Менингококктың беті қайтты
Менингококктың беті қайтты
Енді шілденің шіліңгір ыстығында менингит ауруынан қорғанамын деп бетперде киюдің қажеті жоқ. Қазір қауіптің беті сейілді деуге толық негіз бар. Өйткені жұқпалы менингококк инфекциясы күн қатты ысығанда өзінің күшін жояды. Мамандардың сөзіне сүйенсек, соңғы алты айда менингококк инфекциясының эпидемиологиялық жағдайы тұрақтанған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Күмісбек Рахымов айтып берді. Брифингте мәлім болғандай, қаңтар айында Тараз қаласында 19 жастағы студент және маусым айында Қордай ауданында 2 жасқа толмаған бала ауырған. Олар ауруханаға жатқызылып, тиісті ем қабылдағаннан кейін жазылып шыққан. Дерт анықталған ошақтарда эпидемияға қарсы және алдын алу іс-шаралары кешенді түрде ұйымдастырылуының арқасында аурудың таралу қаупі туындамаған. Дегенмен облыста менингиттің эпидемиологиялық кезеңіне байланысты әрбір аудан аумағында сырқаттанушылық көрсеткіштеріне, эпидемиялық маңызды нысандардың санитариялық жағдайына күнделікті мониторинг жүргізіліп отыр. Тұрғындарға менингококктың таралу жолдары мен алдын алу шаралары туралы толық мәлімет берілді. Былтыр және биыл Меккеге баратындарға жоспарлы 45 вакцина дайындалған. Биыл соның жартысы қажылық парызын өтеймін деушілерге егіліпті. Көктемнің жауын-шашынды күндерінің бірінде «Тараз қаласына келген Қырғыз Республикасы азаматынан менингококк ауруы анықталыпты» деп жұрттың дүрліккені белгілі. Жедел түрде облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылған науқас бүгінде сырқатынан айығып, қатарға қосылыпты. Дәрігерлердің айтуынша, оның дерті менингококк инфекциясы емес, жай менингит көрінеді. Брифингте осы мәселеге қатысты журналистер тарапынан қойылған сұраққа Күмісбек Рахымұлы бұл азаматтың өңірімізде коммерциялық жұмыс істейтінін және оның менингококк инфекциясын тудырмайтын түрімен ауырып, емделіп шыққанын айтып, жауап берді. Жиында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері тарапынан қойылған өзге де сауалдар жауапсыз қалған жоқ.
Камила БОРАШОВА