында «Шығыс» және «Солтүстік» мөлтек ауданының сумен жабдықтау инженерлік инфрақұрылымы құрылысының жобалық-сметалық құжаттары аяқталғанымен, қазіргі күнге дейін сараптаманың оң қорытындысы алынбаған. Аудан тарапынан жобалаушы мекемеге жобалық-сметалық құжаттары сапасыз әзірлегені үшін шара қолданылмаған, – деді Ә.Ахатаев. Айта кету керек, ауданда әлеуметтік мәселелер де жоқ емес. Ауызсу, «көгілдір отынмен» қамту шаралары да жүйелі жүргізілуде дей алмаймыз. Бұл бағытта да облыс тарапынан атқарылып, шешімін тауып жатқан жеңілдіктер қарапайым тұрғындарға дұрыс түсіндірілмегендіктен көптеген қордайлықтар ауылына тартылып, көшесінен өткен табиғи газ бен таза ауызсудың игілігін толық көре алмай отыр. Білім сапасы да, ҰБТ-ға қатысу көрсеткіші де көңіл толарлықтай емес. Алты айда оқушылар арасында сегіз құқық бұзушылық орын алса, облыс бойынша тіркелген бес өз-өзіне қол жұмсау дерегінің үшеуі, алты суға кету дерегінің екеуі осы ауданға тиесілі болып отыр. Жиын соңында облыс әкімі Асқар Мырзахметов кемшіліктер мен сылбыр жұмыстарды сынға алып, жұмысты жүйелеуді, сол бойынша тиісті шаралар атқаруды қатаң тапсырды. Сонымен қатар жарты жылдықтың қорытындысына сәйкес ұсыныстар бойынша шешім қабылданатынын жеткізді.

Жанғазы Ахмет Суретті түсірген Алтынбек Қартабай.