Байлығы – бір домбыра, аты – бармақ...
Байлығы – бір домбыра, аты – бармақ...
Ақын Бармақ Мықанбайұлы туралы ой
Рухани қазына деп жатамыз... Сонда ол неден тұрады, қалай құралады? Әлбетте, хан қазынасындай алтын, күміс, асыл тастардан емес. Сірә, ол өлең-жыр, қисса-дастан, әңгіме-әпсана, ән-күй, мақал-мәтел, шешендік, пәлсапалық сөздер, ұлттық салт-сананың сан тарау-тармақтары қамтитын дүниеліктердің сонау-сонау атамзамандардан, анамзамандардан бері бүгінгі күнге дейін жасалып, мезгіл-мезгіл жаңартылып, жеке адамның да, тұтас халықтың да өміршеңдік қасиетін сақтауға, кұшейтуге қызмет етіп келе жатқан қай өлшеммен алсаңыз да баға жеткісіз құнды, есігін пайым-парасатты, танымдық талабы зор кісі ашып қалғанда көз қарықтыра жақұттай жарқ-жұрқ етер ғажайыптарға толы бір асыл қойма болса керек. Қоймадағыларды қолынан өткергендердің көптен-көбінің жалқы есімдері баяғыда-ақ баянсыз болып, «Халық» деген қасиетті жалпы есімге айналып кеткен. Ал есімдері есте, аттары ауызда қалғандарының жасаған рухани бұйымдарының талай-талайы көшпендінің көші өткен жолдарда жазатайым жоғалып, заманалардың сұрапыл дауылдарында ұшы-қиырсыз уақыттың жапан түзінде ұшып кете барған. Өздерінің бейнелері болса кешкі ымырт, бейуақыттағыдай көмескілене берген, көмескілене берген... Осы секілді шым-шымдап жылымға сүйрелейтін әрі қолдан келер қайранның жоқтығын да сездіріп өтетін ойлар келгенде менің есіме көбінесе 1872 жылы қазіргі Жамбыл облысы Шу ауданының Балуан Шолақ ауылына қарасты Далақайнар жайлауында дүниеге келіп, 1942 жылға дейін 70 жылдай қызыққа да, азап-тозаққа да толы өмір кешкен, сүйегінің қайда қалғаны да белгісіз қайран ақын Бармақ Мықанбайұлы атамыз түседі. Аңқылдаған албырт, алып түсер алмастай өткір, бұрқыраған бұлақтай мөлдір, даладай дарқан мінезді әрі қасіретті бейне елестейді. Бұл, әрине, көзбен көрілген емес, ақынның марқұм Уәш Асатов секілді халықтық қазынаға жанашыр азаматтардың ел аузынан жиыстырған өлең, терме, айтыстарынан іштей сезілген бейне яғни оның солай етейін деп өзі де ойламастан сөзбен жасап кеткен автопортреті. Сонау замандардағы таланттың қазақи қалпы. Ол қалып тірмізік, асау да болатын. Соның арқасы ғой, жетімдіктен де, кедейліктен де жасып, жүнжіп, жүдеп кетпегені, өмірдің, өнердің өзіне лайық жолын шарқұрып іздеп, табанын тас пен тікенге тілгізіп, Хантауынан Қаратауға беттегені.
– Бұралқы датқа болған Қаратауда, Керімбай баласы оның, ол да сонда. Өзбек, Өсер, Дәулет – жақсыларға Жетуге ынтық болып түстім жолға... Шымырдың мен ақыны, атым – Бармақ, Көтеріп сал домбыра жүрдім зарлап. Алдымен Керімбайға амандастым, Жеткіздім білгенімнің бәрін сарнап: «Байболат өлгеннен соң сізге келдім, Байлығым – бір домбыра, тілім жалдап. Ел үшін жаратады ақындарды, Шымырдың баласы деп келдім таңдап». «Сен менің ақыным бол, қасыма ер» деп, Бір атты тұрманымен берді қамдап. Қайда да той-жиынға апарады, Бас қосқан мұндай жерде өңкей саңлақ...
Өзінен мүшел жас кіші, тағдырларының алғашқы кезеңі өте ұқсас Кенен інісінің Қордайдағы атақты Кебекбай, Ноғайбайлардан қамқорлық көргеніндей Бармақ та Бұралқы, Керімбай секілді Әулиеата, Қаратау аймағындағы ірі тұлғалардың жасаған жақсылығы арқасында өмір танымы кеңейеді, өзі де ақын ретінде мәшһүр болады. Сүйінбай, Майлықожа, Құлыншақты үлгі тұтады. Көкшетаудан Алатауға келген аталас ағасы Балуан Шолақтың сал-серілік тобына қосылады. Өзбек Ақжолұлы сынды ақын -ғұламалармен үндес болады.
– Әндіжан барған Бармағың, Ақмешіт барған Бармағың, Түркістан барған Бармағың, Қу ағашты қолтықтап, Талай жерді шарладым. Таразыға түскенде, Басым еді салмағым. Ақындарға жайылды, Зығыр майдай зардабым...
«Басым еді салмағым» дегенде, әрине, денесінің емес, сөзінің салмағын, ірілігін, ақыл-ойының озғындығын айтып отыр. «Ақындарға жайылды, зығыр майдай зардабым» деуінде де астар жатыр, айтыстардағы жеңімпаздығын меңзейді. Айтыс демекші, Бармақ айтыстарының бір биік шыңы – көркемдік, мазмұндық, әлеуметтік мән-мағынасы жағынан алғанда кезінде «халық жауына» жуымайық дегендіктен бе, әйтеуір, әдебиет зерттеушілердің назарына ілікпегені болмаса атақты Біржан-Сара айтысынан кем түспейтін Жанат қызбен айтысы. Сөз қақтығыстарында ұшқан ұшқын жай отындай жарқылдайды. Қараңыз:
– Шымырдың мен ақыны, атым – Бармақ, Елімнің сүйенгені – алтын балдақ. Қашқанды құтқармайтын өзім жүйрік, Тереңнен жайын ілген мен бір қармақ. Ақынды анау-мынау менсінбеймін, Өзіңдей зор ақынды жүрмін таңдап, – деп желпініп алған Бармақ желсөзді Жанатқа қарай былай боратады:
– Хантауы, Жиделі мен жерім Шоқпар, Соғатын тасты ұшырып желі сотқар. Үш күннен асып кетсе соққан желі, Дегенде жеті тәулік әрең тоқтар. Екпінім желден қатты меніңдағы, Талай қыз жеңілген соң болған көкпар!..
Табиғат пен адам жаны құбылыстарының ұқсастығын, үйлесімін қалай шебер жеткізген! Енді қыз жауабына зер салайық. – Рас қой, желің күшті, жерің Шоқпар, Желіңдей сотқар болсаң әркім боқтар. Сотқарды тезге салып түзететін, Елімде жақсы би мен әділ сот бар. Тентексіз ел болмайтын, абайлағын, Жақсың кім жазым болсаң сені жоқтар?..
Ғажап! Сөзде де, ой желісінде де бір мін жоқ... Шіркін, Бармақпен осындай шайқаста жеңілмей, жеңбей тең түскен Жанат ақын жөнінде не білеміз? Айтыста айтылған жайлардан мәлім болғаны – оның Қаратау, Жон жағын жайлаған Сіргелі елінің қызы екендігі, біреуге атастырып қойылғандығы. Жанат өмірін, ақындық өнер жолын зерттеуші жан бар ма?.. Білмейді екенбіз. Бар болса – жақсы, жоқ болса өте-өте өкінішті... «Сен – балдыз, мен жезде боп бұдан былай, өтейік ойнап-күліп осы бетте» деп Жанатпен ризашылықпен қоштасқан Бармаққа оралайық. Осылайша сан айтысқа түсе жүріп топ жарып, ел аралап өмір жайлы, заман жайлы нөсерлете жыр-термелер төгіп, шығармашылық жағынан мейлінше шыңдалған, ақ алмастай суарылған Бармақты басқа ақындар да, оның ішінде қазақ ауыз әдебиетінің Алатаудай алыбы Жамбыл атамыз да жоғары бағалаған, қадір тұтқан. 1919 жылы Ұзынағашта ақындар бас қосқан үлкен жиында Жәкең:
– Қолында қыл қобызы Бармақ отыр, Бір сөзді айтайын деп арнап отыр. От-жалын ақындардың төресі бұл, Әрбір сөзін салмақтап парлап отыр, – деген. «От-жалын ақындардың төресі бұл...» Бұдан артық қандай баға болуы мүмкін? Әсіресе, мұны басқа емес, ұлы Жамбылдың өзі беріп отырса?!. Ал «қолында қыл қобызы» дегенге келсек, Бармақ жасырақ кезінде өлеңді домбырамен айтса, егде тартқан шағында қобызға қосылған көрінеді. Неліктен? Бәлкім, көкіректі кернеген шер-шеменді аңырата сыртқа шығаруға қобызды қолайлы көрді ме екен? Әлде төменгі Шудағы Ықыластың немесе төменгі Сырдағы Қорқыт ата дәстүрін жалғастырушылардың әсері болды ма?... Белгісіз. Қайткенде де Жәкең айтқандай, от-жалын ақындығынан ажыраған емес. Уәш Асатов ағамыз тоқсаныншы жылдардың басында жариялаған Бармақ ақын жырларының топтамасынан ол кісінің атақты ақын ғана емес, өз дәуірінің кемел ойлы азаматы, елге ес болуға жарайтын кісі екенін де байқау қиын емес. Бір дерек. Жетісудың біраз игі жақсылары бас қосқан бір жиында әркім «бізден анау шыққан, мынау шыққан» деп отырғандар ру-руға бөлініп, жіктеліп бара жатқанын байқаған белгілі қайраткер Жуаныш Бәрібаев: «Бармақ ел аралап жүр ғой, әділетін сол кісі айтсын» дейді. Сонда ол сәлемдесіп алған соң ойын былайша жырмен жүйелейді: – Қолына қыл қобызын алды Бармақ, Абырой қолдан келсе әркім алмақ. «Бәйдібек, Бәйдібек!» деп атой салсам, Отырып осы арада кімдер қалмақ?! Тыңдаңыз отырғандар осындағы, Мөлшермен әрқайсысын салмақтадым, Таластың керегі не, бір емес пе, Ұраның, сиынатын әруақтарың. Бабамның баласының үлкені Албан, Қытаймен шекарадан орын алған. Әулие ер Райымбек атам содан, Есімі жарықтықтың мәңгі қалған. Қойыпты ақ түйесі шөккен жерге, Кезінде атамыздың дүние салған. Мазары сол атамның Алматыда, Астана қазағыма мекен болған. Талайға шарапаты тиген екен, Болғаны қызырлы адам емес жалған. Суаннан Құлан батыр елін қорғап, Жауына қытай, қалмақ қайрат қылған. Тең ақын Сүйінбайға табылған ба? Бөлтірік айтар сөзден жаңылған ба? Сыпатай батыр шыққан ер Ботпайдан, Жеңбеді қас жаулары жабылғанда. Шымырдан үздік шыққан датқа Мәмбет, Байболат, Дәуітәлі, Мәңке – Сәмбет. Өзбек, қырғыз, қазақ тегіс білед, Жаныста Төле бабам атақты би, Баласы үш жүзімнің көрсеткен сый, Ноғайбай қырғыз Шабден қызын алып, Келінін Құнанбайдың еткен бір үй. Қарасай Шапыраштыдан батыр шыққан, Ұрыста қалмақ қашып сайға бұққан. Күресіп Балуан Шолақ Карон дәумен, Сындырып қабырғасын топта жыққан, Жігіттер, болмашыға ерегіспе, Бірігіп, ұмтылыңдар керек іске. Сарыүйсін, Албан, Суан, Дулат, Ысты, Туысың Шапырашты бір емес пе. Ошақты, Ойық, Тілік олардағы Туғаны Бәйдібектен шын емес пе?! Жігіттер, қажаспағын бекер босқа, Дұшпанға таба болмай, күлкі досқа. Біріңді бірің сыйлап әзиз тұтқын, Бір жүріп, бірге тұрып басың қос та...
Бірлікке, ынтымаққа үндеу деген осы емес пе. Үндеу болғанда да «Бір жерде бірге жүрсең басың қосып, біріңнің бірің сөйле сөзін тосып» немесе «Біріңді, қазақ, біріңді дос, көрмесең істің бәрі бос» дейтін ұлы Абаймен тереңнен байланысып, жымдасып жатқан жоқ па?!. Дәл осы береке, бірлік, адал еңбек, Отанға, халыққа қызмет тақырыбы Кенжеқожамен үш мәрте айтысында да алтын арқау болған. Және бұл айтыстар сол жиырмасыншы-отызыншы жылдардағы Шу бойының өзіндік бір энциклопедиясы десе де болғандай: ондаған, жүздеген кісілердің аты-жөндері, ауыл-аймақтар аталады. «Аты-жөн» демекші, Бармақ атын атап, мадақтаған азаматтардың біреуіне 1937 жылы «халық жауы» деген қара таңба басылады да атылып кетеді. Ақын айдауға кесіліп, шамасы Сібірде болуы керек, 70 жасында қайтыс болады. Аяушылығы жоқ, қатыгез, сұм заманның зәйілі де бұл! Әйтпесе, қазақтың ақын қарты қай империяға қара аспан орнатып, қатер төндіре алатын еді... Өзі өмірі жырлап өткен, сүйіп өткен туған жерінің бір уыс топырағы да бұйырмады. Қасірет демей көріңіз... Құдай қосқан қосағы Рәш екеуінің жалғыз перзенті – Зүлфия атты қыздарынан Еркін дейтін немересі болған екен, оның дерегін біле алмадық... Қазақтың, дұрыс-бұрысын қайдам, Құдайдан «Таудай талап бергенше, бармақтай бақ бере гөр» деп тілейтіні де бар. Алла Бармақ атамызға таудай талап беріпті. Ал, әттең, бармақтай ғана бақ бергенде ғой... Жамбыл ағасындай болмаса да Кенен, Нартай інілеріндей бірталай өмір жасап елдің де, өкіметтің де сый-құрметін көрер ме еді. Шығармаларының көбі жоғалып кетпестен толығып, кітап боп басылып, рухани қазынамызға молынан қосылар ма еді, қайтер еді... Бұл енді болымсыздау болжам, жан ауыртар жорамал. Ал, Бармақтың есімін қазіргі, келешек ұрпақтың есінде қалдыратындай нақты не бар? Бірде-бір рет мерейтойы аталып өтпеген, кітабы шықпаған оның атында Шу жақта көше бар деп естігенмін. Бұл, әрине, жеткіліксіз. Жазықсыз жапа шегіп, сталиндік репрессияның құрбаны болған халық ақынына Таразда ескерткіш орнатылып, бір елді мекенге, бір мектепке есімі берілгені жөн. Шығармаларының толық жинағын неге шығармасқа?.. Бармақ ата жөнінде осындай-осындай ойға шому үстінде тағы бір жайлар көңілде қылаң берді. Бүгінгі тілімізде «Сыр сүлейлері» дейтін әбден қалыптасқан атаулы тіркес бар. Кете Жүсіп, Балқы Базар, Шораяқтың Омары, Қарасақал Ерімбет сияқты толып жатқан жыршы-жырауларды қамтитын атау. Ал бізде, баяғы Жүсіп Баласағұндар мекен еткен Шу бойында ондай сөз зергерлері аз ба? Аз емес. Бармақтан басқа Жамбыл «тілі мірдің оғындай » деген Тілеміс, «Орақ тілді Орақбай», Қылышбай, Сауытбек, Арғынбай, Жидебай, Жақсыбай, Сәрсен, Дәурен, Әшірәлі боп тізіліп келіп, қазіргі Аяздарға тірелетін Шу сүлейлері, Құдайға шүкір, жеткілікті. Жетпейтіні – олардың шығармаларын ақпарат құралдарының, әсіресе, электрондық түрлерінде насихаттау, концерттік бағдарламаларға тиянақтылықпен енгізу, термешілер конкурстарын өткізу, өзге де ұйымдастыру шаралары дер едік... Жалпы, барымызды барынша бағалайық, рухани қазынамызға қомақты үлес қосқан кісілерге бар болса – өздеріне, жоқ болса рухтарына қамқорлықты аямайық, ағайын. Өйткені рухани қазына халық үшін басқа бар қазынадан бағалы. Ол мәңгілік.
Арғынбай БЕКБОСЫН, ақын, жазушы.
Тараз.