- Advertisement -

жастары жалынды елдің ертеңі нұрлы

162

- Advertisement -

Бүгінде жастар саясатының «Қазақстан 2020: болашаққа жол» тұжырымдамасы облыста қалай жүзеге асырылуда? Индикаторлық көрсеткіштер көңіл көншіте ме? Бұл туралы облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен өткен жастар істері жөніндегі кеңес отырысында жан-жақты талқыланды.
Жамбылдық жастардың жай-күйін баяндаған облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мәди Мәтен бүгінгі таңда өңірде 240 мыңнан астам жастың бар екенін жеткізді. Бұл облыс тұрғындарының 21 пайызын құрайды. Олардың 186 мыңы еңбекке қабілетті жаста болса, қалғандары студенттер мен оқушылар.
– Ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанындағы жағдай бойынша, «Жастардың жалпы санында «NEET» көрсеткіші 9, 2 пайызды құраса, жыл соңында мұны 8,5 пайызға төмендету көзделуде. Бұл дегеніміз – еш жерде оқымайтын, жұмыс істемейтін жастар. Ал өңір жастарының мемлекеттік жастар саясатына қанағаттану деңгейі 76,6 пайызды құрайды. Жылдық жоспар – 73,0 пайыз.

Бүгінде өңір жастарын жұмыспен қамту мақсатында тиісті шаралар жүргізілуде. Келісім аясында 12003 жасты ваканттық бос жұмыс орындарына, жастар практикасына, әлеуметтік жұмыс орындарына тарту және кәсіби оқудан өткізу, кәсіпкерлік негіздеріне оқыту және шағын несие беру көзделген. Бұл бағытта жартыжылдық көрсеткішті 106 пайызға орындап, 5732 жасты жұмысқа тарттық, – деді М.Мәтен.
Алайда осы бағытта бірқатар аудандар көздеген межеге қол жеткізе алмаған екен. Айталық, ваканттық бос жұмыс орындарына тартуда Жамбыл, Жуалы, Қордай, Меркі, Талас, Т.Рысқұлов аудандары, жастар тәжірибесі бойынша жолдама беруде Меркі, Мойынқұм, Сарысу аудандары мен Тараз қаласы және әлеуметтік жұмыс орындарымен қамтуда Жамбыл ауданы жоспарды орындамаған. Кейбір аудандар өздері ұсынған жоспарларының жартысын да жүзеге асыра алмағаны ондағы жауапты мамандардың жұмысқа салғырт қарағанын көрсетеді.
Мәди Мейірбекұлының айтуынша, ағымдағы жылдың алғашқы тоқсаны бойынша өңірдегі жастардың жұмыссыздық деңгейі 2,6 пайызды құрап, өткен жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда 2 пайызға азайған. Бұл республика бойынша ең жақсы көрсеткіштердің бірі саналғанымен, мәселе түпкілікті шешілді дей алмаймыз. Өңір жастарының ішінде әлі күнге 6200 адам жұмыссыз қалып отыр. Осыны ескерген Асқар Исабекұлы әлі де болса жұмыссыздықты азайту керектігін айтып, ол үшін тиісті басқарма мен өңірдегі 12 жастар орталығының жұмысын жандандыруды тапсырды.
– Жұмыссыздықпен қалай күресеміз? Жастарды кәсіпкерлікке қалай баулимыз? Олар өз кәсібімен айналысу үшін не істеуіміз керек? Міне, бірінші кезекте ойланатын мәселелер осы. Егер де әрбір жастың тұрақты жұмысы болса, олардың жүрегінде патриоттық сезімі жоғары болады, басқа мәселелерді де шешуге мүмкіндік туады. Жастар саясатына, елдің дамуына тиісінше үлес қосуға талпынады. Кәсіп болған жерде заң бұзушылық азайып, тәртіп сақталады. Иә, бүгінде жастар түрлі жиналыстар мен семинарларға келмейді. Шындығында қаптаған жиналыстың олар үшін ешқандай қызығы жоқ. Жас буынды қызықтыру үшін бізге нақты жұмыстар жүргізу керек. Ал енді кәсіпкерлікпен айналысуына мүмкіндік жасау, қолдау көрсету мәселесінде біз нақты ұсыныстармен жол көрсетсек, олар ары қалай алып кетуге тырысады, – деді Асқар Мырзахметов.
Жиында Тараз қалалық жастар орталығының мамандары өз ойларын айтып, болашақта атқарылуы тиіс жобаларын ұсынды. Сонымен қатар облыстық қоғамдық кеңес мүшелері де пікір білдіріп, өңір жастарын патриоттық бағытта тәрбиелеу үшін ардагерлермен байланысын күшейтіп, ұрпақтар сабақтастығын жандандыру қажеттігін атап өтті. Жиынға қатысушылар студент жастарға жолақыны арзандату, олар кездесу өткізетін жастар үйін салу секілді мәселелер көтерілді. Өңір басшысы жиынды қорытындылай келе жастар арасында кәсіпкерлікті дамытуды, өңірлерде көшпелі семинарлар өткізуді тапсырды.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support