Бірлік түбі – береке
Бірлік түбі – береке
Ұлт Көшбасшысы Н.Назарбаев былтырғы Жолдауында «Аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек. Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің болашағы зор. Көптеген позициялар бойынша біз әлемде ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің бірі бола аламыз. Бұл, әсіресе, экологиялық таза тағамдарға қатысты. «Made in Kazakhstan» бренді сондай өнімдердің эталоны болуға тиіс» деп атап көрсеткен болатын. Сөйтіп бес жылда 500 мыңнан астам кооператив құру жоспарланған-ды. Бірден ауқымды іске кіріскен облысымыздың, мәселен, бір ғана Байзақ ауданында 807 мүшесі бар 50 ауыл шаруашылығы кооперативі пайда болды. Солардың бірі – өткен жылдың маусым айында құрылған «Бірлік-Түймекент» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі. «Ақжар» шаруа қожалығының негізінде 2 қожалық пен «Байжарықова», «Мырзабаев», «Күнім» сияқты 23 жеке кәсіпкерді біріктірген ұжымның мақсаты – сүт бағытындағы шаруашылықты дамыту. Бір міндет аясында топтасқан кооперативте бақташы, сауыншы, жемшөп дайындаушы және тракторшысы бар, барлығы 10 адам жұмыс істеп, тұрақты түрде айлық жалақыларын алып отыр. Кооператив жетекшісі Марина Байжарықова Үкімет тапсырмасына сәйкес ауыл шаруашылығын әртараптандыру арқылы 2021 жылға дейін азық-түлік экспортын 40 пайызға арттыру көзделетінін, еңбек ұжымдарын біріктіру, оларға түрлі жеңілдіктерді пайдалануға мүмкіндік беретінін айтады. «Бірлік түбі – береке» демекші, біріккеніміз өзімізге тиімді болып отыр. Мысалы, әуелден өзімізде 100 ғана сиыр болды. Кооператив құру арқылы ол 300-ден асты. Несие алу жағы да қиын соқпайды. Түймекенттіктердің біразы ауылдағы жылжымайтын мүліктерін кепілге қойып, «Ырыс» бағдарламасы бойынша несиеге қол жеткізді. Бүгінгі таңда ұжымымыздағы 40 адамның 25-і несиелендіріліп, 114,9 миллион теңгеге 405 сиыр сатып алды. Бұл қаражатқа арнайы тапсырыспен 1,5 тонна сүт жинайтын көлік пен құнарлы құрама жем өндіретін цех салдық. Ол сағатына 1,5 тоннадай құрама жем өндіре алатын күшке ие. Болашақта кооператив мүшелерін ғана емес, байзақтықтарды да толығымен жеммен қамтамасыз етеміз деген ойдамыз. Ал сүт жинайтын көлігіміз, жайлаудан, фермалардан жинап болғанша сүтті мотор арқылы мұздатып отырады. Қазір жергілікті жердегі өнім өңдейтін «Лесняк» жеке кәсіпкерлігінің сүт цехына кооператив құрамындағылардан жинап, күніне 2-2,5 тоннадай сүт өткізудеміз. 8,2 миллион теңгеге УАЗ сүт тасымалдау көлігін, 2,5 миллион теңгеге 2 тонналық танкер, 3,5 миллион теңгеге құрама жем шығаратын қондырғы сатып алдық. Ал биыл 15 адамға несие алсақ деп отырмыз. Демек, кооперативке біріккенге жеңілдік көп», – дейді. 1998 жылы шаруа қожалығы болып құрылып, кезінде ауыл тұрғындарынан сүт жинап, цехынан айран, сүзбе, ірімшік, кептірілген ірімшік, құрт шығарып келген «Ақжар» жеке кәсіпкерлігі «Ырыс» бағдарламасы арқылы 30 миллион теңге алып, оған 50 асыл тұқымды сиыр мен арнайы техника сатып алған. 3 миллион теңгеге аумағы 1,6 гектар жылыжай салды. Осылайша мемлекет қолдауларының шарапатын көрген шаруа қожалық жетекшісі Манат Тілебаев: «Биылдан бастап өнім шығара бастадық. Мал саны көбейіп, сүттің көлемі де артты», – дейді. Аудандық әкімдіктің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Болат Сағынбековтің айтуынша, 2016 жылдың 1 қаңтарынан күшіне енген «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» Заңына сәйкес, бүгінгі күнге аудан бойынша 50 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды, оның ішінде 17 кооператив жеке қосалқы шаруашылық негізінде. Өткен жылдың индикативті жоспары бойынша ауданда сүт бағытында – 6, ет бағытында – 2, көкөніс дайындау бағытында – 1 және құс өсіру бағытында да 1 кооператив құрылып, жалпы мүшесі 289-ды құрады. Атап айтқанда, сүт бағытындағы 199 адамнан тұратын 6 кооперативтің 154 мүшесі жалпы сомасы 628,8 миллион теңге несие алып, 2352 сауын сиыр, 3 сүт тасымалдау көлігі, 5 сүт сақтайтын танкер және 1 құрама жем дайындайтын құрылғы алды. Ал ет бағытындағы 2 кооперативтің 83 мүшесінің 62-сі 211,7 миллион теңге несие алып, 1021 бұқашық сатып алған. Ал биыл жеке қосалқы шаруашылық негізінде 2 ет және 4 сүт бағытындағы ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылыпты.
Альмира Омарова
Байзақ ауданы.