- Advertisement -

Тектұрмас әулие кесенесі

533

- Advertisement -

Оны қоқыс тастайтын орынға айналдырмайық

10

Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыз тазалықтың маңызы жайлы былай деген: «Тазалық – иманнан», «Тазалық – иманның жартысы», «Төңірегіңізді таза ұстаңыз». Бұл жерде тәннің де, жанның да, заттың да тазалығы туралы айтылған. Оны бір-бірінен бөле-жара қарау әбестік болар. Десек те, қалалықтар «төңірегіңізді таза ұстаңыз» дегенді күнделікті өмірде неге ұстанбайды? Сөзі мен ісі қабыспай, нәтижесі көңіл құлазытарлықтай болып жатса, оған әрине, тұрғындардың өзі кінәлі.

8

Ел-жұрт Тектұрмас әулие кесенесіне зиярат етуге күн құрғатпай баруда. Оның ішінде, тараздықтармен қатар, сырттан келетін қонақтар да баршылық. Келушілер кесене төңірегіне де назар аударады міндетті түрде. Таза болса – риза, шашылған күл-қоқысты көрсе – нариза. Сол нариза ететіндер кімдер?
Жас жұбайлар салтанатты тойлары алдында заңды некеге тұрып, Қарахан ата, Айша бибі, Тектұрмас ата кесенелерін аралауды дәстүрге айналдырған. Ниеттері өте дұрыс. Әруақтар рухына Құран бағыштап, шырақшыдан да, аузы дуалы үлкен кісілерден де бата алғанға не жетсін?! Бірақ, оның қасиетін кейбір жастар жіті түсініп жүрмеген секілді. Мәселен, ырду-дырду топпен Тектұрмас ата кесенесі тұсына келген ондай жастар биіктеу төбе басына шығып, жейтіндері мен ішімдіктерін көлік үстіне қойып, тост көтереді. Өздерінің қандай орынға келіп тұрғандарымен ісі жоқ. Жаңадан шаңырақ құрғандар кесенеге бас сұғып шыққан соң, ниеттес достарымен, туыстарымен суретке түсіп, ары қарай жол тартады. Ал соңдарында шашылған бос құтылар мен қалдықтар қалады.

9
Біз Тектұрмас ата кесенесінің шырақшысы Марат Поштабаевпен тілдестік. Ол осында 12 жылдан бері шырақшы екен. «Кесене төңірегін күнде өзім бір аралап, сауап үшін тазалап тұрамын. Бұрын төңіректегі қалдықтардан көз сүрінетін. Қазір айнала бұрынғыдай шыли лас емес. Соңғы екі-үш жыл ішінде біраз тәртіпке келіп қалды. Тасталған қалдықтар анда-санда жинастырылып, әкетіліп тұрады. Кешке қарай мынау қырларға қыз-жігіттер шығып, қыдырыстайды. Солар ішіп-жегендерінен қалғанын тастап кетеді. Негізінен полиция өкілдері, яғни, патрульдер келіп, аралап кететіндіктен, тәртіп біршама жолға қойылған», – деді ол.
Кесенеге барар жолдардың жиектерінде үйме-үйме қалдықтар жатыр. Оны әрине, автокөліктерімен арлы-берлі өткен жүргізушілердің тастап кеткені анық. Әркім-әркім мәдениетсіздігін осылай жалғастыра берсе, кесене маңы қоқысқа толмай ма? Спирт комбинаты орналасқан аймақтағы №22 орта мектеп оқушылары шамаларының жеткенінше жақын төңіректі тазалаумен келеді. Қазір оқушылар каникулда. Олар жазғы демалыстан оралғанша сай мен қырды қалдықтарға толтырып тастауымыз керек пе?! Ересектер жас ұрпаққа қандай тәрбие беріп отыр бұл әрекеттерімен? Соны ойлайық та бір сәт.
Талас өзені жағалауында демалған азаматтар да қайтарында жан-жағын жиыстырудың орнына, былықтырып кетуде. Тал-дарақтың былғанған саясын енді кім сағалар екен? Осы аумақтың жауапкершілігін мойнына алған қала әкімінің бас инспекторы заң бұзушылықтарға тосқауыл қойып, шара қолданбауы қалай?
Сөздің тоқетері, қаланы таза ұстауға қашан үйренер екенбіз? Келешек ұрпақ қандай үлгі алуға тиіс? Адам адамнан ұялмаса, кім болғаны? Осы сауалдар жанды жегідей жемей ме? Ойланайықшы, ағайын!

Лесбек Сайлаубек,
«Ақ жол».

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support