Экономика

Жол бойына жағалай ел қондырсам деп едім...

Жол бойына жағалай ел қондырсам деп едім...

«Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында облыс аумағындағы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің бойында тауарлы-сүт фермалары салынып, олардың өнімдері жолаушылар игілігіне ұсынылатын болады

43 40

Ұлы Жібек жолы – облыс аумағын көктей өтеді. Бұл жол өз заманында халықаралық сауда-экономикалық, тіпті саяси байланыстың да күретамыры болған. Міне, саясат өз алдына, қазіргі салынып жатқан «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізімен негізінен жолаушылар және жүк тасымалы жүзеге асырылатыны айтпаса да түсінікті. Бұл жолдың 495 шақырымы облыс аумағын басып өтеді. Оның бойынан әртүрлі қызмет көрсету нысандарын ашу – кәсіпкерлікті дамытудың тиімді жолы. Қысқасы, ұлы жолдың бойында ұятқа қалмайтындай жағдай жасау керек.

83 тауарлы сүт фермасы салынады

Міне, осы халықаралық көлік дәлізі бойынан облыс бойынша 83 тауарлы-сүт фермасын салу жоспарланған. Қазір сол іс қарқынды қолға алынып жатыр. – Бұл тауарлы-сүт фермалары мемлекеттік «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында салынбақ. Сауын сиырлары оның 64-інде – 50, 6-сында – 100, 13-інде 200 басқа дейін болуы жоспарланған. Әрине, олардың бәрі жол бойында самсап немесе сап түзеп тұрмайды ғой. Тауарлы-сүт фермалары осы көлік дәлізі өтетін аудандар аумағында орналастырылмақ. Оның ішінде жаңадан салынатындарымен бірге бұрыннан барлары қайтадан жаңғыртылатын болады. Оларда сүт кластерін қалыптастыру үшін өңдеу кәсіпорындарын ашу көзделіп отыр. Ал, олардың өнімдерін көлік дәлізі бойында өткеруге жағдай жасау да ескерілген. Оларға сауда, тіпті қоғамдық тамақтандыру орындарын ашуы үшін жол бойынан жер беру де ойластырылып отыр. Осының бәрі облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатыр. Ол кісі жұмыс барысын өз бақылауына алған, – дейді облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы бөлімінің басшысы Бақытжан Тасқожаев. Жақында Израильден «ТЕССА» компаниясының бас директоры Исхақ Ниссенблат арнайы келіп, сүт өнімдерін шығаруға ниет білдірген шаруа қожалықтары жетекшілерімен кездесу өткізіпті. Кездесу барысында кәсіпкерлерге шағын сүт өңдеу цехтарын ашып беруге келісімшарттар жасауға келіскен. Алғаш ниет білдірушілер қатарында Байзақ ауданындағы «Агали» (жетекшісі Нәби Агали), «Жадыра» (жетекшісі Гүлнара Дәулетбаева), «Сәкен» (жетекшісі Шахайхан Асанов ) шаруа қожалықтары және Жамбыл ауданынан «Тимофеев» (жетекшісі Андрей Тимофеев) фермерлік-шаруа қожалығы бар. Бұлар бұрыннан-ақ өздерінде сүт өнімдерінің кейбір түрлерін ішінара өңдеуді жүзеге асырып келеді. Өнімдерінің сапасы да жаман емес. Өздерінің өткеретін орындары да бар. Бұл жерде мәселе өнімді халықаралық стандарттарға сай өңдеуде және құтылау, ыдыстауда болып тұр. Израильдік қондырғылармен жабдықталған цехтарда өңделген өнімнің сапалы болуына кепілдік жоғары. Демек, өтімді болады. Құтылары мен қаптамаларының өзі тауарлық түрін аша түсетіні анық. Ендеше ыдыстауда көп мән бар. Цехтың өз зертханасы болады. Бір сөзбен айтқанда, әмбебап цех. Биылдың өзінде 30 тауарлы-сүт фермасын ашу көзделген. Олар бизнес-жоспарларын дайындау үстінде. Қазір 18-і істі бастап кетуге сақадай-сай дайын. Тек қаражат мәселесі шешілсе болғаны. Үкімет бағдарламасы бойынша оларға несие «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы берілетін болады. Жаңадан тауарлы-сүт фермасы құрылысын жүргізуге немесе бұрыннан барын қайта жаңғыртуға несие 6 пайыздық өсіммен беріледі. Ал, мал, техника, құрал-жабдықтар лизингтік несиемен. Тауар өндірушінің алғашқы салымы алған несиесінің 15-25 пайызы аралығында. Қалғаны 6 пайыздық өсіммен. Бірақ, оның өзі әзір түбегейлі шешілмеген. Сондықтан осы іске мүдделі лауазымды орындар жоғары жақты мазалай бергені дұрыс қой. Әңгіме қозғалған соң, оның түйінделгені де жөн. Облысымызда «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізінің басым бөлігі бітіп, олармен көліктер заулап жүріп те жатыр. Қалған бөлігінің құрылысы аяқталатын күн де алыс емес. Ұлттық сусындар ұмытылмаса екен

Бұл ой «сусындарын қандырып» деген сөзден туындап отыр. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізі пайдалануға берілген соң, оның бойымен өтетін жолаушылар қатары көбейе түсетіні сөзсіз. Олардың ішінде алыс-жақын шетел азаматтары да болады. Өз қандастарымыз қаншама?! Солардың бәрі сүт, айран іше бермейді ғой. Сондықтан жол бойында ұлттық мақтанышымызға айналған, емдік қасиеті жоғары сусындар – қымыз бен шұбат та сатылса деген тілек бар. Бұл тілегіміз Бақытжан Сәдуақасұлының да ойын дөп басқандай. – Көлік дәлізі бойында ұлт мақтанышы қымыз, шұбат сынды сусындарды саудалаймыз дегендерді қуана қолдаймыз. «Тауарлы-қымыз немесе тауарлы-шұбат фермасын ашамын» дегендерге жол ашық. Оларға да жоғарыдағыдай несие беріліп, қолдау көрсетіледі. Қазір, мысалы, Қордай ауданында «Медет» шаруа қожалығының жетекшісі Кенжебай Тілеубердиев өзі бастама көтеріп, осы жолдың бойынан тауарлы-қымыз фермасын ашпақ ниетте, – деді ол. Кенжебайдай азаматтың көтерген бастамасы басқалар тарапынан да қолдау тауып, ұлы жолдың бойында жолаушыларға ұлттық сусынымызды ұсынып жатсақ, нағыз мақтаныш емес пе? Ол сусындарды құтылаудың да еш қиындығы жоқ. Сөз реті келгенде осы жолдың бойынан тауарлы-ет фермалары да ашылғалы жатқанын айта кеткеніміз абзал. Қазір бұл бағыттағы жұмысқа тілек білдірушілер саны – 23. Оларда негізінен мүйізді ірі қара етін өндіру, өңдеу жоспарланған. Жасалынып жатқан бизнес-жоспарлары да соған сәйкес. Осы жерде, «біздің ұлттық мақтанышымыз – жылқының қазы, қартасы да өңделіп, жолаушы-тұтынушылар игілігіне ұсынылса ғой» деген ой-пікірімізді де қоса кеткеніміз артық болмас. Болашақта солай болатынына сеніміміз де жоғары.

Болат Жаппарұлы, «Ақ жол».