Қазақстандық әнші қыз «Славян базары-2014» байқауының финалына шықты
Қазақстандық әнші қыз «Славян базары-2014» байқауының финалына шықты
Беларусь елінің Витебск қаласында өтіп жатқан «Славян базары» ХХІІІ халықаралық өнер фестивалінің алғашқы конкурстық күнінің нәтижелері бойынша қазақстандық әнші қыз Мархаба Сәбиева финалға шықты. belta.by хабарлағандай, финалға шығу үшін 21 әнші өзара бәсекеге түскен, солардың ішінен 15 өнерпаз іріктеліп алынды. Енді ақтық сайыста Артур Михайлов (Беларусь), Моника Карагенова (Болгария), Диана Голби (Израиль), Мархаба Сәбиева (Қазақстан), Шарлот (Куба), Емилс Балцерис (Латвия), Милда (Литва), Димитар Андовски (Македония), Родриго де ла Кадена (Мексика), Виталие Негруца (Молдова), Злат (Ресей), Алекса Перович (Сербия), Вероника Дорош (Украина), Дино (Хорватия), Томас Кольк (Эстония) өнер көрсетеді. Айта кетейік, байқаудың әділқазылар құрамында әйгілі қазақстандық әнші Толқын Забирова да бар. Ал қазылар алқасының төрағасы - Ресейдің еңбек сіңірген өнер қайраткері Ким Брейтбург. Конкурс жеңімпазы арнайы «Лира» сыйлығын, Гран-при дипломы мен $20 мың көлемінде ақшалай сыйлық алады. Аталмыш конкурстың бағдарламасы аясындағы балалар байқауында қызылордалық 11 жасар өнерпаз Нұржан Жұмағали да көпшілік алдында өз өнерін паш еткен болатын. Ол джаз стилінде қазақтың ұлттық аспабы - домбыра туралы аңызды орындап берген еді, делінген фестивальдің ресми сайтында.
Ақпарат көзі: www.kazinform.kz