Жаңалықтар

2000 жыл бұрынғы Тараз

2000 жыл бұрынғы Тараз

[caption id="attachment_7508" align="alignnone" width="320"]12 Шіліңгір шілдедегі қазба жұмысы[/caption] [caption id="attachment_7509" align="alignnone" width="320"]13 Қаланың Шахристан бөлігіндегі жұмыс[/caption] [caption id="attachment_7510" align="alignnone" width="320"]14 Ежелгі шаһардағы кәріз құбыры[/caption] [caption id="attachment_7511" align="alignnone" width="320"]15 Көне қаладан табылған тас шегенді құдық[/caption] [caption id="attachment_7513" align="alignnone" width="320"]17 VII-IX ғасырлардан жеткен құмған[/caption] [caption id="attachment_7514" align="alignnone" width="320"]18 Ежелгі қала орнынан табылған қыш құмыры[/caption] [caption id="attachment_7515" align="alignnone" width="320"]19 Қыштан жасалған ыдыстын бір бөлігі[/caption] [caption id="attachment_7517" align="alignnone" width="224"]20 Мұрат Қожа, археолог.[/caption] [caption id="attachment_7518" align="alignnone" width="252"]21 Нұртаза Алдабергенов, ғалым,археолог[/caption] [caption id="attachment_7520" align="alignnone" width="320"]23 Ескі қабырғаларды қайта аршу жұмысы[/caption] [caption id="attachment_7519" align="alignnone" width="320"]22 Қазба жұмыстары қызған сәт[/caption] [caption id="attachment_7521" align="alignnone" width="320"]24 Ғылым - археолог Мадияр Елеуов[/caption] [caption id="attachment_7522" align="alignnone" width="320"]25 Қаланың Цитадель аумағындағы алғашқы жұмыс[/caption] [caption id="attachment_7523" align="alignnone" width="320"]26 Ораза ұстаған студент-археолог Салтанат Жанболатқызы[/caption] [caption id="attachment_7525" align="alignnone" width="320"]28 Ақтөбелік студенттер ежелгі Тараз тарихына қызғушылық танытуда[/caption] [caption id="attachment_7526" align="alignnone" width="320"]29 "Ежелгі Тараз ескерткіштері" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайының директоры Тәкен Молдақынов[/caption] [caption id="attachment_7527" align="alignnone" width="320"]30 Ежелгі медресе орыны[/caption] [caption id="attachment_7528" align="alignnone" width="320"]31 Талдықорған мен Ақтөбе қалаларынын көне Таразды тамашалауға келген оқушылар[/caption] [caption id="attachment_7529" align="alignnone" width="320"]32 Студенттер ғалымдармен сұхбат үстінде[/caption] [caption id="attachment_7530" align="alignnone" width="320"]33 Облыстық мұрағаттар,құжаттама және мәдениет басқармасының басшысы дүйсен Бықыбаев[/caption] [caption id="attachment_7531" align="alignnone" width="320"]34 Жердің мәдени қабаиындағы қызу жұмысы[/caption] [caption id="attachment_7532" align="alignnone" width="320"]35 Александр Грешенков,ғалым,археолог[/caption] [caption id="attachment_7533" align="alignnone" width="320"]36 Қаланың Рабат бөлігінен табылған құдық[/caption] [caption id="attachment_7534" align="alignnone" width="320"]37 Облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау дирекциясы директорының міндетін атқарушы Нұрхат Серікбаев бізді жұмыстың жай-күйімен таныстырды[/caption] [caption id="attachment_7535" align="alignnone" width="320"]38 Мыстан жасалған көне ожау[/caption] [caption id="attachment_7536" align="alignnone" width="320"]39 Экспедиция жетекшісі Көсемәлі Сәттібайұлына әрбір жәдігер ерекше ыстық[/caption] [caption id="attachment_7537" align="alignnone" width="320"]11 Студент-археологтар жұмыс үстінде[/caption]

Қаласының орнындағы археологиялық қазба жұмыстары 

ел мәдени мұрасына үлес қосатын үлкен істің бірі болмақ

Күн көкжиектен едәуір көтерілген сәтте біз Ежелгі Тараздың табалдырығына табан тіредік. Салған жерден кәрі тарихтың шежіресі сыр шертіп қоя берді. экспедициямыз жақында ғана нобайы көрінген ежелгі кәріз құдық ішінен табылған мыс ожауға куә болды. Бұдан өзге көне бұйымдар да шығып жатты. Бірақ, таза мыстан жасалған әлгі шөміштің ерекшелігі көзге оттай басылды. Сол күйінде сақталған екен. мұны жақсылыққа жорыған біздер ары қарай аяңдадық. Өйткені онда ғасырлар қойнауында бүгіл­ген талай құпия «келіңіздер, іздеңіздер, табыңыздар» деп тұрғандай көрінді.

Жұмыс жанданып келеді

Ежелгі Тараз қаласының орнына кіре бере аумаққа тазалық жұмыстарын жүргізіп жүрген жұмысшыларды көзіміз шалып қалған. Қала әкімінің орынбасары Асхат Есенәлиев бастаған топ екен, еңбегіне риза болдық. Орынбасармен әңгімелесу барысында бүгінде көне қаланың тазалығын қамтамасыз ету мақсатында сенбілік жұмыстардың тұрақты жүргізіліп тұратынын білдік. Оның сыртында тракторлардың көмегімен кейбір жерлердің бірінші қабатын қопару жұмыстары жүргізілуде. Мұндағы жұмыстың жай-жапсарымен таныстырып жүрген облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау дирекциясы директорының міндетін атқарушы Нұрхат Серікбаев қазба жұмыстарының бірінші кезеңі дәл осылай жүргізілетіндігін жеткізді. Оның айтуынша, қазба жұмысының алғашқы кезеңінде жердің беткі қабаты мен асфальт бетондар техниканың күшімен аршылып, мәдени қабатына жеткен соң ғана ғалымдар қолмен зерттеу жұмыстарын бастайды. Қазбаның тереңдігі 1-4 метр аралығында. Әртүрлі кезеңдерден, мәселен, Қараханидтер дәуірі, Қоқандық, Әулиеата кезеңдерінен біршама жәдігерлер табылуда. Өзіміз куә болғанымыздай, мұнда қыштан жасалған ыдыстар, қоладан соғылған тиындар сынды көптеген заттай бұйымдар табылып жатыр. Біз бірінші көрген құдық та осы тракторлармен бағаналарды суырып алу кезінде байқалыпты. Жалпы жұмыстың жүйесі де осыған ұқсас. Археолог-ғалымдар жер қойнауына барлау жұмыстарын өте ыждаһаттылықпен жүргізеді. Алдымен әр жерден тесіктер жасап, кірпіш немесе басқа да бір белгілер байқалған болса, ары қарай тереңдетіп, жұмысты жалғастыра береді. Ауыз толтырып айтарлықтай архитекторлық нысандарды табудың жолында ептілік пен күштілік үйлесім тапса болды. «Жақында ғана облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлы үлкен алқа мәжілісін өткізді. Оған белгілі археолог-ғалымдар Виктор Зайберт, Зейнолла Самашов қатысты. Олар осыған дейінгі жұмыстың жүргізілу жүйесіне көңілдері толмайтындықтарын жиі айтып, ұсыныстарын ортаға салып жүрген мамандар. Облыс басшысы осыны ескеріп, биыл жұмыс тобын төртке бөліп, жүйелі жұмыс жасауды қолға алды. Тендерге қатысқан мердігерлерге де нақты тапсырмалар берілді. Яғни, алты айдың ішінде бірінші барлау жұмыстарын жүргізу аяқталуы керек. Одан әрі қай жерде ғимарат, медресе, монша барын анықтап, қала биік дуалмен қоршалатын болады» дейді облыстық мұрағаттар, құжаттама және мәдениет басқармасының басшысы Дүйсен Бықыбаев. Жыл басында ортағасырлық «Ежелгі Тараз» қалашығында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуге арналған мемлекеттік сатып алу бойынша мердігерлер арасынан төрт жеңімпаз анықталған еді. Басқарма басшысының айтып отырғаны – осы. Оның біріншісін «Археологиялық экспертиза» ЖШС жетекшісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Карл Байпақов басқарып, қаланың Цитадель аумағына қазба жүргізсе, екіншісін «Археолог» Халықаралық ғылыми-зерттеу орталығы» ЖШС жетекшісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мадияр Елеуов қолға алған. Яғни, ғалым бүгінде қаланың қорғаныс жүйесі мен дуал қақпасын ашу үстінде. Ал, «Қазархеология» ЖШС жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Жұман Смайлов қаланың Шахристан аумағына, «Археология экспертиза» ЖШС жетекшісі тарих ғылымдарының докторы, профессор Виктор Зайберт қаланың Рабат аумағына қазба жүргізуді бастапты. Қуаныштысы сол, қызу жұмысқа кіріскен тарихи зерттеу орнында жастар жағы да көптеп көзге түсті. Сөйтсек олар мұнда жұмыспен қамту орталығы арқылы келіпті. Студенттердің жазғы демалысын тиімді пайдалану мақсатында «Студенттік отряд» құрамынан 37 студент жұмыспен қамтылған екен. Апшыны қуырған аптап ыстыққа қарамай жүрген жастар өздерінің жұмыстарын жақсы біледі. Тіпті, араларында ораза ұстағандары да бар болып шықты. «Алла тағалам сабыр берсе, аузыңның беріктігіне қарамайды деп ойлаймын. Осында жүрген жастар жағының дені болашақ тарихшылар. Демалыс кезінде өзімізге қажетті қаржыны табамыз әрі тәжірибе жинақтаймыз. «Екі қоянды бір оқпен ату» деген осы шығар. Бұл жұмысымыз өзімізге ұнайды. Ғалым ағаларымыздан үйренеріміз көп» дейді ТарМУ-дың тарих факультетінің ІІІ курс студенті Салтанат Жанболатқызы. Ал біз олардың бойынан мамандыққа деген махаббатты сезініп, сүйсініп қалдық. Бұған қоса, жұмысқа Қазақстанның барлық жерлерінен ғалымдар тартылыпты. Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Алматыдан келген археолог-тарихшы мамандар бірлесе жұмыс атқаруда. Экспедициямыздың барысында осында жұмыс жасап жүрген ғалымдардың бәрімен тілдесудің сәті түскен еді. Шымкент қаласынан келген Александр Николаевич талайғы Тараздың тарихына өзінің қызығушылығын білдірді. Бұл жұмысқа шақырғанда қатты қуанғанын айтады. «Осында жаппай жүргізілген қазба жұмыстың нәтижесі көне қаланың негізінен бірнеше қабаттардан тұратынын растап отыр. Әсіресе, бұл қабаттарда өздеріңіз куә болып отырғандай қала тұрғындарының тұрмыстарында кең пайдаланған ыдыс-аяқтар мен су құбырларының, Түркеш кезеңінің тиын ақшаларының табылуы сөз жоқ, қала мәдениеті­нің едәуір дамығандығын көрсетеді» дейді ол.

Алғашқы туристер

Алғаш келген кезіміздегідей емес, өзіміз де археолог болып кеткендейміз. Қазылып жатқан әрбір жәдігердің тарихына қызығушылықпен қарай бастадық. Ежелгі Тараздың әр тасы сыр бүгіп жатқандай көрінді бізге. «Міне, – деді Нұрхат бізге қарап – алғашқы туристеріміз де келіпті». Қолдарында бір-бір фотоаппарат, бейнекамералары бар туристердің бұл жүрісі, расында да, қызықты көрінеді. Осында жүрген археолог-ғалымдармен сұхбат жасап, мәре-сәре. Біз де олардың қай қаладан келгенін білмекке әңгімеге тарттық. – Қай қаладан келдіңіздер? – Біз Талдықорған қаласынан келдік. Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімімін. Аты-жөнім – Айжан Жамбылқызы. Бүгін Таразды аралап жүргенімізге тоғызыншы күн. Ертең қайтамыз. – Осында шақыртумен келдіңіздер ме? – Бәріміз «Туған жерге тағзым» жобасы бойынша тарихи қалаларды аралау мақсатында жүрміз. Мұнда Ақтөбеден келген оқушылар да бар. – Алған әсерлеріңіз қандай? – Өте керемет. Сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Осы уақыт аралығында Ежелгі Тараздың тарихынан хабардар болдық. Оқушылар өздерінің кітаптан оқығандарын көзбен көріп, қуанды. Қаланың негізінен гүлденіп дамыған кезеңі Х-ХІІ ғасырлардағы Қараханидтер дәуірі ғой. Өзімнің де бір қызық жайтты оқығаным бар еді. Қараханидтер дәуірінде ел басқарған қала басшыларының атына арналып соғылған моншаның шығыс жағындағы тас орындықтың арасынан Тараздың бір сұлуының жоғалтып алған сақинасы табылған. Оның Мұражай экспозициясына қойылғанын білетін едім. Осыны іздеп жүріп, көрдім. Міне, осындай керемет жәдігерлердің куәсі болғанымыз үшін өзімізді бақытты сезініп барамыз. Оны өзіміздің өскелең ұрпаққа жеткізіп, сабақтастықты сақтап отыру қажет. Осы тұрғысынан алғанда бұл жоба өте керемет сезім сыйлап, тарихи білімімізді толықтырды. Осы кезде оқушылардың арасынан бір бала суырылып шығып: «Апай, мен де өзімнің алған әсерімді айтайыншы» демесі бар ма?! Жүзінде сондай бір қуаныш бар. «Ең біріншіден, осы сапарды ұйымдастырған Тараз-Ақтөбе қалаларының ұйымдасқан түрдегі тірлігіне алғысымызды білдіргім келеді. Мен өзімнің арманыма, мақсатыма жеткендей болдым. Тарих сабағын қатты жақсы көремін. Әсем табиғаты мен тамыры тереңде жатқан тарихын өз бойына сіңірген Таразды көру мен үшін үлкен мәртебе болды. Маған осы жерден табылған құндылықтарды қойған мұражайлар ұнады. Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» кітабында Бауыржан Момышұлының бөлмелерін сипаттайтын жері бар. Ал оны мұндағы мұражайдан көргенде керемет сезімде болдым. Бұл жоба өз мақсатына жетіп, қазақ елінің барлық балалары осы құндылықтарды көруге мүмкіндік алса деймін» деді өзін Айбек Құрмановпын деп таныстырған Ақтөбе қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы. Сонымен Ежелгі Тараздың жұмысы бір жүйеге түсіп, қала нобайы көріне бастаған тұста келген алғашқы туристермен бірге біз де мұндағы Шахристан бөлігінің шығыс жағындағы жер астынан табылған моншаны көруге беттедік.

Атлах шайқасынан аман қалған Тараз

Ол бірнеше бөлмеден тұрады екен. Бөлмелерден кірпіш астау мен кірлендер табылған, қабырғалардағы әлі түсі кетпеген қызыл бояумен өрнектелген тақтайшалар, көздің майын алатын өнер туындысы іспетті. Ғалымдардың айтуынша, бұл құрылыс Қараханид дәуіріндегі Жетісу өнерінің тамаша үлгілері пайдаланылған ғимарат екен. Осы монша туралы ғалым Карл Байпақовтың «Бұл моншаның құрылыс техникасының ерекшеліктері жылыту жүйесі, өрнектеу мәнері мен көркем суреттері, бейнелеу өнері оның ХІ-XII ғасырларда қаланың экономикалық өркендеу кезеңіне куә» деп жоғары баға бергені бар. Одан әріректе бұрынғы базар кезінде ет сатылған ғимарат тұр. Ал мұның төменгі жағынан бес метр тереңдікке дейін жертөле қазылған екен. Сондықтан, оның астындағы тарих парақтары жойылып кетті деуге толықтай негіз бар. Мұнда негізінен 60-жылдары Қазақстан Ұлттық Академиясының археология институтының бір топ ғалымдары Т. Сенигова, Е. Агиеева, Г. Пацевич сияқты археологтар ғылыми жұмыстар жүргізеді. Соғыстың алдыңғы кезеңіндегі жүргізілген қазба жұмысы негізінде қаланың мәдени қабаттары тек VI ғасырға тән деп келсек, ал осы жылдарда жүргізілген ғылыми жұмыстар барысында қаланың біздің эрамыздың I ғасырында өмір сүргендігін растайтын құнды деректер табылған. Бірақ, ғалымдар ол кездегі зерттеу жұмыстарының дәл қазіргідей қарқынмен жүргізілмегендігін айтып отыр. «Тараздың археологиясы ауқымы жағынан да тарихы жағынан да әсіресе, ұлттық тарихқа қатысы жағынан да, жалпы түркі әлемінің тарихы жағынан да ең алдыңғы қатарда тұрған археологиялық қазба жұмыстары. Осы күнге дейінгі қазақ елінде жүргізілген көптеген археологиялық қазба жұмыстарының ең ауқымдысы, ең маңыздысы. Себебі, қазақ даласында самсап тұрған, бұл күнде үйіндіге айналған ежелгі қалалар көп. Солардың ішіндегі 2100 жыл бойы, ХХІ ғасыр бұрын іргетасы қаланған біздің қаламыз жер бетінен сан рет жоғалып кетіп, аңыздағы феникс құстай сан рет қайта тіріліп, сан рет өз дәуіріндегі мемлекеттің астанасы болып, үлкен ғылым, білім, мәдениет, руханият орталығы болған. Қаламыз ешқашанда өзінің тұрғындарын жоғалтпаған. Бұл негізі 1920 жылдары қолға алынған жұмыс екен. Қағаз жүзінде қаланың орталық базарын көшіріп, оның орнына зерттеу, зерделеу археологиялық жұмыстарын жүргізу жөнінде шешім шығады. Бұл оқиға талай рет жалғасын тапқанмен, әртүрлі себептерге байланысты кейінге шегеріліп келген. Осыдан үш жыл бұрын бұл ниет орындалып, базар кең орынға көшіріліп, қазір енді үлкен көлемдегі қазба зерттеу жұмыстары басталып отыр. Ғасырлық белдеулерді археологияның заңы бойынша есепке алғанда кемінде 10-12 мәдени қабат болуға тиісті. Ал біздің көзімізге көрініп отырғаны, бірінші кезеңде ашылып отырған Қоқан дәуірі ғана. Немесе ары кеткенде Қараханидтер дәуірінен бері қарайғы дәуірдің сипаты бар. Ал одан арғы ғұндар, түркі әлемі, басқа да көптеген мемлекеттік құрылымдардың ізін табуымыз керек. Ол үшін тереңірек қаза түсуіміз керек. Бұл жұмыс үлкен археологиялық жаңалық әкелуге тиісті» деген «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайының директоры Тәкен Молдақынов Көне Тараздың рабадынан табылған ерте ислам дәуірінің куәсі – көне мешіт үйінің қалдықтары да біршама жақсы сақталынып отырғанын айтады. «Қазір жүріп жатқан қалпына келтіру жұмыстары аяқталған соң рабад мешіті де Ақыртас сарай кешені тәрізді республикамыздағы ашық аспан астындағы мұражайлардың біріне айналары сөзсіз. Ежелгі дәуірлерден жеткен жәдігерлердің қайта жаңғыруы, қай жағынан алып қарасаңыз да, жалпы ұлттық сананың сілкінісі мен рухани танымның жаңаруымен сабақтасып жататын ұғым. Адамзат тарихындағы ең ұлы шайқастар­дың бірі 751 жылғы Атлах шайқасына дейінгі дәуірлерден бастау алатын бабаларымыздың ерлік дәстүрінің мол мұрасы да осы Тараз топырағында жатыр. Оған әр жылдардағы қазба жұмыстарының барысында табылып жатқан тарихи жәдігерлер куә. Атақты шығыстанушы О.Большаковтың дәлелдеуі бойынша, «Тань империясының Орта Азия істеріне араласуына үзілді-кесілді тыйым салған» Атлах шайқасының ұлт есебінде ұйыған халықтардың болашақ тағдырына тигізген игі әсерін қалай дәріптесек те артық емес. Тараздың алтын белдеуінде жатқан осы Атлах секілді ондаған қалалар мен қалашықтардың кешенді түрде зерттеле бастауы да «Мәдени мұра» бағдарламасының нәтижелі ықпалы арқасында мүмкін болды» дейді Тәкен аға. Осы пікірге жанасатын ойды бізге археолог-ғалым Нұртаза Алдабергенов те айтты: «Ортағасырлық Тараз қаласының тарихы көп мәселені алдымызға қойып отыр. Оның негізгісі – Тараз қаласының қанша жыл жасағандығына толық көз жеткізу болса, екіншісі уақытында сақталмаған, көбі бұзылып, жоқ болып кеткен құндылықтарымызда болып отыр. Шыны керек, қазіргі археологтар, мына біздер, ішімізден тынып жүрміз. Кешегі 60- жылдардағы зерттеу жұмыстары кезінде қаланың қамалдарының бәрі көзге көрініп тұрыпты. Түрлі себептермен ол да жойылып кеткен. Ендігі біздің міндетіміз – осының жұрнағы қалса да халыққа жеткізу. Кім біледі, бұл жерге кімдер келмеді, кімдер шапқыншылық жасамады?! Бұл орынның бір кездері мәдениеті өркендеген өңір екендігіне заттай көзімізді жеткізу керек. Әлде де мақтанатын ештемеміз жоқ, бірақ қуанатынымыз көп. Қараханид дәуіріндегі топырақ қабаты жақсы ашылып жатыр. Табылған заттардың барлығы мәдениеттің өскендігін көрсетеді. Тарихта Талас шайқасы деген болған. Сол кезде қытайлар кеп, бұл жерді жойып жатқанда, екінші жағынан арабтар келіп құтқарған. Тараз осыдан аман қалған. Әйтпесе жермен жексен болғандай еді. Бұл – үлкен тарих. Оны көбісі айта бермейді. Содан қалған қала ғой. ЮНЕСКО-ның тізіміне еніп отырған қалалардың бірі. Дүниежүзілік тарихтың ішінде қазақ халқының қандай орны бар екенін дәлелдеп, «Біз кімбіз?» деген сұраққа жауап беруіміз керек. Бізді ылғи көшпенділер дейді. Ол дұрыс. Ал бірақ бізде қалалық мәдениет те, отырықшылық өмір де болған. Осыған көз жеткізіп алсақ, тереземіз тең болады».

Алғашқы теңге дүниеге келген қалалардың бірі

Сиыр сәске болғанда Ежелгі Тараздың Рабат бөлігіне де келдік. Мұнда көбіне қолөнершілер мен қарапайым шаруалар мекен етіпті. Осы себепті табылған құндылықтардың да дені шаруаларға тән заттар. Тарих ғылымдарының докторы, археолог Мұхтар Қожа өзінің зерттеу жұмысының нәтижелерін алдымызға жайып салды. «Мені таңғалдырып отырған дүниелер мұнда өте көп. Соның ішінде мен малдың сүйектеріне ерекше назар аударып жүрмін. Қазақ өзі етті жақсы көретін халық қой. Сондықтан күні бүгінге дейін етті жеуіміздің өз мәдениеті бар. Мысалы, жауырын сүйекті мүжіген соң, оның шетін кесіп, «жолымыз ашық болсын» деп тілейміз. Осы жерден шыққан жауырындардың бәрінде дәл солай ойылыпты. Біздің тамақ жеу дәстүріміздің өзіндегі осы бір ұқсастықтың өзі неге тұрады?! Сондай-ақ, Тараз Қазақстан бойынша алғаш теңге соққан қалалардың бірі. Көне түргеш теңгесін осы қалада шығарғандықтан, мұнда осы тиындар көптеп кездесіп жатады». Қазақ елі Ұлы Жібек жолына орналасқандықтан ақша жасау, оны айналымға енгізу өмір қажеттілігі деп тым ерте қолға алған. VІ-VІІІ ғасырларда билеуші рулардың таңбасы қашалған, ру рәмізін бейнелеген теңгелер құя бастаған. Мұндай теңгелерді Суяб, осы Тараз қалаларындағы арнайы шеберханаларда құйыпты. «Сосын сырлы ыдыстарды күйдіретін арнайы құралдар да шықты. Тараз қаласының өзінде керамиканы басқа жақтан әкелмеген. Осы жерде күйдіріп, осы жерде жасағанның айғақтары – бұл. Үндіден келген каури деп аталатын қабыршақтар­дың өзі қаламыздың осы елдермен тығыз байланыстың болғандығын білідіріп тұр. Мына бір құбырдың өзін қараңызшы. Оның су тартатын емес, канализациялық құбыр екені көрініп тұр. Лас суды төмен қарай ағызып жіберетін құрылғы. Бұл да жаңалық болып отыр. Еуропада кейінгі кезге дейін жаман суды көтеріп жүру қиындығынан терезеден шашып отыра бергенін ескерсек, бұл жерде осы құбыр арқылы бәрін астыңғы қабат арқылы ағызып жіберетін канализацияның үлгілері осы қалада болған. Сонда бұл сол кездегі Еуропалық мәдениетпен салыстырғанда өте жоғары деңгейде дамығандығының белгісі» дейді ғалым.

Қазбалардан қаланың жасын одан әрі ұзартатын жәдігерлер табылуы мүмкін

Белгілі археолог-ғалым Мадияр Елеуов мұнда Ежелгі Тараз қаласының бекініс жүйесін зерттеу арқылы қаланың қамалын табу жұмыстарын бастапты. «Осы жерден VІІ-ІХ ғасыр кезіндегі үлкен қоғамдық орынның сандығы ашылып жатыр. Енді не боларын қазба жұмыстары көрсетеді. Бірақ мына жерде қалыңдығы екі жарым метрдей тастан қаланған қамал көрінді. Екі метрден астам тереңдікте ашылды. Осыны қуалап солға қарай жүреміз. Қаланың шығыс жағынан үш жерден қамал аштық. Ені төрт жарым метрден тұратын қамалды ашып жатырмыз. Екі жерден кесік жасап қамалдың сыртын ашып қойдық. Сонымен қатар, қаланың қамалын табуға атқарылған жұмыстың нәтижесінде осы шығыс жағының, келешекте оңтүстік жағының қамалын ашып береміз. Бұл қаланың қорғау аймағын белгілеу үшін қажет. Сонан кейін біз ашқан құрылыстарға Түркістандағы, Отырардағы сияқты қайтадан қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, үлкен нысанға айналады деп отырмыз» деген ол мұны жақсылап зерттесе керемет кешен болғалы тұрғандығын алға тартты. Ғалымның айтуынша, Тараз қаласы керемет ойластырылған бекініс жүйесі болған. Бұған негіз жоқ емес. Қаланың сыртында төрт-бес қатар ұзындығы 40-50 шақырымға жететін мұнаралар болыпты. «Мынау Бота Мойнақ, Кіші Бурылдың, Үлкен Бурылдың үстінде, Киров су қоймасының қасындағы биік таудың үстінде мұнаралар болған. Олар күндіз түтін түтетіп, түнде от жаққан. Жаудың келе жатқанын алыстан бір біріне білдіртіп отырған. Біздің ашып отырған қамалдарымыз сөз жоқ сол таудың басындағы мұнаралармен байланысты. Бір жерден берілген белгі ондаған қалаларды қамтыған. Тарихымызды шамасы екі мың жыл деп бағамдап жүрміз. Бәлкім, ол одан да әрі болар. Былтырғы, биылғы қазбалардан қаланың жасын одан әрі ұзартатын жәдігерлер табылуы мүмкін. Бұл бір жағынан үлкен сәттілік пен еңбектің нәтижесімен келетін нәрсе. Шымкент қаласына 2300 жыл деп жүрміз. Меніңше, Тараздың жасы онымен тең болмаса, кем емес. Тіпті, одан бұрын болуы да мүмкін. Өйткені қаланың тұрған жері нағыз Жібек Жолының бойы ғой» дейді.

Туризм кластерін дамыту кезек күттірмейді

Елбасы Н.Назарбаевтың «Тараз – тарихымыздың алтын діңгегі» дегені бүгінгі ұрпаққа үлкен мақтаныш. Осынау киелі өлкеде ежелгі дәуірлерден, орта ғасырлардан, кейінгі тарихымыздан жеткен тарихи-мәдени мұралар тек бір елдің, бір ұлттың мүддесі үшін емес, бүкіл жер шарын мекен ететін адамзат үшін қызмет етуі тиіс екенін ескерсек, облыс әкімдігінің көне тарихымызды түгендеуге, зерделеуге жан-жақты қолдау көрсетіп отырғаны да зор мәртебе. Былтыр «Ежелгі Тараз» қалашығында жүргізілетін археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарына облыс бюджетінен 130 млн. теңге бөлініп, нәтижесінде 33 000 қыш құмыра бұйымдарының сынықтары табылды. Олардың ішінде 107 данасы бүтіндей сақталған. Биыл да облыс бюджетінен 100 млн. теңге бөлініп, археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары өзінің жалғасын тапқалы отыр. Ең бір кереметі, биылдан бастап, «Ежелгі Тараз» қалашығы орнында «Көне Тараз – Мәңгілік елдің бесігі» атты «Археологиялық саябақтың» бизнес-жоспары жасалуда. Аталған тақырыптағы бизнес жоспар негізінде «Ежелгі Тараз» қалашығын ашық аспан асты мұражайына айналдырып, туристік кластерді дамыту жұмыстары іске асатын болады. «Бұл жоспардың идея авторы облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың өзі. Бұл бағытта бүгінде аймағымызда қарқынды жұмыстар жүруде. «ЭКСПО – 2017»-ге қатысатын бес облыстың бірі – Жамбыл облысы. Облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлының төрағалығымен ғылыми кеңес құрылған еді. Оның құрамында осы қазба жұмыстарына атсалысып жүрген белгілі тарихшы ғалымдар, археологтар бар. Барлығы өздерінің әдістемелік іс тәжірибелерімен алмасады. Бір-біріне бағыт, бағдар береді. Өйткені, әр топ өздерінің бағыты бойынша кетіп қалуы мүмкін. Сондықтан бірінің пікірін бірі ескерулері керек. Оның үстіне осы жерде ғана Қазақстан бойынша ғалымдардың басын қосып отыр. Негізінен әр өңір өздерінің жергілікті ғалымдарымен ғана жұмыс жасап жатады ғой. Биылғы қазбаның ерекшелігі сонда, еліміздің әр түкпірінен келген ғалымдар жұмыс жасауда» деген облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау дирекциясы директорының міндетін атқарушы Нұрхат Серікбаев тарихи құндылықтарымызды қорғау жолындағы жұмыстың ерекше қарқын ала бастағанын жеткізді. Бұл сөзінің жаны бар. Жақында ғана еліміздің Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың ҚР Мәдениет министрлігі және Жамбыл облысы әкімдігі арасындағы «Тарихи-мәдени құндылықтарды сақтауда және пайдалануда ынтымақтастық пен өзара байланысты қамтамасыз ету» жөніндегі меморандумға қол қойғандығы – осының айғағы. Бұған министрлік үлкен мән беріп отыр. Әсіресе, әлгінде өзіміз айтып өткен туризм кластерін дамыту бойынша бұрынғы базар орнында алдағы уақытта салынбақшы заманауи үлгідегі тарихи-мәдени нысандардың жобасына қызығушылық басым. Ғалымдар мен тарихшылар жиналып ғылыми кеңес құратын конгресс-холл, туристер мен қонақтарға арналған қонақ үйлер мен мейрамханалар, мұражай, сауда, ойын-сауық және демалыс орындары, көне қала аймағын тамашалауға арналған биік мұнарасы да болатын бірыңғай кешеннің сызбасы шынында да қаламыздың көркін арттырып жіберер еді. Меморандум бойынша осы нысандардың құрылысын қаржыландыруға Үкімет тарапынан да арнайы қолдау көрсетілетін болса, нұр үстіне нұр!

Түйін

Білгенге, екі мың жылдық тарихы бар көне Тараз шаһарындағы Мыңжылдық мешіт, Қарахан әулие, Дәуітбек, Айша бибі, Бабаджа хатун, Шоқай датқа,Тектұрмас кесенелері, Қали Жүніс моншасы, Ақкесене мұнарасы, Ақыртас археологиялық сарай кешені тәрізді көне ескерткіштер еліміздің ғана емес, түркі халықтарына ортақ тарихтың, мәдениеттің және сәулет өнерінің баға жетпес байлығы. Біз тарихи-танымдық экспедициямыз барысында бұл құндылықтардың қатары арта береріне көз жеткіздік. Қазба жұмыстарының қарқыны мен сапасын арттыруға тарихшылар мен археологтарды көптеп тарту, табылып жатқан тарихи жәдігерлерімізді сақтайтын және көпшіліктің назарына ұсынатын ашық аспан астындағы мұражай кешенін жасау, туризм кластерін дамыту үшін осы замандық үлгідегі қонақ үйлер, мейрамханалар, сауда, ойын-сауық және демалыс кешені құрылыстарын бастау мерзімі де жетіп тұрғандай. Оларды алдағы «ЭКСПО-2017» көрмесіне келетін шетелдік қонақтарға көрсетуге лайықтап және жеделдетіп жасау міндеті де тұр. Сондықтан, бұл нысан алдағы уақыттарда да біздің үнемі назарымызда болады.

Экспедиция мүшелері: Жетекші – Көсемәлі Сәттібайұлы, Мүшелері: Гүлжан Рахман, Ақәділ Рысмахан (фототілші). Тараз – Ежелгі Тараз қаласының орны – Тараз.