- Advertisement -

«Таразқұрылысинвестің» қарымы мықты

138

- Advertisement -

«ТаразҚұрылысИнвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2006 жылдың 11 қыркүйегінде құрылған болатын. Компания негізінен өнеркәсіптік, әлеуметтік-мәдени және жеке тұрғын үй саласында құрылыс нысандарын салу, оларды жөндеу және қайта жаңғырту бойынша толық кешенді қызметтер көрсетуге мамандандырылған. Сондай-ақ құрылыс материалдарын дайындау мен өткеру де негізгі қызмет бағыттарының бірі.
Бүгінде компания өз қызметін күллі еліміз аумағында жүзеге асыра отырып, отандық құрылыс нарығында елеулі орынға ие болып отыр. Тиімді басқарудың, мамандарының жоғары кәсіби шеберлікті меңгеруінің, тапсырыс берушілердің мүдделері мен сұраныстары деңгейінен шыға алудың арқасында «ТаразҚұрылысИнвест» өңіріміздегі тұрақты даму үстіндегі аса ірі бизнестік құрылымға айналуда. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласында құрылыс-құрастыру жұмыстарын жүзеге асыратын 1-санатты лицензия иегері болып та табылады. Білікті де білімді инженерлік-техникалық құрамды компанияның басты қозғаушы күші десе де болады. Мекеме қызметкерлерінің біліктілігін жетілдіру мақсатында тұрақты түрде аттестациялаудан өтіп тұратынын, оқу орталықтарында арнайы оқытылудан өтетінін атап өту керек.
Өзім «Өнеркәсіптік экология және табиғи қорларды тиімді пайдалану» мамандығы бойынша Қазақ химия технология институтын, «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін оқып бітіргенмін. Компанияны 2014 жылдан бері басқарып келемін. Қазақстан жеңіл өнеркәсіп өндірушілері одағы құрамындағы құрылыс саласы бойынша басшылық ететін әйел кәсіпкерлер қатарында 2007 жылы халықаралық әйелдер күні мерекесі кезінде Мемлекет басшысының қабылдауында болғанымды мақтаныш та етемін. Бәрі де Отанға қызмет етудің, еңбектің, ел сеніміне ие болудың арқасы ғой.
Серіктестігіміз өзі жұмыс істеген уақыт ішінде бірнеше жүздеген түрлі құрылыс нысандарын – тұрғын үйлер, балабақшалар, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарының ғимараттарын салу, қайта жаңғырту жұмыстарын жүзеге асырған екен. Сондай-ақ қатарында Қызылорда, Тараз қалаларындағы, Меркі ауылындағы ашық түсті мұнай өнімдерінің қоймалары бар бірқатар өндірістік нысандарды да іске қосты. 2015 жылы Жамбыл ауданындағы тәулігіне 40 тонна ет өңдеу қуаттылығына ие ет комбинатының, Құмшағал тұрғын алабындағы сумен, электр қуатымен қамту инфрақұрылымдық желілері мен жолдың, Меркі ауданы Интернационал ауылындағы 300 орындық орта мектеп ғимаратының құрылыстары мен Жаңатас қаласы мен Түймекент ауылындағы су құбыр желілерін, Тараз қаласындағы Тәуке хан көшесі мен Жамбыл даңғылы бойындағы көпір мен «Әулиеата» ипподромын қайта жаңғырту жобалары жүзеге асырылды. Компания атқарған жұмыстардың бірқатары, міне, осындай.
Біз жүзеге асырған жарқын жобалардың бірі де бірегейі ретінде облыс орталығындағы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті саябағын ерекше атап өту жөн. Мұндағы «Қазақ әлемі» тарихи-этнографиялық кешені экспозициясының өн бойынан еліміз аумағында мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан дала билеушілері мен көшпенділердің бағзы өмір сүру салтының өміршең рухын сезінгендей боласыз. Алуан түрлі сәндік және саялы жасыл желекпен көмкерілген саябақ аумағы бүгінде тараздықтар мен қала қонақтарының бірден-бір демалыс орнына айналып отыр. Бұл бізді де ерекше қуанышқа бөлейді. Компания күшімен тындырылған тірліктер мұнымен де бітпейді. Тараздағы ұлы тарихи тұлғамыз Төле би баба Әлібекұлының ескерткіші тұрғызылуында да біздің үлесіміз бар. Салмағы бес тоннаны құрайтын осынау қола мүсін 6 метрлік биіктіктегі 30 тонналық гранитті постамент үстіне орналастырылған. Ескерткіштің айнала-төңірегі абаттандырылумен, көгеріштендіріліп, сәндік ағаш көшеттері отырғызылған.
Сондай-ақ 2016 жылы Тараз қаласы мен Мойынқұм ауданында балабақшалар, Меркі ауданы Меркі ауылында бір ауысымда 250 келушіні қабылдауға арналған емхана, облыс орталығында № 24 мектеп-гимназия базасы негізінде мектеп ғимараттарын салып, Тараз қаласындағы бір көшенің сыртқы жарықтандырылу жүйесін қайта жаңғыртудан өткізіп бердік.
Өңіріміздегі «Алпамыс» балабақшасының, 5000 текше метр мұнай өнімдерін сақтауға арналған мұнай базасының, жерасты паркингі бар «ӘсемЖай» тұрғын үй кешенінің, «Қапал» тұрғын алабынан бой көтерген 9 қабатты, 32 пәтерлі тұрғын үйдің біздің құрылысшыларымыз қолынан шыққаны да атап өтуге тұрарлықтай. Компания күшімен қайырымдылық түрінде облыс аумағында Жаңатас пен Тараз қалаларындағы мешіт үйлері секілді басқа да бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылыс жұмыстарын жүзеге асырдық. Компания жыл сайын облыс әкімдігімен бірлесе аз қамтылған отбасыларға тұрақты түрде демеушілік көмектер көрсетумен келеді.
«ТаразҚұрылысИнвест» ЖШС салада толыққанды жұмыстар жүргізуге қажетті қондырғылар және техникалармен жеткілікті жарақтандырылған. Сонымен қатар өндірістік кешендер, тұрғын үйлер салу үшін қажет барлық құрылыс-құрастыру, сылау-ақтау жұмыстарын жүргізуге арналған арматуралық, токарьлық, ағаш материалдарын өңдейтін, темір дәнекерлейтін цехтар түріндегі өндірістік әлеуетті базаға ие. Құрылыс материалдары кедергісіз жеткізілуі ісіне өзінің жеке темір жол тұйығы да едәуір септесуде.
Серіктестіктің қол жеткізген жетістіктері бірнеше мәрте облыс пен қала әкімдіктерінің, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының, Тараз мемлекеттік университетінің алғыс хаттарымен де аталып өтілген.
Қазіргі таңда компания Тараз қаласы «Бәйтерек» шағын ауданындағы 1200 орындық орта мектептің құрылыс жұмыстарын аяқтауға таяп қалды. Аталған жоба екі бірдей шағын аудан тұрғындарының ұл-қыздарын өздері тұратын аумақтан едәуір қашықтықта орналасқан білім беру орындарында оқыту қолайсыздығынан құтқарады деп күтілуде. Бұл нысанның құрылысына студенттік құрылыс жасақтары құрамындағы жоғары оқу орындарының студенттері де атсалысуда. Сондай-ақ «Тараз химия паркінің» әкімшілік-тұрмыстық ғимаратының да құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Аталған нысан өңірдің индустриалды дамытылуы тұрғысынан айрықша елеулі маңызға ие. Жаңа жұмыс орындары көптеп ашылуына да ықпал ететін болады.

Дана ЖҰМАБАЕВА,
«ТаразҚұрылысИнвест» ЖШС-ның директоры.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support