Азаматтық қоғам демократияның өміршең мұраттары жолында
Азаматтық қоғам демократияның өміршең мұраттары жолында
Азаматтардың қоғамдық өмірге тікелей араласуын қамтамасыз ете отырып, әлемдік дамудың демократиялық құндылықтарға негізделген тәжірибесінің қазақстандық моделін қалыптастыру – Елбасының «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарындағы бес бағыттың бірі. Осы бағдарлама қабылданғалы бері бұқара мен атқарушы биліктің арасындағы дәнекер әрі ақылдасу алаңына айналған Қоғамдық кеңестерге заң жүзінде өкілеттілік беріліп, бұл қадам азаматтық қоғамның дамуына негіз болды. Облыстық Қоғамдық кеңестің президиумы мен оның қоғамдық негізде сайланған мүшелері, салалық комиссиялары өздеріне берілген өкілеттілік негізінде «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңның 5-бабында көзделген ұстанымдарды негізге ала отырып, мемлекеттік атқарушы органдардың аумақты дамыту жөніндегі бағдарламаларының орындалу барысын зерделейді. Олардың әлеуметтік саладағы басымдылығына назар аударып, азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуге және оларды талқылауға белсенді қатысады. Атқарушы органдардың нысаналы индикаторларға қол жеткізу үдерісіне қатысты өз ұсыныс-пікірлерін білдіріп отырады. Осыған байланысты кеңестің есепті кезеңдегі жұмыс жоспары жасалады. Жоғарыда аталған заң талаптарына сәйкес биылғы жұмысымыз 23 ақпанында облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің облыстық Қоғамдық кеңесі мүшелерінің алдында есеп беруінен басталғанын айта кету керек. Жиында өңір басшысы облыста қалыптасқан экономикалық-әлеуметтік көрсеткіштерді жетілдіру мақсатында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы, өз шешімін күтіп тұрған тағдыршешті мәселелерді кеңінен баяндады. Елбасының Жолдаулары мен ауқымды әлеуметтік салаларды қамтыған тапсырмаларын жүзеге асырудың жолдарын пысықтап, міндеттер қойды. Облыстық Қоғамдық кеңес есепті мерзімде заң талаптарына сай 15 президиум, 3 кеңейтілген отырыс өткізіп, облыс әкімдігі мен мәслихатының азаматтардың, құқықтары мен бостандықтарына қатысты қабылдаған 60-тан астам нормативтік-құқықтық актісіне қорытынды беріп, жұмыс нәтижелері бойынша екі облыстық басқарма басшысының есептерін тыңдады. Құқық қорғау органдарындағы кейбір қызметкерлердің әдеп нормаларын бұзу фактілерін талдап, мемлекеттік қызмет көрсетулердің сапасы жөнінде 9 мониторинг жүргізді. Соның нәтижелеріне сәйкес тиісті ұсынымдар қабылданып, атқарушы органдардың назарына ұсынылып, орындалуы қоғамдық бақылауға алынып отыр. Есепті кезеңде кеңейтілген ауқымдағы бір қоғамдық тыңдау өткіздік. Қоғамдық тыңдауда қаралған мәселе – «Баршаға ортақ, тегін кәсіптік-техникалық білім беру» бағдарламасының орындалу барысы. Осы мақсатта 2 ай бұрын алдын ала облыстағы 49 кәсіптік-техникалық білім беретін оқу орнының оқу бағдарламаларының ерекшеліктері мен колледждердің материалдық-техникалық базалары зерделеніп, арнайы жазбаша мониторинг жүргізілді. Жедел жүргізілген сауалнамаларға жауаптар алынды. Барлық колледждерден жиналған жазбаша ақпараттар негізінде жекелеген оқу орындарына, Қоғамдық кеңес президиумы белгілеген мамандар мен кеңес мүшелерінен құралған бақылау топтары барып, мәселенің мән-жайымен тікелей танысып қайтты. Оның қортындысы 26 сәуірде Тараз қаласында өткен қоғамдық тыңдауда кеңінен талқыланып, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы облыс жұртшылығының назарына ұсынылды. Қоғамдық тыңдаудың қорытынды құжаты – қарар қабылданды. Негізгі ұсынымдар – заман талабына сай IT технологиясы мамандығының базалық орталығын қалыптастыру, білікті мамандар корпусын тұрақтандыру. Дуалдық оқу жүйесінің тиімділігіне баса назар аударылып, өндірістен қол үзбейтін оқу жүйесінің өндіріс саласының барлық тармақтарын қамтуына ықпал ету, нәтижесінде жастар арасында жұмыссыздар санын кемітіп, қажетті мамандықтар мониторингіне сәйкес бәсекеге қабілетті кадрлар дайындау көзделуде. Бұл мәселелер Қоғамдық кеңес президиумы және Жамбыл және Байзақ аудандарында өткен 2 көшпелі отырыста қаралды. Жыл аяғына дейін осындай көшпелі отырыстар басқа да аудандарында өткізілмек. Есепті мерзім ішінде қоғамдық кеңес мүшелері тұрғындармен қоғамдық-стратегиялық даму мен тұрмыстық-әлеуметтік салалардағы мәселелерді түсіндіру үшін 21 кездесу ұйымдастырды. Бұл жиындарда қоғамдық пікірдің баршаға ортақ мәселелері, әсіресе кейінгі айларда қызу талқыланып жатқан Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, әлемдік төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында жаңа мүмкіндіктерді тиімді пайдалану төңірегіндегі міндеттерді түсіндіру-талдау жұмыстары сараланды. Қалған 16 кездесуде жергілікті жерлерде туындаған тұрмыстық-әлеуметтік мәселелерді шешу жолдары талқыланды. Оның ішінде жекелеген азаматтардың арыз-шағымдары мен ұсыныс-пікірлері де бар. Сонымен бірге есепті кезеңде Елбасының тапсырмаларын орындауға бағытталған әдістемелік-ақпараттық парақтар дайындалып, барлық деңгейдегі Қоғамдық кеңестерге таратылды. Облыстық Қоғамдық кеңестің 19 мүшесі өңірдің экономикалық өсу мен рухани даму салаларының әлеуетін арттыруды діттейтін бірнеше комиссиялар мен кеңестердің мүшелері ретінде дамудың барлық салалық тармақтарының алға жылжуына өз үлестерін қосып жүргенін айта кеткен жөн. Біз жылдың алғашқы айларында әр деңгейдегі әкімдердің 2017 жылғы атқарылған іс-шаралардың қортындысына арналған тұрғындармен есепті кездесулерінің кестесіне сәйкес, елді мекендерге барып, есеп беру жиындарына қатыстық. Осы кездесулерде көтерілген кейбір әлеуметтік маңызы бар ұсыныстар мен ескертпелер, Қоғамдық кеңестің назарына алынды. Қоғамдық кеңес облыстық тілдерді дамыту басқармасы мен ономастикалық комиссияның дайындаған құжаттары негізінде мемлекет тарапынан арнайы қорғалатын, ұлттық тарих пен рухани тарихнамада ерекше орындары бар тарихи-мәдени мұраларды қорғау тізімін жасау жұмысына да белсенді қатысып, оны реттеп, бір жүйеге келтіруге өз үлесін қосып келеді. Біз табиғи өнімдер мен табиғат ресурстарын қорғау мәселесінде де қалыс қалған емеспіз. Орман алқаптары мен жайылым аумақтарын тиімді пайдалану бойынша да өз ұсынымдарымызды ықтияттап, олардың жүзеге асырылу барысын үнемі қадағалап отырамыз. Олар жөніндегі арнайы құжаттар компьютер базасына енгізіліп, сақталуда. Тараз қаласындағы жолаушылар тасымалы қызметіндегі түрлі келеңсіздіктер: автокөліктердің техникалық сапасы, адам өміріне қауіп төндіретін жол жүру ережелерінің жиі бұзылуы, көліктердің жағымсыз экологиялық зардаптарға апарып соғатын басты әсеріне тікелей қатысты – қозғалтқыштар ресурсының сақталуы, жүргізушілердің қызмет көрсету мәдениеті, аялдамалардың стандарттық талаптарға сайлылығы мен жайлылығы тәрізді көрсеткіштері қоғамдық мониторинг бойынша зерделенуде. Бұл істі Қоғамдық кеңестің арнаулы тобы облыстық «Jambyl» телеарнасы, Жергілікті полиция қызметінің жол-патрульдік полиция қызметкерлерімен, экология мамандарымен, қоғамдық ұйымдармен бірлесе жүргізуде. Мониторинг қорытындысы ай сайын Қоғамдық кеңестің отырысында талқыланып, оларды болдырмауға бағытталған ұсынымдар тиісті органдар мен осы саладағы бизнес құрылымдарының басшыларына беріліп, орындалуы қоғамдық бақылауға алынады. Жыл соңына дейін азаматтарды медициналық сақтандыру, атаулы әлеуметтік көмек, ауылдардағы мал ұрлығымен күрес, ауыл шаруашылығына берілетін субсидияларды пайдалану, кейбір азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру, ауру түрлері бойынша азаматтарды тегін дәрілермен қамтамасыз ету, «Нұрлы жер», Елбасының 5 әлеуметтік бастамасының облыста орындалу барысына қоғамдық кеңес жиі мониторинг жасап, олардың қорытындысын әлеуметтік желі арқылы жариялап, жұртшылықты хабардар етуді әдетке айналдырған.
Жандар КӘРІБАЙҰЛЫ, облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы.