Жамбылдық Зульфия да жампоз
Жамбылдық Зульфия да жампоз
Польшаның Щецин қаласында тірек-қимыл аппараты зақымданған және көру қабілеті нашар паралимпиалық спортшылар арасында Польшаның жазғы ашық чемпионаты өтті. Халықаралық додада қазан айында Оңтүстік Кореяда өтетін азиялық паралимпиалық ойындарға қатысуға мүмкіндік беретін жолдама сарапқа салынды. Жарысқа Израиль, Мексика, Өзбекстан, Германия, Эстония, Латвия және Польша мемлекеттерінен 22 команда қатысты. Жалпы саны – 170 спортшы. Ал, қазақ құрамасының сапында 16 суда жүзуші бар. Айтулы додада қазақстандық мүмкіндігі шектеулі спортшылар 9 алтын, 11 күміс, 10 қола медальді жеңіп алды. Жамбылдық жүзуші, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, облыстық «Дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубының» спортшысы Зульфия Габидуллинаның қазақ құрамасының қоржынына салғаны – бір алтын, екі күміс, екі қола медаль. Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Саттар Бейсембаевтың қол астында жаттығатын Зульфия S 3 класы бойынша 6 қашықтықтағы бәсекеге, ережеге сәйкес, S 1 кластан S10 класқа дейін біріктіріліп өткізілген абсалюттік жарысына қатысты. Нәтижесінде 200 метрге еркін жүзуде топ жарып, алтын медальді олжаласа, 50 және 100 метрге еркін жүзуден күмісті еншіледі. 50 және 100 метрге брасс әдісімен жүзу додасында қоланы місе тұтты. 50 метрге арқамен жүзуде жерлесімізге сәл ғана сәттілік жетіспеді. Габидуллина жүлдегерлер сапына ілікпегенмен, үздік төрттікке енді. Сөйтіп, Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өтетін Азия Паралимпиалық ойындарына жолдаманы ұтып алды.
Ардақ Үсейінова,
"Ақ жол".