Әлеумет

Жаңашылдықты жанына серік еткен

Жаңашылдықты жанына серік еткен

Қуатбек қартты ауданның үлкен, кішісі түгел таниды десе де болады. Қоғамдағы өзгерістердің тамырын тап басып тани алар көзі ашық, көкірегі ояу қария тура сөйлейтін, шыншылдығымен, еңбегімен көпке үлгі. Әсіресе тәуелсіздіктің елең-алаңында-ақ нарыққа өтпелі кезең талаптарымен бірге жетер жаңашылдықты шынайы сезініп, алғашқылар қатарында шаруа қожалығын ашып, қалыптастырып, аяғына қойғанының өзі неге тұрады! Осындай ерекше ойлау, ел болашағын күні бұрын болжамдай білу қабілетімен бүгінде елінің елеулісіне, халқының қалаулысына айналып отыр. Аудандағы кәсіпкерлік ісінің «ізашары» үшін өзінің жеке шаруашылығы жұмысын дөңгелентіп әкету жеңілге түспегені белгілі. Ал нарықтық қатынастарға бейімделу, оның қиындықтарын ерен еңбекпен еңсеру керек-ақ. Түптің түбінде осы кәсібімен отбасы, әулетін, елді асырауға болатынына деген нық сенімі оны ұдайы алға жетелеумен болған. «Тәуекел деген желқайық, жүзесің де кетесің» демекші, айтулы кәсіпкердің ал дегенде-ақ жолы болып кетті. 1995 жылы «Тырнақбай» шаруа қожалығын ашып, Түктібай ауылынан 14 гектар жер алған жылы ақ егістің әр гектарынан 40 центнерден өнім жинағаны бар. Бұл әжептәуір қомақты көрсеткіш еді, қожалыққа түскен табыс есебінен су жаңа доңғалақты трактор сатып алынды. Егістік алқап көлемі де жылдан-жылға ұлғайтылумен болды. Бүгінде «Тырнақбайдың» иелігінде 6 гектар алма бағы, 140 гектар егістік жер бар. Техникасы да жеткілікті. Бір жағынан Қуакеңнің ел алғысымен көсегесі көгерді, көрпесі ұлғайды десе де болады. Өйткені ол кісі не көрсе де елімен бірге көруді қалайды. Ауылдықтарға шама-шарқынша қарайласып, мұң-мұқтаждарын шешуге, құқықтары мен мүдделерін қорғауға да әркезде дайын. Кезінде «Бурное октябрь», «№10 кеңшар» шаруашылықтарының жері болмашы қаржыға сатылып кетейін деп тұрған кезінде сол уақыттағы облыс басшысына, Ауыл шаруашылығы министріне кіріп, елді ауызбіршілікке шақырумен жүріп қорғап қалғандардың бірі де – осы кісі. Сол жердің ел бүгінде игілігін көріп отыр. «Ер алғыспен көгеретіні» секілді Қуатбек Төлегеновтің өзінің де шаруасы шалқып, жеке кәсіпкерлігінің керегесі кеңейе түсуде – отбасылық кәсіп желісінің тағы бір бунағы пайда болды. «Үлкен отаудан» еншісін алып, бөлініп шыққалы бергі аз уақыт ішінде «Төлеген» шаруа қожалығы тірлігін тіктеп, түтінін түзулеп алған. Оған қарияның ұлдары Медет пен Мейірбек ие. Жастайынан еңбекке ысылып, ширап өскен ағайындылар да әке жолымен жүріп келеді. Олар алғашқы жылдары кездескен қиындыққа да мойымады. 2011 жылы мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 11 миллион теңге несиеге 50 сиыр, 5 бұқа сатып алған болатын. 2016 жылы «Сыбаға» аясында тағы 8,5 миллион несие алумен байланысты мүйізді ірі қара малының аналығы басы тағы 30-ға көбейтілуіне қол жеткізілді. Қазіргі таңда аталған қожалықта 230 аналық ірі қара малы, 75 жылқы өсірілуде. Қожалық иелігіндегі 600 гектар жердің 400 гектары егістік. «Қазагроқаржы» мекемесінің несиелік қаражаты есебінен алынған 6 трактор бар шаруаны дөңгелентуде. Ең бастысы, астық орып жинауда, жемшөп әзірлеуде болсын төлегендіктер өз техникалары көмегіне арқа сүйейді. Әкеден балаға жұғысты болған еңбек дәстүрінің әулеттегі сабақтастығы еш үзілмек емес. Мысалы, Мейірбектің келіншегі Майра да шаруаның бір жағына болысып, перзенттерін де еңбекке бейімдеп өсіруде. Балалардың ересектері Мұхамеджан мен Әлішердің оқудан қолы босаған сәтте трактор руліне отыратыны бар. 8-сыныпта оқитын Алдияр да қолы сәл босаса-ақ, шаруашылық ісіне жәрдем береді. Нұрислам, Қабылбек, Нұрсұлтандар да көмек қолын созудан аянып қалмайды. Енді олар жазғы демалыстарында астық орып бастыру, мал жайлау жұмыстарында нағыз көмекшілерге де айналатын болады. Қожалық бүгінде 5 адамды жұмыспен қамтып отыр. Маусымдық жұмыстарға да ауыл азаматтары көптеп жұмылдырылмақ. Алдағы уақытта бұл шаруашылық мал басын өз төлі есебінен көбейтіп, мүйізді ірі қараны 400, жылқыны 300 басқа жеткізуді көздеуде. Қуатты шаруашылыққа айналса, ауылға көп көмек те көрсете алатынын қожалық жетекшісі жақсы түсінеді. Сол мүдде жолында тер төгуде. Мәкең төрағамын демейді өзі малға қарап, трактор жүргізіп, егістік жайын барлап, анда-мында шапқылаумен жүргені. – Қазір қалғитын заман емес. Мүмкіндігінше алға, дамуға ұмтылған жөн. Балаларымды шаруашылық ісін меңгеруге бейімдеп жатқаным да бекер емес. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында ауыл түлектерін туған жерді түлетуге үндейді. Осы орайда, айтулы кәсіпкерлер өз ауылдарына денсаулық, спорт нысандарын салып, мектептерін жөндеп беріп жатыр. Мен де шаруашылығымды дамытып, елімнің, туып-өскен ауылымның өркендеуіне үлес қоссам деймін. Келешекте 20-25 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етуді көздеп отырмын, – дейді «Төлеген» шаруа қожалығының төрағасы Мейірбек Төлегенов. Міне, осылай Қуатбек қарияның өзі де, ұл, немерелері де тынбай еңбек етіп, ел игілігі үстелуіне өзіндік үлестерін қосумен келеді. Айта кетейік, Қуатбек ақсақал өмірлік серігі, «Алтын алқа» иесі Жақсыгүл апамыз екеуі 10 ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан 41 немере, 24 шөбере сүйіп, мәуелі бәйтерекке де айналып отыр. Бұл күнде Мейрамгүлі мен Гулясы – мұғалім, Бақыт – полиция қызметкері. Саракүл, Меруерт, Сұлушаш, Сәулелер де өмірден өз орындарын тауып, мамандықтарына сай еңбек етуде. Жаңабек те – шаруа. Жасы үлғайған ата-анасына қарап, жағдайын жасап отырған да осы Жаңабек пен оның жұбайы Зүлфия. «Кәсіптің көзін тапқан нәсіптің өзін табады» деген сөздің еш жалғандығы жоқ. Бұл күнде сексен жастың сеңгіріне жақындаған Қуатбек қария өзі іргетасын қалап, бастап берген кәсіпкерлік ісін ұрпақтарының жалғастырып әкеткеніне шүкіршілік етіп, өзі таңдаған жолдың дұрыстығына көз жеткізіп те отыр.

Есет Досалы

Жуалы ауданы.