Әлеумет

Қаптаған жиындар мен жоспарлар жемқорлыққа тосқауыл бола ала ма?

Қаптаған жиындар мен жоспарлар жемқорлыққа тосқауыл бола ала ма?

Қоғам дерті – сыбайлас жемқорлықпен күрес шараларын нақты, жүйелі түрде жүргізбесе, нәтижеге қол жеткізу қиын. Сценарийі бір-бірінен аумайтын қаптаған семинарлар, сағаттап өтетін жиындар, ондағы статистикаларға толы баяндаулар сыбайластыққа тосқауыл бола алмайды. Жең ұшынан жалғасатын жемқорлықтың салдарынан бөлек, себебіне жіті мән бергенде ғана көрсеткіш жақсара түспек. Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында осылай деген облыс әкімі Асқар Мырзахметов жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді. Күн тәртібінде бірқатар мәселе қаралған комиссия отырысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының облыстық департаментінің басшысы Мұрат Қарымсақов баяндама жасады. 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясында көрініс тапқан іс-қимылдардың нәтижелеріне тоқталды. Ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында олқылыққа жол берген аудандардың атын атап, түсін түстеді. Баяндамашының мәліметіне сүйенсек, есепті мерзімде облыс бойынша 14 құқық бұзушылық анықталса, оның 8-і сотқа жөнелтіліпті. Айталық, Шу ауданы әкімі аппаратының қаржы-шаруашылық бөлімшесінің басшысы Айгүл Ахатаева өз қызметін асыра пайдаланып, карточкалық есеп шотына 663800 теңге бюджет қаражатын аударғаны анықталған. Қазір ісі аудандық сотта қаралып жатқан А.Ахатаева қызметтен босатылған. Ал осы аудан әкімдігіндегі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Самат Сейдахметке шаруа қожалықтарын субсидиялау барысында жеке тұлғаларға артықшылықтар беріп, мемлекетке 35 миллион теңге материалдық шығын келтіргені үшін 3 жыл мерзімге шартты жаза тағайындалған. Осындай сыбайлас жемқорлық көріністері тіркелген аудандардың әкімдері жиында онлайн режімінде сауал жолдаған өңір басшысының сұрағына жауап беруге мәжбүр болды. Шу және Жамбыл ауданының басшылары мән-жайды түсіндірді. Жиында облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Қалмұханбет Исақов та бірқатар мәліметтермен бөлісті. Есептік кезеңде аталған департамент тарапынан мемлекеттік кірістер органында сыбайлас жемқорлықтың деңгейін төмендету үшін біршама жұмыстар атқарылған. Соның нәтижесінде департаменттің лауазымды тұлғаларына қатысты жемқорлық сипатында 6 сотқа дейінгі тергеу тіркелген. Оның біреуі дербес жедел-тергеу амалдары нәтижесінде, бесеуі сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен бірлесе атқарылған іс-шаралар барысында анықталған. Оларға тиісінше айыппұл, бас бостандығын шектеу және мемлекеттік органдарда қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыру секілді жазалар тағайындалыпты. Бүгінде мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде ақпараттық технологияларды кеңінен пайдалану арқылы адам факторының ықпалын барынша азайтып, сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге мол мүмкіндік туып отыр. Бұл – сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның негізгі бағытының бірі. Сондықтан қазіргі таңда 48 түрлі мемлекеттік қызмет көрсететін мемлекеттік кірістер органдары оның 32-сін, яғни 67 пайызын автоматтандырған. Облыс әкімдігі аппаратының бөлім басшысы Аслан Оразбеков комиссияның алдағы үш жылға арналған жұмыс жоспарымен таныстырды. Талқыға түскен жоспар жобасы туралы Асқар Исабекұлы бірқатар ескертпелер жасады. – Сыбайлас жемқорлықпен күрес статистикалық мәліметтерді тіркеумен шектелмейді. Біз орын алып отырған жағдайларға қатысты нендей шаралар атқарып жатырмыз? Шын мәнінде біз нені жақсартып, қандай мәселелерді шеше алдық? Міне, осындай сауалдарға жауап беруіміз керек. Әйтпесе, мұндай жиынның ешқандай пайдасы жоқ. Тұрғындармен тығыз қарым-қатынас орнатып, халыққа көрсетілер қызметтерде сыбайлас жемқорлық фактілерін болдырмауға, алдын алуға бар күшімізді жұмсау керекпіз. Мысалы, білім, денсаулық сақтау мекемелеріндегі ахуал көңіл көншіте ме? Осыны барласақ, сол бойынша жұмыс істесек, кемшіліктерді жоя алсақ, халықтың билікке деген бағасы да жақсарып, көзқарасы түзеледі. Міне, комиссия жоспарында осылар негізге алынуы керек. Неге біз жоспарға енгізілген іс-шаралардың атауын, жүзеге асырылар уақытын, қалай орындалу керектігін нақты жазбаймыз? Мынадай жалпылама жоспарды бекітіп, сол бойынша жұмыс жасайтын болсақ, ешқандай нәтижеге қол жеткізе алмасымыз анық, – деген өңір басшысы жемқорлықпен күресуде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының тиімді екенін тілге тиек етті. Облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы Жандар Кәрібаев жоспар үлгісі қоғамдық ұйымдарға да алдын ала таратылса деген ой айтып, кеңес тарапынан ұсыныс беруге әзір екендіктерін жеткізді. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы Мақсұт Нәлібаев жемқорлықпен қоғам болып жұмыла күресуге шақырды.

Жанғазы Ахмет

Суретті түсірген Алтынбек Қартабай.