Жаһан

Президент Алматы облысында фермерлік шаруашылық жұмысымен танысты

Президент Алматы облысында фермерлік шаруашылық жұмысымен танысты

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы облысына жұмыс сапары барысында «Байсерке-Агро» ЖШС өндірістік шаруашылығында болды, деп хабарлады Ақорда сайты.

Мемлекет басшысы шаруашылық базасында Қазақ Ұлттық ауыл шаруашылығы университетімен бірлесіп құрған «Байсерке-Агро» ғылыми-өндірістік оқыту орталығы жұмысымен танысты. Қазақстан Президентіне дәнді дақылдардың жаңа сорттары, пестицидтер мен биотыңайтқыштардың сан алуан түрі, сондай-ақ Қазақстан ғалымдары «Байсерке-Агро» ҒӨОО базасында жасап шығарған ветеринарлық препараттар көрсетілді. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев ауыл шаруашылығы техникасының жетілдірілген әрқилы түрлері мен мал шаруашылығы нысандарын аралап көрді. Мемлекет басшысы отандық жоғары оқу орындары оқыту үдерісін ғылыммен және өндіріспен ұштастыру тәжірибесін қолдануы қажеттігіне назар аударды. - Барлық университеттер ғылыммен айналысуға тиіс. Оларда зертханалар ашып, кейін өндіріс ұйымдастыру үшін қажет болатын тәжірибелік-өнеркәсіптік жұмыстарды жүргізуге арналған техникалық база құрған жөн, - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы елдегі ауыл шаруашылығы кешенін тиімді дамыту ісі бұл салада заманауи ғылыми әдістемелер мен әзірлемелерді қолдануды талап ететінін айтты. - Азық-түлік өндірісі елімізді дамытудың басты факторына айналып келеді. 2050 жылға әлемде халық саны қарай 9 миллиардқа дейін өседі, ол ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді екі есеге арттыруды қажет ететін болады. Қазақстанның, орасан кең алқаптарды қоса алғанда, сол орынды иеленуге барлық мүмкіндігі бар. Бұл ретте ауыл шаруашылығы жаңа технологиялардың көмегінсіз одан әрі дами алмайды. Ғылымның бар күшін пайдалану керек, тек сонда ғана біз ауыл шаруашылығы саласында ілгерілей аламыз, - деді  Қазақстан Президенті. «Байсерке-Агро» өндірістік шаруашылығы егін шаруашылығымен, мал шаруашылығымен, ет және сүт өңдеумен айналысады. Ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру барысында отандық ғалымдар әзірлеген инновациялық технологиялар белсенді түрде қолданылады. Шаруашылық құрамына екі ветеринарлық патология-анатомиялық зертханасы, жем-шөпті зоотехникалық талдаудан өткізетін зертханасы және агрохимия зертханасы бар ғылыми-өндірістік оқыту орталығы кіреді.

Ақпарат көзі: www.kazinform.kz