- Advertisement -

Мердігерлер жұмысты белгіленген мерзімінде аяқтай ала ма?

179

- Advertisement -

Шаһарымызда «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде жылумен қамту желілерін жаңғырту бағыты бойынша 3 жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 1 786,5 миллион теңге қарастырылған. Бұл қаражат есепті кезең жоспарына сай толықтай игерілді ме? Аталған бағдарлама аясында жүргізіліп жатқан жылу жүйелерін қайта жаңғырту бағытында құрылыс нысандарының сапасы сын көтереді ме?

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес және партияның облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциясы жанынан құрылған арнайы комиссия мүшелері мемлекеттік бағдарлама аясында жүргізіліп жатқан жылу жүйелерін қайта жаңғырту бағытында құрылыс нысандарының сапасын бақылап қайтты.
Әуелі Абай даңғылы бойында жүргізіліп жатқан жылу магистралінің жұмысымен танысқан олар «Арайстроймаркет-2003» серіктестігі мердігер атанған құрылыс барысында қазіргі уақытта жұмыстың 70 пайызы аяқталғанына көз жеткізді. «ТаразТрансЭнерго» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының басшысы Ерік Көшербаев «Techno Construction Company» серіктестігі мен «КорпорацияЖилСтройТараз» компаниясы жүргізіп жатқан монтаждау жұмыстарының аяқталуға жақын екенін айтып, комиссия құрамына құрылыс жұмыстарының жай-күйін баяндады. Ерік Әубәкірұлының айтуынша, жоспар бойынша 3 нысанның құрылысы 1 қыркүйекте аяқталмақ. Бұл тапсырыс берушілер мен халықтың сұранысы екен.
– Жаңа оқу жылында мектепке баратын оқушылар үшін қолайлы жағдай қажет. Сондай-ақ ыстық су беруді де назарға алып отырмыз. Үш нысан да толықтай жаңартылады. Жұмыс екі айға кеш басталса да, құрылысты аяқтауға барлық мүмкіндік бар. Маусым айынан бастау алған жұмысты, тіпті мерзімінен бұрын бітіруді межелеп отырмыз, – деді ол.
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша комиссияның төрағасы Дәулетбай Есімбеков комиссия мүшелері қаладағы 3 жылу жүйесінің құрылысымен танысқанын, мемлекеттік маңызы бар бағдарламаның іске асуы әрдайым партия бақылауында екенін тілге тиек етті. Ол өз сөзінде: «Абай даңғылы бойындағы құрылысқа жабдықтау жұмыстары жетіспегені болмаса, сапасы жақсы. ЖЭО-4 М-2 жылу магистралінің де жұмысында жүйе бар. Ал М-4 жылу магистраліндегі жұмыстардың көлемі екі нысанға қарағанда екі есеге төмен. Бірақ бұл жерде жасалынып жатқан жұмыс сапасына көңіл толмады. Екіншіден, жұмыс күшінің саны жетіспей тұр. Бар техниканың өзі қолданысқа енбеген. Бұл жұмыстың салдарынан қалада қиыншылықтар туындап жатқанын көріп жатырмыз. Мәселен, жөндеу жұмыстарына байланысты транспорт мәселесінде кедергі туындап тұр. Бұл, әрине, уақытша. Сондай-ақ қытымыр қыста халықты жылумен қамтамасыз ету үшін жұмыстарды нақтылап, ширату қажет», – деді.

Есен ӨТЕУЛИЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support