Саясат

Кәсіптік білімі бар адам жұмыссыз қалмайды

Кәсіптік білімі бар адам жұмыссыз қалмайды

Елдегі еңбек нарығындағы жағдайды реттеу үшін Ұлттық біліктілік шеңбері секілді өзгерістер енгізіліп, кәсіптік стандарттарды әзірлеу және бекіту әдістемесі белгіленді. Кәсіби біліктілігі бар мамандардың жұмыспен қамтылу деңгейін арттыруды көздеген шаралар қабылданды. Бұл өз кезегінде жұмыспен қамтылған тұрғындардың сапасын біршама өзгерткенмен, орта, жалпы және бастауыш білімі бар еңбек ресурстарының үлесі жоғары күйінде қалып отыр. Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, 2013 жылы жоғары және аяқталмаған жоғары білімі бар жұмыс күшінің үлесі 34 пайызды құраған екен. 2014-2015 жылдары бұл көрсеткіш 37 пайызға дейін өскен. Ал соңғы жылдардағы техникалық және кәсіптік білімі бар жұмыс күшінің үлесі орташа 33 пайыз деңгейінде қалып отыр. Ал жұмысшы ресурстары біліктілігінің еңбек нарығы қажеттіліктеріне сәйкес келмегендіктен, жыл сайын жұмыс берушілер тапсырыс берген жұмыс орындары бос қалады. Ұлттық сарапшылар жүргізген сауалнамалардың нәтижесі кәсіпорындарда кадрларға қажеттіліктің 73 пайызға жуығы техникалық және кәсіптік білімі бар мамандарға және жұмысшы кәсіптерге келетінін көрсетіп отыр. Сондықтан Елбасы баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру жобасын әзірлеуді тапсырған болатын. Сондай-ақ еңбек нарығында сұранысқа ие жұмысшы кәсіптері бойынша тұрғындарды қайта даярлау және олардың дағдыларын арттыруды міндеттеді. Нәтижесінде кәсіптік білімге деген қолжетімділік артуда. Тұрақты табыс – қоғам тұрақтылығының аса маңызды шарты. Сол себепті азаматтарды жұмыспен қамтуды белсенді жүргізу мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала бермек. Бұл халықты әлеуметтік қорғаудың негізі, адам ресурстары әлеуетін дамыту және тұрғындардың өмір сапасын жақсартудың басты құралына айналып отыр. Ал Президент тапсырмасына сәйкес қабылданған «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» бұған зор мүмкіндік туғызуда. Тараз қаласында былтыр осы бағдарлама шеңберінде шаһар тұрғындарының 5097-сі тұрақты жұмысқа орналасты. Жоспардың орындалу көрсеткіші – 374 пайыз. Бұл –бағдарлама қатысушыларына қолдау көрсету бағытында барлық деңгейдегі әкімдіктермен белсенді жұмыс жүргізудің арқасында қол жеткізген нәтижеміз. Жалпы аталған әлеуметтік жоба еңбек ресурстарын тиімді пайдаланудың негізгі міндетін айқындап бергенін айта кеткен жөн. Соның арқасында жұмыспен қамту шаралары нәтижелі жүруде. Әрі тұрғындарды тұрақты және өнімді жұмыспен қамтып, әл-ауқатының артуына жол ашуда.

Елдос КЕҢЕСБЕКОВ, қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры.

Тараз қаласы.