Өлеңімде түпнұсқамын, өмірімде көшірмемін...
Өлеңімде түпнұсқамын, өмірімде көшірмемін...
Өлеңімнің жолдарынан
Қайта жанды өшіргенім, Қате болды кешіргенім. Өлеңімде түпнұсқамын, Өмірімде көшірмемін.
Арбағандай өзге сенім, Толып қалды көзге шерім. Ертеңімнен түк таба алмай, Ертегіммен кездесемін...
Ей, ертегім, ойымды ап кел, Сен де ақынды мойындап көр. Сызылмаған өлеңдерім, Жазылмаған қойындәптер.
Кеткен күндер кетті дедім, Ерткен күндер ертті дедім, Қойындәптер табар ма екен, Бойымдағы дертті менің.
Сөйлей қалсам сөзім бөтен, Сәттер ғайып төзімге тең. Айлар бойы айыға алмай, Өз дертіммен өзім кетем.
Тағдырымның тоңдары нән. Қайырым жоқ қорғанынан. Бір кешірім күтіп келем, Өлеңімнің жолдарынан
Өзіңді іздеп барам!
Бұлқынған бұлақтардан, Сыңсыған жел үнінен. Арманнан жылап қалған, Жастықтың желігінен.
Будақ бұлт жанарынан, Шырақ күн жүрегінен. Сәттерден сан арыған, Сәттерден түн еріген.
Уақыттан жылжып аққан, Бақыттан баяу жүрген. Кездерден түн жылатқан, Минуттан аяу білген.
Айналған жер шарынан, Лайланған күдіктерден. Өткен шақ шер-зарынан, Үкілі үміттерден.
Ең ұлы біз деулерден, Сезімді күз деп қалам. Өзім боп түздегі өлең, Өзіңді іздеп барам!
Өлеңімнің киесінен қорықтым
Алагеуім шақтан қашса еріп түн, Сезімдердің шеруінен шер ұқтым! Өміріме нүкте қойшы, қанеки, Көңіліме құлап кеткен көріктім!
Іңір қақса маңдайынан сәрінің, Кіл күнгейге серік болар кәрі-мұң. Жұлдыздардың жанарынан гүл жинап, Үр қыздардың күнәсіне «жарыдым».
Түн иеме тұсалып қап ойыным, Талай мәрте соқтым түннің сойылын. Енді өзімді ұстап берсем өзгеге, Енді өзімнен күте алмаймын қайырым!
Қорғансызды қорғайтындай қорық-түн, Ойынымнан бақыт емес, сор ұттым. Өмірімнің иесінен қаймықпай, Өлеңімнің киесінен қорықтым!
Періште қыз
Жүрегімде жүзіңнің табы қалған, Жанарымнан жылжыды ағып арман. Сені сүйіп құтқарғым келді өзімді, Асқақ тұру үшін де жабылардан.
Жаралады, жан біткен түсінбеді, Барлығы паң, ешқайсы кішірмеді. Періште қыз, перідей арбап ал да, Күндей күліп, сабама түсір мені...
Періште қыз, кешеге жүгінбедік, Жүрегіме бекіші бүгін келіп. Сен қуантшы, жазылар жырым болып, Мен жатайын жолыңда гүлің болып...
Дайын уайым – ойымды меңдеген күз, Меңдеген күз, дертіңнен емделерміз. Періште боп қасымда жүред ылғи, Пенде болып өмірге келмеген қыз. ПЕРІШТЕ ҚЫЗ!
Әлемге керекпін мен!
Жанардың қуысында, Жазбаған жатыр әнім. Жүрегім, уысыңда, Жамылар топырағым!
Өзіме өзім бөтен, Неліктен зорсынамын. Кездерім төзімге тең – Келеді жол сұрағым...
Құрдымға түсіп кетпей, Ішімнен тына бердім. Жанымнан ұшып кетпей, Жүрегім тұра бергің!
Сейілмес базынам да, Жазылмай жатыр әнім. Өмір боп жазылам да, Өлең боп оқыламын!
Ақынмын, дерегім саз, Өрлеймін өр екпінмен! Әйелге керегім аз, Әлемге керекпін Мен!
Аласа болмасын деп...
Қара түн дидарынан, Ақ әлем жанарынан. Мезгілден сый дарыған, Кездерден жан арыған.
Перілер арбауынан, Алыстап мұң түсінен. Пенделер қармауынан, Періште күлкісінен.
Ғашықтар ғазалынан, Жасықтар жазар жырдан. Адамдар ажалынан, Қаулаған мазар қырдан.
Ең ұлы азаптардан, Ақынның еркінен де. Ғаламат ғажаптардан, Жібектің көркінен де.
Сезімнің селінен де, Бейуақыт тасығанда. Төзімнің көлінен де, Жанардың жасынан да.
Махаббат ортасынан, Жүзінен сүйікті ойдың. Жүректің картасынан, Мен сізді биік қойдым!
Қазаны жиып қойдым, Жаратқан қолдасын тек. Мен сізді биік қойдым, Аласа болмасын деп!
Табиғат Абаилдаев