- Advertisement -

Әдебиеті ұлы ел әлемді мойындатады

306

- Advertisement -

Әдебиет – ұлт рухы мен руханиятының алтын діңгегі. Тарихы тым тереңде жатқан Әулиеата өңірі елінің жоғын жоқтап, барын асыратын ақын-жазушылардан кенде болған емес. «Әкімі ақынын ардақтаған ел бақытты!» демекші, жуырда ғана облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасына басшы болып тағайындалған Берік Уәли өңірдегі бір топ қаламгерлермен кездесіп, емен-жарқын әңгімелесті.
– «Әдебиет пен өнер ұлы болмаса, ұлт та ұлы болмайды» дейді заңғар жазушы Ғабит Мүсірепов. Қазақ әдебиеті рухы биік, тағылымы тереңде жатыр десек, соның ішінде жамбылдық ақын-жазушылардың да алар орны бір бөлек. Жыр-Жәкеңнің есімін еншілеп жатқан өңірдегі қаламгерлерге деген құрмет те қашанда биік болуы керек. Ал жергілікті билік сіздермен үнемі жақсы қарым-қатынаста болуға ниетті. Осы тұрғыда сіздермен жүздесіп, дастархан басында еркін әңгімелесіп, ой-пікірлеріңізбен бөлісуді мақсат тұттық. Соның сәті бүгін түсіп отыр, – деген Берік Уәли Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы мен облысымыздағы атқарылып жатқан игі істер туралы тілге тиек етті. Сондай-ақ жуырда өңірімізге Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулеттің келетінін айтып, сол кездесуге жан-жақты дайындалу керектігін жеткізді.
Келесі кезекте жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, облыстық «Аq jol» газетінің директор-бас редакторы Кәсемәлі Сәттібайұлы кездесуге жиналған аға буын мен жас қаламгерлерді басқарма басшысына таныстырып, жамбылдық ақын-жазушылардың қарым-қабілетінің биіктігін тілге тиек етті. Бұдан соң, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы, ақын, жалпыұлттық «Еgemen Qazaqstan» газетінің облыстағы меншікті тілшісі Хамит Есаман филиалдың жоспарымен бөлісті. Ол киелі Тараз жері қашанда таланттан кенде болмағанын, оның айғағы ретінде бүгінгі бір топ жас ақындардың өсіп келе жатқандығын айтып, алдағы уақытта оларға қолдау таныту мақсатында өтетін шараларға тоқталды.
Өз кезегінде жазушы, драматург, облыстың Құрметті азаматы Елен Әлімжан келелі кездесу ұйымдастырып отырған басқарма басшысына алғыс айтып, жиналғандарға шығармашылық табыс тіледі. Ағалық ақыл-ойын білдірген жазушы филиал төрағасы Хамит Есаманға алдыңғы толқын ағаларға қамқорлық таныту, олардың мерейтойын ұйымдастыру секілді шараларды да жоспардан тыс қалдырмау керектігін ескертті. Ал ақын, жазушы, облыстық қазақ драма театрының директоры Болат Бекжанов Тараздың тағылымды өткеніне ой жүгіртіп, екі мың жылдан астам тарихы бар шаһардан небір ғұламалар, ғалымдар мен дарын иелері шыққанын айтып, Таразилердің бүгінде 80-ге жуығының мұралары кітап болып шығуға сұранып тұрғанын айтты. Сол ежелгі Таразилерге арналған аллея ашылса, облыстық қазақ драма театрына белгілі режиссер Асқар Тоқпановтың аты берілсе деген ұсыныстарын да жеткізді.
Басқосуда Ғайни Әлімбекқызы, Үміт Битенова, Шырын Мамасерікова, Көсемәлі Сәттібайұлы, Мақұлбек Рысдәулеттер де өз ой-пікірлерін ортаға салып, шығармашылық адамдарына қашанда ыстық ықылас, жылы қабақ керектігін білдірді. Мысалы, К.Сәттібайұлы облыс әкімінің ақын, жазушыларға ғана арналған стипендиясын «зиялылар» деген желеумен бұрынғы әкімдер, хатшылар да ала бастағанын айтып қынжылды. Сатирик ақын Бақытжан Советұлы балалар әдебиетіне қолдау керектігін айтса, Ахметжан Өзбеков ақын-жазушылар аллеясы болса деген ниетін білдірді. Ал жас ақындар Нұржан Қадырәлі шығармашыл жастарға облыс әкімінің стипендиясы қайта тағайындалса, Данияр Әлімқұл жыл сайын талантты ақындар Нарша Қашағанов пен Серік Томанов атындағы сыйлықтар берілсе, деген тілектерін жеткізді. Бұл талап-ұсыныстардың барлығы жиналғандардан қолдау тапты.
Облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Уәлиұлы бұл ұсыныстардың қараусыз қалмайтынын, Жазушылар одағы филиалының жұмысын жандандыру үшін қаржы көздерін ұйымдастыру жолдарын да қаперге алу қажеттігін ескертті.
Жиын соңында меркілік ақын Шырын Мамасерікова Берік Уәлиге өз кітабын сыйға тартты.

Суретті түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Жанғазы Ахмет

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support