- Advertisement -

Аймақтағы саяхат орындарын дамыту – әлеуетімізді арттырады

235

- Advertisement -

Биыл өңірімізде 18 туристік алаң мен «қаралма» тау шаңғысы базасы ашылады

Осы жылдың басынан бастап облыс әкімдігінің туризм басқармасы алдына өңіріміздің туристік әлеуетін арттыру, оның толыққанды қалыптасуы мен дамуы бағытында маңызды міндеттер қойды. Қалыптасқан ресурстарды жүйелеу және дамып келе жатқан саланың қолданыстағы қорларын біріктіру үшін көп қадам жасалды. Өткен аптада облыс әкімінің қатысуымен өткен отырыста туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова «Аймақта отандық және келуші туризмді дамытудың картасы» жобасын ұсынды. Осы құжат жайында кеңірек білу мақсатында Қарлығаш Аралбековамен тілдескен едік.

– Қарлығаш Әмірқызы, өзіңіз жетекшілік етіп отырған басқарманың қызметі, негізгі бағыттары туралы әңгімелесеңіз?
– Аймақтағы туризм саласында үлкен жұмыстар атқарылуы керек. Бірақ мың шақырымдық жол бірінші қадамнан басталады ғой. Ең алдымен, біз қызметімізде төрт негізгі бағытты белгіледік: туристік бизнестің субъектілеріне мемлекеттік қолдау, инфрақұрылымды құру, инвестициялық жобаларды ілгерілету және жарнамалық, имидждік саясатты жүзеге асыру.
Аймақтың туристік әлеуеті өте жоғары, бұл саяхатшыларды қызықтыратыны сөзсіз. Біздің мамандар туризмнің тарихи, мәдени, археологиялық, экологиялық (аң аулау, балық аулау, агротуризм), балалар мен жастарды сауықтыру сияқты жолдары табысты көбейтуі тиіс деген қорытындыға келді. Оларды қалыптастыру және дамыту үшін барлық алғышарттар жасалған.
– Облыстың туристік саласының қазіргі жағдайы қандай, нақты қандай істерді атқарып үлгердіңіздер?
– Біріншіден, біз облыстың туристік бизнесінің барлық субъектілерін инвентаризациялау бойынша үлкен жұмыс жасадық. Қазіргі таңда өңірде 582 қонақ үй, тамақтану пункті, балалар лагері, туристік агенттік, демалыс орны және көлік субъектісі бар. 41 кәсіпорын мемлекеттік қолдауды қажет етсе, 13 кәсіпорын 185 миллион теңгеге зәру, 31 кәсіпорын қаржылық емес көмекке мұқтаж. Бүгінде әртүрлі проблемалық мәселелерді шешу жолдары, іске асыру мерзімі мен күтілетін нәтижелер туралы арнайы карта жасалды. Бұған туристік желілерді дамытуға көмектесу, білікті туристік гидтерді дайындау, қонақ үй секторындағы жұмысшылар, облыстың шекаралық өткелдерінде туристерге көмек көрсету, қолөнер бұйымдарын сатуға қолдау көрсету және тағы басқалар кіреді.
– Инфрақұрылымның жоқтығы туралы көп айтылуда, бұл бағытта қандай шаралар жүзеге асты?
– Иә, туристік нысандардың инфрақұрылымына ерекше көңіл бөлінуі керек. Бүгінгі күні облыстың 3365 ескерткішінің ішінен ең маңызды 33-і таңдалды, олардың маңына жолдар, электр желілері, су құбыры, канализация қажет, ақпараттық стендтер, кәдесыйлар мен сусындарға арналған дүкендер жоқ. Бұл кемшіліктерді жою үшін, біздің бағалауымыз бойынша 517 миллион теңге керек. Жол бойындағы қызмет көрсетулерде көптеген проблемалар бар. Аймақтағы 61 жол бойындағы сервис нысандарын зерттегенде, 38-інің ұлттық стандарттарға сәйкес келмейтінін анықтадық. Жабдықталған дәретханалар, сауда нүктелері, жазғы орындар жоқ.
– Осы проблемаларға қарамастан, салаға қызығушылық танытқан бизнес өкілдері бар ма?
– Шынымды айтсам, кәсіпкерлер тарапынан туризм саласына қаржы салып, пайда тапқысы келетіндер бар. Бұл сөзіме бизнес өкілдерінің аудандардағы 27 туристік объектіні құру туралы өтініштері дәлел. Олардың ішінде жеті инвестициялық жоба мемлекет тарапынан қолдауды, бесеуі қаржылық көмекті, екеуі қаржылық емес қолдауды қажет етеді. 2018 жылдың басынан бастап жалпы сомасы 5,4 млрд. теңгеге бірқатар нысандар салу жоспарланып отыр. Олардың ішінде бес қонақ үй, бес мейрамхана, үш шипажай және тау шаңғысы курорты, жеті демалыс аймағы және екі денсаулық орталығы бар. Биыл 1,5 млрд. теңгеге 18 туристік алаң және 2 млрд. теңге тұратын «Қаралма» тау шаңғысы базасы іске қосылады.
– Алдағы уақытта қандай туристік нысандар құрылады?
– 2022 жылға дейін «Көне-Тараз» орталығындағы Шахристанда «Шеберлер қаласы», «Әулие Бастау» визалық-рекреациялық аймағы және «Айша бибі» тарихи-археологиялық кешені, «Төрткүл» керуен сарайындағы «Қазақ ауылы» тарихи-мәдени орталығы, «Ақыртас» атты аңызға айналған сарай кешені, сондай-ақ Тараздағы «Көне Тараз» vizit-орталығы мен «SHOW-ROOM» бой көтереді.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Есет ДОСАЛЫ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support