- Advertisement -

GGG – Альварес: жаһан күткен жекпе-жек

132

- Advertisement -

Орта салмақтағы WBA super, WBC, IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль Альварес арасындағы екінші шайқасты жұрттың асыға күтіп жүргені анық.
15 қыркүйек (біздіңше 16 қыркүйек күні таңертең) өтетін бокс кешінің басты қаһармандары алдағы жекпе-жек туралы өз ойларын ортаға салып үлгерді. Әсіресе Геннадий Головкиннің жаттықтырушысы Абель Санчес: «Егер Сауль Альварес бірінші кездесудегідей қаша жүріп ұрыс салмай, өзі уәде еткендей тік тұрып шайқасса, жанкүйерлер керегін алады. Мен Альваресті түсінбеймін. Ол Эрисланди Ларамен қолғап түйістіргенде қарсыласын қашып жүрді деп айыптады. Кіші Флойд Мейвезермен жұдырықтасқанда да сол уәжді алға тартты. Ал өзі Головкинге қарсы сол тактиканы қолданды және онысын нағыз бокс деп бағалады. Кімді алдап отыр? Нағыз Мексика боксшысы мұндай қадамға бармайды», – деп отқа май құйған еді. Өз кезегінде Альварестің промоутері Оскар Де Ла Хойя мексикалық боксшының қазақстандықты нокаутқа жіберуге тырысатынын мәлімдеген.
Екі боксшының бірлесіп өткізетін баспасөз турларынан бас тартқанын жанкүйерлер олардың арасында бітіспес дау бар деп бағалауда. Бірінші кездесу тең аяқталған соң екінші жекпе-жектің тартысқа толы болатыны айтпаса да белгілі. Бүгінде қос саңлақ та жаттығу процесіне қызу кірісіп кетті.
Қазіргі кезде букмекерлік кеңселер Головкин-Альварес арасындағы екінші шайқастың фавориті ретінде қазақстандықты таңдап отыр. Дегенмен Сауль Альварес анық аутсайдар саналмайды.
Бұған дейін өткізілген жекелей баспасөз мәслихатында Сауль Альварес: «Мен кіммен жұдырықтассам да, Мексикада мені жақтырмайтындар болған. Бірақ оларға қарағанда қолдаушыларым анағұрлым көп. Головкинге деген бұрынғы аздаған құрметімді жоғалттым. 15 қыркүйекте рингте екеуміз ғана қаламыз. Мені кімнің қолдайтыны маңызды емес», – деп өз пікірін нығырлай түсті. «Құрмет дегенді әркім әрқалай қабылдайды. Түсінік солай. Олардың қателігінен кейін Альварестің командасына деген құрметті мен де, жанкүйерлер де жоғалтқан. Дегенмен құрметті былай алып тастасақ, шайқастан кейін нағыз ерлерше қол алысамыз деп ойлаймын», – деген Головкиннің пікірі Альварестің қытығына тигені сөзсіз.
Келісімшартқа қол қойылғанға дейін Геннадий Головкин IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы белбеуінен айырылса, Альварес «The ring» журналының белбеуін босатты. Соңғы белбеу Головкинге тапсырылған-ды. Қазіргі кезде Youtube-та Альварестің 2017 жылғы дайындығы мен қазіргі жаттығу процесінен түсірілген бейнематериал жүр. Автор мексикалық боксшы өткен жылы жылдамырақ болғанын нақтылап, Головкиннің алдағы кездесуде нокаутпен жеңетінін тұспалдапты. Солай болсын!

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support