- Advertisement -

Терісаққан қойнауында талай жәдігер жатыр

418

- Advertisement -

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынды. Отансүйгіштік сезімі кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталатынын да қадап айтқан болатын. Міне, осы бағдарлама аясында өткен жылы аудан әкімі Бақтияр Көпбосыновтың тікелей бастамасымен Теріс ауылындағы көне қала жұртына археологтер барлау жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде орта ғасырларда өмір сүрген көне Баркуаб (Терісаққан) қаласының орнынан біраз құнды жәдігерлер табылған-ды. Қазба орнынан қолға іліккен жәдігерлердің арасында Қытайдан әкелінген қыш ыдыстар мен басқа бұйымдар бар. Осыған қарап Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан бұл қалада сауда-саттықтың дамығанын аңғарғандаймыз.
Жалпы орта ғасырларда өмір сүрген қала жұрты отандық тарихшылар тарапынан әбден зерттелген. Алайда мұнда тарихшылардың қызығушылығын тудырған, назарын аударған бір жұмбақ бар. Ол – қазба жұмыстары кезінде табылған біздің дәуірімізге дейінгі ІІ және І ғасырларға тиесілі заттардың көптеп шығуы. Аталмыш құнды мұраларды зертханадан өткізу үшін сынамалары Жапонияға да жіберілген болатын. Облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының тарихи мәдени нысандарда іс-шаралар ұйымдастыру бөлімінің басшысы Сауран Қалиұлының айтуынша, ортағасырлық қала жұртының астында біздің дәуірімізге дейінгі ІІ және І дәуірлерге тиесілі қала жұрты болуы бек мүмкін. Ол орта ғасырларда өмір сүрген Баркуаб қаласы сол қала жұртының орнына салынуы ықтимал дегенді меңзеп отыр. Сондай-ақ Сауран Қалиұлы бұл қала жұрты үлкен аумақты алып жатқандықтан орталығы Бақалы ауылының солтүстік жағында орналасқан Жылқышы төбе болған деген болжам айтқан. Міне, тарихшылар тиісті рұқсатын алып, көне қала жұртында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуге қайта бекінді. Археологтер биылғы жұмысты қаланың негізі болған басқару орталығынан бастамақ.
Осы маңның Жылқышы төбе атануы қазақ жерінде бейбітшілік орнаумен байланысты. Ал жаугершілік заманда ол «Қарауыл төбе» аталып келген. Қасында Теріс өзені ағып жатыр. Бұрын Теріс өзенінің жағасы ну тоғай болса, қазір оның жұрнағы ғана қалған. Теріс-Ащыбұлақ су қоймасы салынғанға дейін тоғай Қаратауға дейін сұғына еніп жатқанын көнекөз қариялар айтып отыр. Әсіресе тоғай елімізде болған тоқсаныншы жылдардағы тоқырауда қатты оталып кетті.
Тарихшылар қазба жұмыстарын бастамас бұрын археологтер Бақалы ауылының ақсақалдарын жинап, еліміздің ертеңгі тарихын танып-білу үшін олардан рұқсат сұрады. Рұқсат алудың да өз себебі бар. Яғни мұнда өткен ғасырдың алпысыншы жылдарына дейін ауыл тұрғындары жерленіп келген. Бейіт қасында шешен ұлтының бейіті орналасқан. Осы жайларды ескере келіп, төбе басында ауыл ақсақалдары, аудан басшылары жиналып, келелі жиын өткізді. Жиынды облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы тарихи мәдени нысандарда іс-шаралар ұйымдастыру бөлімінің басшысы Сауран Қалиұлы ашып, қазба жұмысының барысымен таныстырды.
– Біз 6-8 метр көлемді алып, төбеден төмен қарай қазамыз. Қазір қазуды жоспарлап отырған аумақта оннан аса адамның моласы бар екен. Оларды қазып алып, сүйектерін Бақалы ауылының қасындағы бейітке қайта жерлейміз. Ал әр қазылған қабатты, оның топырағы мен табылған құнды дүниелерді жеке-жеке зерттейтін боламыз. Жер қыртысын анықтай отырып қаланың да жасын, өмір сүру кезеңін айқындаймыз. Ал бүгінгі осында сіздерді жинап отырғандағы себебіміз, осында сіздердің ата-бабаларыңыз жерленгендіктен рұқсатын алу. Бұл еліміз үшін қажет шара екенін түсініп, келісім береді деген сенімдемін, – деді Сауран Қалиұлы.
Осыдан кейін сөз сөйлеген аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов тарихи жұмыстар Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында жүргізіліп жатқанын айта келіп, ұрпағымыз осы жерде өмір сүрген халқымыздың тарихын тереңірек танып-білуге осы қазба жұмысының септігі тиетіндігін жеткізді. Сондай-ақ облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев қазақ елінің тарихын әлемге таныту үшін жасалып жатқан бастама екенін айтты. Көкбастау ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Болатбек Қайыпбекұлы археологтерге сәт-сапар тілеп, ақ батасын берді. Осында жерленгендердің рухына ауыл имамы Бақыт Ілесов құран бағыштады. Содан кейін аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Естемес Аманбеков қолдарына күрек алып, қазба жүргізу үшін белгі қойылған орынды қазды.

Марат ҚҰЛИБАЕВ,
журналист.

Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support