- Advertisement -

Жігітке жеті өнер де аз

354

- Advertisement -

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауында адами капитал сапасын жақсарту міндетін қойды. Әлеуметтік саясаттағы адами капиталды дамытудың бірден-бір жолы – білім беру екені белгілі. Әсіресе арнайы бір кәсіптің тізгінін ұстап, маман иесі атанатын орта арнаулы және жоғары оқу орындарының қолжетімділігін арттырудың маңызы зор. Осы мақсатта 2017 жылы «Барша үшін тегін кәсіптік-техникалық білім» бағдарламасы қабылданғаны мәлім. Жалпы кәсіптік-техникалық білім беру ісінің көкжиегін кеңейтетін бұл жоба Президент тапсырмасымен әзірленгенін айта кету керек.

Бүгінгі күні еліміздегі еңбек нарығындағы жұмысшы және техника мамандардың жетіспеушілігі әлеуметтік мәні зор жобаны қабылдауға түрткі болып отыр. Бұл жобаға қатысу жас қазақстандықтарға, олардың өмірлерінде пайдаға асатын еңбек дағдыларын тегін алуға мүмкіндік береді. Оны жүзеге асыру – облыс әкімдігі білім басқармасының негізгі міндеттерінің бірі.
Негізі осы жаңа бағдарлама шеңберінде техникалық және кәсіптік білімі бар мамандар даярлауда, мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруда басымдықтар жұмысшы мамандықтарына берілуде. Мәселен, өткен оқу жылында мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемі 4993 орынды құраса, 2018-2019 оқу жылында ол көрсеткіш 5024 орынға өсіп отыр. Атап айтсақ, жаңа оқу жылында жұмысшы мамандықтарға 3299 (65%) мемлекеттік тапсырыс бөлінсе, орта буынды кадр даярлауға бөлінген тапсырыс 1725 (34,3%) орынды құрайды.
Өңірімізде жаңа оқу жылынан бастап «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім» жобасын жүзеге асыру үшін 9 колледжде 11 мамандықтың 28 біліктілігі бойынша екі жұмысшы біліктілікпен мемлекеттік тапсырыс негізінде мамандар даярлау басталды. Нақты айтқанда, Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде «Сәндік қолданбалы өнер және халықтық кәсіпшілік», «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Тоқу өндірісі», «Ғимараттар мен құрылымдарды салу және пайдалану», ал Қаратау гуманитарлық-техникалық колледжінде – «Тау-кен электро-механикалық жабдықтарына техникалық қызмет көрсету және жөндеу», «Газбен қамтамасыз ету жабдықтары мен жүйелерін құрастыру және пайдалану», Тараз сервис және технология колледжінде – «Тамақтандыруды ұйымдастыру», «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандықтары тегін оқытылады. Сондай-ақ Тараз химия-технология колледжінде – «Химиялық технология және өндіріс», №13 Тараз темір жол колледжінде «Токарлық іс және металл өңдеу» мамандықтарының екі жұмысшы біліктіліктері бойынша кадрлар даярланатын болады.
Ақпараттық технологиялардың күн санап дамып, барлық сала автоматтандырыла бастаған кезеңде жаңа өндірістер үшін маман даярлауға көңіл бөлу аса маңызды. Бүгінде елімізде Елбасы Жолдауына сәйкес экономиканың жаңа өндірістері үшін кадр даярлауға аса мән берілуде. Біздің облысымыздың өзінде өңірдің ерекшеліктеріне қарай жаңа мамандықтарды ашуға көңіл бөлінуде. Мысалы, өткен оқу жылында «Фабрика ПОШ Тараз» ЖШС, «Жамбыл Туристік индустрия қауымдастығының» қажеттіліктеріне сәйкес «Тоқу өндірісі», «Қонақ үй шаруашылығы», «Туризм» мамандықтары ашылса, биылғы оқу жылында қолданбалы бакалавриаттың білім беру бағдарламаларын Жамбыл политехникалық жоғары колледжі «Есептеу техникасы және бағдарламамен қамтамасыз ету» мамандығының «Кіші инженер-бағдарламашы» біліктілігін ашып, соған мемлекеттік білім беру тапсырысы бөлініп отыр.
Жобаны жүзеге асыруда оқу үрдісіне жаңа білім беру бағдарламалары енгізіліп, аталған бағдарламалар құзыреттілікке негізделіп, әр модуль бойынша практикалық дағдыларды қалыптастыру көзделуде. Бұл студенттерге бірінші деңгейде екі-үш жұмысшы біліктілігін және екінші деңгейде орта буын біліктілігін алуға мүмкіндік береді.
Тегін кәсіптік-техникалық білім жоғары білім алу мүмкіндігіне қол жеткізе алмай қалған мектеп түлектері мен жұмыссыз жүрген жастарға, отбасылық жағдайы төмен және көп балалы отбасыларға беріледі. Бастысы, жобаға қатысу жастарға еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықты меңгеруге мүмкіндік туғызып отырғанын айтуымыз керек.
Елбасымыздың Жолдауына сәйкес жүзеге асырылатын жаңа жобаның артықшылығы – білім алушылардың мамандық бойынша 2-жұмысшы біліктілігін игеріп, бірнеше қызмет түрін орындай алатынында. Бұл өз кезегінде кәсіпорынның еңбек өнімділігін жоғарылатып, түлектердің еңбек нарығындағы бәсекелік қабілеттілігін арттырады.

Алтынай ЖАЙЛЫШЕВА,
облыстық білім басқармасы
техникалық және кәсіптік білім бөлімінің басшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support