Экономика

Мүмкіндікті мүлт жібермеген абзал

Мүмкіндікті мүлт жібермеген абзал

Бүгінде жұмыла еңбек еткендердің табысқа кенелері анық. «Жалғыздың үні шықпас» дегендей, қазір ұсақ шаруашылықтың төккен тері өтеусіз қалатын заман. Осыны ескерген Мемлекет басшысы ұтымды бағдарламаларды ұсынып, ауылдағы шаруалардың жемісті жұмыс істеуіне таптырмас мүмкіндіктер туғызып отыр. Ол – кооператив құру бастамасы. Елбасының тапсырмасына сәйкес, аудан мен ауыл әкімдері және осы мақсатта арнайы құрылған топтар ауыл-ауылды аралап, шаруа қожалықтарына бірігу арқылы ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрудың тиімділігін түсіндіруде.

Осындай түсіндіру жұмыстарына қатысудың нәтижесінде кооперативтің ауыл адамдарының оң жамбасына келетінін бірден түсіндік. Содан барып Ескі-Шу ауылдық округіне қарасты Белбасар ауылынан шаруаға икемі бар бірнеше азаматпен бірлесіп, өткен жылдың аяғында «Белбасар-2017» кооперативін құруға бел будық. Ауылдан ниет білдірген әр отбасының мүмкіншілігі, қора-қопсысының жағдайы, жұмыс қолы толығымен тексеріліп, екі ойлы болып жүргендеріне кооператив құрудағы мақсат тереңірек түсіндірілді. Ұйымдастыру жұмыстарын қарқынды жүргізудің арқасында бұл күндері Белбасар ауылында 23 отбасы мал бордақылау шаруасымен шұғылданып отыр. Бұл соңғы бір жылда ғана қолға алынып, қазірдің өзінде жемісін көре бастаған іс. Шүкір, бүгінде олардың барлығының қорасы бос емес. Осы орайда кооператив жұмысының алға басуына оның құрамындағы әр азаматтың еңбегінің орасан зор екенін айтуға тиіспін. Ауылды жерлерде кооперативтердің көп болуы – ауыл шаруашылығындағы өнім көлемін барынша ұлғайтып, азық-түлік қауіпсіздігін толыққанды қамтамасыз етуге септігін тигізері сөзсіз. Шаруаның ебін тапқан адамға бүгінгі күні субсидиялар беріліп, мемлекет тарапынан жақсы қолдау көрсетілуде. Әуелде кооператив мүшелерінің әрқайсысы Ауыл шаруашылығын қолдау қоры арқылы 6 пайызбен 7 жылға несие алды. Нәтижесінде, олар 67 миллион теңгеге жалпы саны 358 мүйізді ірі қара алып, қазір бордақылаумен айналысуда. Кооператив құрылғаннан кейін, араға 9 ай салып, өткен айда алғаш рет ірі қараның етін өткіздік. Нәтижесі жаман емес. Келесі өнімді алдағы жартыжылдықта дайындауды көздеп отырмыз. Аз уақыттың ішінде байқағанымыздай, кооператив ауылдағы ағайынның бірнеше мәселесін шешеді. Ең әуелі ауылдағы жұмыссыздық азаяды. Қазір кооперативке мүшелер алдымен дербес кәсіпкер болып тіркеледі, салығын, медициналық сақтандыруды уақтылы төлеп отырады. Осындай жүйелі жұмыстың нәтижесінде, кезең-кезеңімен түсетін табыстың да көлемі артып, тұрғындардың тұрмыс жағдайы да жақсарары сөзсіз. Шалғайдағы ауыл азаматтарына барлық мүмкіндікті туғызған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа ризашылығымызды білдіреміз. Егер де мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан осындай қолдауларды пайдаланып, барша аудан тұрғындары коопертивтердің дамуына өздерінің күш-жігерлерін жұмсаса, онда отандық өнім экспорты бойынша әлемдік аренада еліміз өзге мемлекеттермен иық тірестіретіндей бәсекеге қабілетті болары айдан анық.

Мейірлан ДҮБІРОВ, «Белбасар-2017» кооперативінің басшысы.

Шу ауданы.