Еңбексіз өмір жоқ, ауырсыз жеңіл жоқ
Еңбексіз өмір жоқ, ауырсыз жеңіл жоқ
Биліктің басты мақсаты – әлеуметтің әлеуетін арттыру
Кеше облыстық әкімдікте облысымызға жұмыс сапарымен келген еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасын жүзеге асырудың 2014 жылдың бес айының қорытындылары бойынша облыс әкімдігі басқармалары басшылары, қаржы институттарының өкілдері, Тараз қаласы мен аудандар әкімдерінің орынбасарлары, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің басшылары, жұмыспен қамту орталықтарының директорлары және ауылдық округ әкімдерімен кездесу өткізді. Басқосуды облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев ашып, ең әуелі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыспен қамту департаменті директорының міндетін атқарушы Балжан Шәменоваға сөз берді.
Хабарламашы кездесуге қатысушыларға республикалық «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасының облыста орындалу барысы туралы қысқаша ақпарат берді. Оның айтуынша ағымдағы жылдың бастапқы бес айында аумақта бағдарламаға қатысуға өтініш білдірген 3093 адам әлеуметтік келісімшартқа қол қойыпты. Жыл басынан бергі аралықта бағдарламаны іске асыру шеңберінде 2782 адам жұмысқа орналастырылған. Олардың 945-і тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етілген. Бұл — 2014 жылдың бірінші қаңтарында облыста тіркелген 28757 жұмыссыз адамның 3,2 пайызын құрайды.
Бағдарламаның «Инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен жұмыспен қамтамасыз ету» бағыты бойынша үстіміздегі жылы облыста 2 миллиард 644 миллион теңге қаржы бөлініп, соның негізінде 83 жобаны іске асыру және 1660 жұмыс орнын құру көзделген екен. Маусым айының біріне дейін 60 жобаны іске асыру қолға алынып, 1204 адам жұмысқа орналастырылыпты. «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы жүзеге асырыла бастағалы бері бағдарламаның «Кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыс орындарын құру және тірек ауылдарды дамыту» деп аталатын екінші бағыты бойынша аумақта 1340 адам кәсіпкерлік негіздерін оқыту курстарынан өтіп, олардың 809-ы жеке істерін ашыпты. Бағдарламаға қатысушылардың 944-і шағын несие алған. Олар жаңадан 724 жұмыс орнын ашып, жұмыссыздар қатарының азаюына септіктерін тигізіпті. Алайда, бағдарламаның осы бағыты бойынша биыл Тараз қаласы мен аудандарда оған қатысушыларға шағын несие беру мәселесі баяу шешімін табуда. Хабарламашы бағдарламаның басқа да бағыттарының іске асырылу барысына және аумақтағы еңбек нарығындағы өзгерістерге, жалдамалы қызметкерлер санының артқандығына және ауыл жастары арасындағы жұмыссыздықтың төмендегендігіне тоқталды. Бұдан кейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова сөз алып, «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша облысқа бөлінген қаржыны тиімді пайдалану қажеттігін, бұл ретте, жергілікті өкілетті органдар мен өңірлерде құрылған жұмыспен қамту орталықтарына үлкен жауапкершіліктің жүктелетіндігін атап көрсетті. Бүгінде, облыста он бір жұмыспен қамту орталығының жұмыс істейтіндігін, оларда 136 штаттық бірліктің ашылғандығын, егер әр қызметкер өзі штатында қызмет істейтін орталық орналасқан аумақта жүздеген әрқилы әлеуметтік топтағы адамның әлеуметтік келісімшарт жасасу арқылы еңбекпен қамтылуына ықпал ете алса, онда мемлекеттің діттеген мақсатының орындалғандығы болып табылатындығын айтты. Тамара Қасымқызы Елбасының тапсырмасы бойынша Үкімет қабылдап бекіткен бағдарламаның мақсаты мен мәніне, осы орайдағы жергілікті атқарушы биліктің міндеттеріне тоқталды. Бағдарламаның бағыттары бойынша атқарылуға тиіс кешенді жұмыстарға жеке-жеке тоқталып, міндет үдесінен шығу үшін мүмкіндігінше адамдарды тұрақты жұмыс орнымен қамтуға, олардың еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға таңдау жасауына ықпал етуге, ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту үшін берілетін жеңілдетілген несиелердің қайтарымы мол болуын назарда ұстауға, өңірлердегі жұмыспен қамту орталықтарының жұмыс тиімділігін арттыруға күш жұмылдыру қажеттігін, бағдарламаны жүзеге асыру шараларын ширата түсу керектігін жеткізді. Кездесуді облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев қорытындылап, соңғы жылдардың бедерінде облыста 41 инвестициялық жобаның қолға алынғандығын, оның 29-ының пайдалануға берілгендігін, соның нәтижесінде 4 мыңнан астам жаңа жұмыс орнының ашылғандығын айта келіп, ел Үкіметі алға қойып отырған «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша барлық деңгейдегі әкімдердің, облыс әкімдігінің тиісті құрылымдары мен жұмыспен қамту орталықтары басшыларының алдына нақтылы міндеттердің қойылғандығын, алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстың сәтімен сабақтастық табатындығын мәлім етті.
* * *
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мұнан соң «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ғимаратында денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт салаларының өкілдерімен кездесті. Басқосуды облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов ашып, жиынның мән-маңызына тоқталды. Басты мақсат – еңбекпен қамту жүйесінде қолданылғалы отырған өзгерістермен таныстырып, ұсыныс-пікір алмасу. Алдағы жылдары енгізілгелі отырған жаңа жүйе туралы министр Тамара Дүйсенова кеңінен түсіндіріп берді. Әсіресе, азаматтық қызметкерлердің мәртебесі, олардың айлық жалақысы туралы жан-жақты айтып берді. – Биыл Елбасының тікелей тапсырмасына сәйкес, азаматтық қызметкерлердің еңбекақысына жаңа модель енгізу мәселесі қолға алынуда. Оның ерекшеліктері қандай? Міне, осындай өзгерістерді жергілікті жұртшылыққа кеңінен түсіндіру мақсатында Жамбыл облысына арнайы ат басын бұрып отырмыз. Жаңа жүйе бойынша G14 санатына жататын қызметкерлер төрт блокқа бөлінетін болады. Бірінші блок басшылық қызметтерді атқаратын қызметкерлерге қатысты. Екінші блокқа осы мекеменің негізгі қызметін атқаратын қызметкерлер жатқызылады. Мәселен, мектеп болса мұғалімдер, аурухана болса – дәрігерлер, мейірбикелер. Үшінші блок әкімшілік қызметкерлерге тиесілі. Яғни, мекеменің қызметін үйлестіріп отыратын бухгалтерлер, заңгерлер, экономистер, тағы да басқа әкімшілік қызметкерлер. Техникалық қызметкерлер төртінші блокқа топтастырылады. Осы орайда «Әкімшілік персонал үшінші блокта болатын болса, оның еңбекақысы төмен болатын шығар» деген күдік пайда болмауы керек. Әрбір блоктағы азаматтың өзінің коэффициенттері бар. Бір сөзбен айтқанда, еңбекақысы бүгінгі таңдағыдан жоғары болмаса, кем болмайды. Айта кету керек, осы уақытқа дейін азаматтық қызметкерлер қай салада жұмыс істесе де, бір «себеттен» еңбекақы алып келді. Шындап келгенде олардың атқарып отырған жұмыс ауыртпалығы әрқалай. Мысалы, денсаулық сақтау жүйесінің тетігі бір бөлек. Білім беру саласының да өзіндік ерекшеліктер бар. Сондықтан жаңа жүйе бойынша айырмашылықтар ескеріледі. Осы жүйені енгізгеннің нәтижесінде әлеуметтік саладағы қызметкерлердің еңбекақысы 40 пайызға, білім беру саласында 29 пайызға, денсаулық сақтау саласында 28 пайызға көтерілетін болады. Жаңа еңбекақы жүйесі 2015 жылдың 1 шілдесінен енгізілгелі отыр. Сол сияқты үстемеақы төлеу тәртібі де ретке келтірілуде, – деді министр. Кездесуде қатысушылар тарапынан сұрақтар көп болды. Оның бәріне де Тамара Дүйсенова нақты жауаптар қайтарды.
* * *
Жастарды жұмыспен қамту мәселесінде әлі де шешімін таппай отырған түйткілдер баршылық. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың облыс жастарымен кездесуінде осы проблемалар қозғалмай қалған жоқ. Тараз қаласы әкімдігінде өткен кездесуде облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов өңірдегі осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етті. – Облысымыздағы жастар саны 290 мыңға жуық, яғни өңір тұрғындарының 26,8 пайызы. Биыл жоғары және орта кәсіптік оқу орындарын 10 мыңға жуық студент бітіріп отыр. Осы жастарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету, жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы және басқармаға қарасты қалалық, аудандық бөлімдер жұмыс атқаруда. Сонымен қатар, жаңадан іске қосылып жатқан ірі өндіріс орындары мен кәсіпорындарға жас мамандарды тарту басты назарда. 2013 жылы 16-29 жас аралығындағы тіркеуге алынған 9 мыңнан астам жұмыссыздың 6808-і тұрақты жұмысқа орналасып, ақылы қоғамдық жұмыстарға 914 адам жұмылдырылды, – деді Ерқанат Нұрбапаұлы. Өңірде «Жастар тәжірибесі», қайта кәсіби даярлау арқылы жұмыссыздықты азайту бағытында да бірқатар жұмыстар атқарылып жатқаны белгілі. Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, биыл 3 мыңнан астам жастың 2900-ге жуығы тұрақты жұмыспен қамтылыпты. «Жұмыспен қамту орталықтарының қызметкерлерін бірінші тоқсанда біз тестілеуден өткізгенбіз. Мамандардың көпшілігі осы сынақта өте төмен баға алды. Сала мамандары «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасын білмей отырса, басқа қарапайым тұрғындардан несін сұраймыз. Сондықтан, мен жастарды жұмыссыздықпен күресуге шақырамын. Жұмыспен қамту орталықтарына баламалы орталық ашыңыздар, тұрғындарға дұрыс ақпар беріп, өздеріңізге де, өзгелерге де жұмыс тауып беріңіздер. Егер жақсы жұмыс істейтін болсаңыздар, осы орталықтардың өкілеттілігін сіздерге береміз. Жұмыс істеймін деген жастарды біз қолдауға дайынбыз», – деді Тамара Дүйсенова.
* * *
Министр облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында мүмкіндігі шектеулі азаматтармен және мүгедектердің үкіметтік емес ұйымдары өкілдерімен кездесуде елімізде мүгедектердің құқықтары мен өмір сапасын жақсартуды қамтамасыз ету жөнінде мақсатты жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап көрсетті. – Мемлекет басшысының мүмкіндігі шектеулі жандар үшін «кедергісіз орта» қалыптастыру жөніндегі тапсырмасын орындау және Қазақстанда мүгедектер құқығы жөніндегі Конвенцияны ратификациялау үшін жағдай жасау мақсатында жұмыстар жүргізілуде, – деді Тамара Дүйсенова. – Үстіміздегі жылы Қазақстанда еңбекке жарамды мүгедектердің жалпы саны 404851 адам болатын. Соның 95642-сі еңбекке орналастырылған. Елбасы мүмкіндігі шектеулі жандарды еңбекке қамту мен бейімдеу мәселесіне баса назар аударып отыр. Үстіміздегі жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы есебінен 1969 нысанды бейімдеу көзделінген. Қазір бұл жөніндегі жұмыс қарқынды жүргізілуде. Министр ханым Қазақстан Республикасының Заңдары мен Кодекстеріне мүмкіндігі шектеулі жандарға қатысты, олардың конституциялық құқықтарына нұқсан келтірмеуді қарастырған өзгерістер мен толықтырулар енгізілуінде Елбасының үлкен ықпалы бар екенін атап көрсетті. Олай дейтін де жөні бар. Елбасының биылғы Қазақстан халқына Жолдауындағы: «Біз мүмкіндігі шектеулі азаматтарды белсенді өмірге тартамыз, олар өздерін қоғамның мүшесі, пайдалы еңбеккер ретінде сезінетін болады. Біздің барлық әлеуметтік институттар, үкіметтік емес ұйымдар, «Нұр Отан» партиясы осы жұмысты қолға алғандары жөн» деген жолдар осының айғағындай. Т. Дүйсенова кездесуге қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға дәйекті дәлелдермен қанағаттанарлықтай жауап берді. Кездесуге облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов, облыстық еңбекті қорғау департаментінің басшысы Әлімқұл Тұрысов, облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубеков қатысып отырды.
«Ақ жолдың» тілшілер тобы: Сапарғали Әлібай, Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, Ардақ Үсейінова, Болат Жаппарұлы.
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан, Виктор Барбаш.