Карловы Варыда қазақстандық фильмнің әлемдік премьерасы өтті
Карловы Варыда қазақстандық фильмнің әлемдік премьерасы өтті
4-12 шілде аралығында Чехияның Карловы Вары қаласында өтіп жатқан 49-шы халықаралық кинофестивальдің негізгі байқау бағдарламасының аясында режиссер Нариман Төребаевтың «Шытырман» фильмінің әлемдік премьерасы өтті.
Бұл туралы Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының баспасөз қызметі хабарлады.
Шара барысында фильм режиссері Нариман Төребаев бұл фильмнің түсіріліп, көрерменге жол тартуына атсалысқан барша көпшілікке шынайы алғысын білдірді.
«Шытырман» фильмі Федор Достоевскийдің «Ақ түндер» повесін еркін экрандау болып табылады. Фильмнің оқиғасы Алматыда өтеді. Картина махаббат адамдарды ажырататынын және қосатынын баяндайды. Фильмді түсіру өткен жылы тамыздың соңында аяқталды. Француздың Arizona Films компаниясы халықаралық тең продюсер болған. Айта кетейік, Карловы Варыдағы халықаралық кинофестиваль жыл сайын шілдеде өтеді. Ол Орталық және Шығыс Еуропадағы ең маңызды кинематографиялық оқиға болып саналады. 1956 жылдан бастап фестиваль жоғары санатқа жатады, оған ғаламшардың 13 жетекші әлемдік кинофорумдары кіреді. Биылғы кино байқауының әділқазылар алқасында белгілі испандық продюсер Луис Минарро, словакиялық режиссер, сценарист Мира Форнай, исландиялық композитор Кьяртан Свеиниссон, чех продюсері, режиссер Виктор Таус, грек операторы Фидон Папамайкл бар.
49-шы халықаралық кинофестивальдің басты жүлдегерлері 12 шілде күні мәлім болмақ.
Ақпарат көзі: www.kazinform.kz