Қайрат ДОСАЕВ,Шу ауданының әкімі:Шырайлы Шу өңірі – Қазақ хандығының алғашқы қазығы қағылған қасиетті мекен. Тарихи тағылымы мол мекенде қашаннан мерекесі мен берекесі жарасқан жайсаң халық тұрады десек, бүгінде шулықтардың тіршілігі бүтін, түтіні түзу ұшуда. Тоғыз жолдың тоғысар торабындағы ауданның ахуалы сәт санап жоғарылап, экономикасы күн санап дамып келеді десек, қателеспейміз. Әлеуметтік мәселелердің күрмеуі де оңынан тарқатылып, тұрғындардың тілегі жүзеге асуда. Елбасымыздың сарабдал саясатының нәтижесін аудан халқы анық сезініп, баянды бастамаларға белсенді түрде үн қосып атсалысуда екен. Оған аудан басшысы Қайрат Досаевпен болған сұхбатымызда көз жеткізе түстік.
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="73391,73390,73386,73384"]
– Қайрат Әскербекұлы, әне-міне дегенше ағымдағы жылдың алғашқы жарты жылдығы қорытындыланбақ. Шу ауданы бұл межелі мерзім ішінде шамамен қандай көрсеткіштерге қол жеткізді? Өңірдің әлеуметтік-экономикалық өмірінде нендей өзгерістер орын алды? – Бүгінгі күнге дейінгі көрсеткіштерге қарап, барлық салада ілгерілеушілік бар екенін айтқым келеді. Мәселен, жыл басынан бері ауданда шығарылған өнімнің жалпы көлемі шамамен 21 миллиард 985 миллион теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда біршама артқан. Дәлірек айтқанда, өнім өндіру көлемінің құрамында өнеркәсіп саласының үлесі 12,2 пайыз болса, ауыл шаруашылығы 31,3 пайыз, байланыс және көлік қызметі 1,2 пайыз, тауарлар мен қызметтерді өткізу көлемі 35,4 пайыз және құрылыс 18,1 пайыз болып отыр. Ауданның өнеркәсіп саласындағы өнімі мен көрсетілген қызмет көлемі де жүз пайыздан асып, өнім көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 27 миллион теңгеге артық орындалмақ. Өңіріміздің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосатын ауыл шаруашылығы саласында, сондай-ақ тұрғын үй құрылысы мен құрылыс саласында да алға басушылық байқалады. Әсіресе құрылыс жұмыстарының қарқыны басым деуге негіз бар. Неге десеңіз, ағымдағы жылдың есепті мерзімінде құрылыс жұмыстарының көлемі 4 миллиард теңгені құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда 1 миллиард 255 миллион теңгеге артып отыр. – Жаз мезгілі аяқтала салысымен, басты шаруа егін жинау науқаны басталатыны белгілі. Сіздерде егін жайы қалай болып жатыр? Ағымдағы жылы қанша астық аламыз деп болжап отырсыздар? – Расымен де, енді бірер уақыттан соң дала төсінде қарбалас жұмыстар басталады. Жалпы, ауданымызда биыл барлығы 31 964 гектар жерге масақты дәнді дақылдар егілді. Оның 14 680 гектары күздік бидай болса, 17 284 гектары жаздық арпаға тиесілі. Сәтін салып, егін бітік шығып жатса, масақты дәнді дақылдардан шамамен 75 500 тонна өнім аламыз деген ойдамын. Ал 812 гектар алқапқа егілген мақсары дақылының әр гектарынан 7,5 центнерден өнім алу ойда бар. Жоспарымыз жүзеге асса, барлығы 8100 тонна өнім жинап, оны Бірлік ауылындағы мақсары майын өндіретін «КазИрАгро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне өткізетін боламыз. Сонымен бірге 150 гектар жерге егілген соя дақылынан орта есеппен 195 тонна, 330 гектар дәнді бұршақты дақылдан 495 тонна және 1368 гектар дәндік жүгеріден 9165 тонна өнім аламыз деп жоспарлап отырмыз. – Халықтың әл-ауқатын жақсартудағы басты мәселенің бірі – баспанамен қамтамасыз ету екені анық. Аудандағы тұрғын үй құрылысының жағдайына тоқталып өтсеңіз, биыл қоныстойлар көп пе? – Дұрыс айтасыз! Қазіргі кезде тұрғын үй саясаты Үкіметтің басты назарындағы өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Сондай-ақ жеке тұрғын үй құрылысы кез келген ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының ең басты көрсеткішіне айналған. Ең әуелі халықты баспанамен қамтудың аудан тұрғындарының тұрмыстық деңгейін көтеруге тигізер әсері мол екенін естен шығармау керек. Елбасы тапсырмасын орындау үшін әзірленген «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасы нақ осы мақсатқа қызмет ететіндігі де айқын. Шу ауданында дәл осы бағдарламаның аясында атқарылып жатқан жұмыстар өте ауқымды деуге болады. Нақтырақ айтқанда, жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу бойынша ағымдағы жылы аудан аумағында жалпы алаңы 8145 шаршы метрді құрайтын 64 үй пайдалануға беріліп, 344 миллион 840 мың теңге қаржы игерілді. Өткен жылдың бес айлық қорытындысы бойынша 7641 шаршы метр болса, биыл бұл көрсеткіш 6,6 пайызға артық орындалуда. Ал енді бүгінгі күні атқарылып жатқан істерге келсек, «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында «Жетісу» тұрғын алқабындағы 75 пәтерлі көп қабатты үйді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Былтырғы жылдың шілде айында осы мақсатта облыстық бюджеттен қаржы қарастырылған болатын. Жалпы ауданы 3459,63 шаршы метрді құрайтын нысанды үстіміздегі жылдың тамыз айында ел игілігіне береміз деп жоспарлап отырмыз. Тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары аяқталған соң, үй кезегінде тұрған 75 тұрғын қоныс тойларын тойлайтын болады.
Бүгінгі таңда аудан бойынша 715 адам үй кезегіне тіркелген. Олардың қатарында 3 Ұлы Отан соғысы ардагері, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 158 бала, осал топтағы 480 адам және 74 мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік қызметкерлер бар. Сәтін салса, алдағы уақытта дәл осы «Жетісу» тұрғын алқабындағы басқа да көп қабатты үйлерді жөндеуден өткізуді жоспарлап отырмыз. Жоспарымыз жүзеге асар болса, үй кезегінде тұрған аудан тұрғындарының басым бөлігі баспаналы болмақ. – Аудандағы қыруар жұмысты атқару үшін бюджетке қол жайып отыра беру де қисынсыз екені белгілі. Сондай сәттерде кәсіпкерлер қаншалықты көмектеседі? – Иә, мемлекет қаржысына қарап отыра беру халық қалаулыларына жат қылық. Қандай да бір шешімін күткен мәселелерді кәсіпкерлердің көмегімен ретке келтіру әкімдердің іскерлігін байқатса керек. Жалпы, шулық кәсіпкерлердің іскерлігін үлгі етіп айтуға әбден болады. Биліктің бастамасына үнемі біркісідей үлес қосып, халыққа қолдау көрсетіп жүреді. Тұрмысы төмен отбасыларға отын-көмірін түсіріп, ас-ауқат, киім-кешек сатып алып беріп, жан-жақты көмектесуден еш уақытта бас тартқан емес. Негізі адам бір баланың басынан сипаса да үлкен сауапқа кенеледі ғой. Дегенмен кейбір кәсіпкерлер өздерінің жақсылықтарын жариялағанды қаламайды. Шындығында, олардың кәсіп ашып, ауыл тұрғындарын жұмысқа тартып, аудан қазынасына салық төлеп тұруының өзі жергілікті билік үшін үлкен қолдау.
Қазіргі жағдай бойынша ауданымызда тіркелген 6029 кәсіпкерлік нысанда 17732 адам жұмыс істеуде. Мәселен, биылғы жылдың сәуір айында жеке кәсіпкер Кошали Гусейнов құрылыс жұмыстары 350 миллион теңгені құрайтын «Нұрлы жол» техникалық қызмет көрсету орталығы ашылып, 40 адам жұмыспен қамтылса, жуырда ғана жалпы құны 250 миллион теңге болатын «Шыңғысхан» спорт кешені ашылып, 6 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Сонымен бірге ауданымыздың Құрметті азаматы Болат Сауранбаев Ескі Шу ауылдық округіне қарасты Белбасар ауылында жобалық құны 350 миллион теңгені құрайтын спорт кешенінің құрылысын бастады. – Туған жерінің туын тіктегісі келетіндердің қатары көп дейсіз ғой… – Дәл солай. Туған ауылын гүлдендіріп, оның түтінінің түзу шығуына үлес қосқысы келген азаматтардың баршылығын көргенде, олардың бастамаларына әрқашан қолдау білдіруге дайынбыз. Ауданда ондай азаматтар аз емес, аудан өміріндегі қоғамдық істер мен қайырымдылық шараларына атсалысып, белсенділік танытып жүрген ел азаматтарына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Мұның өзі аудан тұрғындарының ынтымағын танытса керек. – Қайрат Әскербекұлы, әңгімеміздің ауанын басқа жаққа бұрсақ. Елбасының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуінен туындайтын міндеттер ауданда қаншалықты жүзеге асуда? – Елбасының бес әлеуметтік бастамасының қай-қайсысы да ел тұрғындарының мүддесін көздеп отырғаны анық. Баспана адамның тұрмыс-тіршілігіндегі ең басты қажеттілік деп санайтын болсақ, Мемлекет басшысы ұсынып отырған жаңа бағдарлама тұрғындардың баспанаға қолжетімділігін бұрынғыдан да жеңілдетейін деп отыр. Жоғарыда атап өткенімдей, біз де аудандағы тұрғын үй кезегінде тұрған аудан халқын баспанамен қамтуды қолға алып отырмыз. «Шағын несие беруді көбейту» деп аталатын төртінші бастама бойынша да ауданда бірқатар ауқымды істер атқарылды. Бұл мақсатта ағымдағы жылдың 5 айында 3103 адамға 1 миллиард 672 миллион теңге көлемінде несие берілді. Дәлірек айтқанда, «Микрокредиттік ұйым - Шу» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан кәсіпкерлікті қолдау мақсатында 23 адамға 25 миллион 779 мың теңге несие берілсе, дәл осы серіктестіктің Тараз қаласы филиалы Шу бөлімшесі 3068 тұрғынға 1 миллиард 524 миллион 828 мың теңге көлемінде несие қарастырылды. Сондай-ақ «Шу несие серіктестігі» ЖШС арқылы 12 шаруа қожалық 121 миллион 418 мың теңге несие алды.
«Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру» атты бесінші бастаманы жүзеге асыру мақсатында да атқарылған бірқатар жұмыстарды атап өтуге болады. Жалпы аудан бойынша 36 елді мекен бар болса, оның 10 ауылы «көгілдір отынмен» қамтамасыз етілген. Бүгінгі таңда аудан орталығына іргелес жатқан Алға және Сауытбек ауылдарын табиғи газбен қамту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, 18 ауылды газдандыру мақсатында магистральды газ құбырын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттар дайындау үшін өткен жылы облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына 95,2 миллион теңге бөлінген болатын. Қазіргі кезде мемлекеттік сараптаманың қорытындысы алынып, бюджеттік өтінім республикаға өткізілді.
Ал қалған 6 елді мекенге магистральды газ құбырын жүргізу тиімсіз болуына және халық санының аздығына байланысты газ тартылмайды. Дәл қазіргі уақытта «көгілдір отынмен» қамтамасыз етілген елді мекендерде 4200 абонент газға қосылған болса, 2000 абонент кезекте тұр. Бұл бағытта әр ауылдық округте пәрменді іс-шаралар өткізіліп, түсіндіру жұмыстары әрдайым жүргізіліп отырады. Сонымен қатар мемлекеттік мекемелерді газдандыру бойынша Шу қаласындағы орталық қазандық, қалалық аурухана және екі жекеменшік балабақша газ жүйесіне қосылған. – Газ демекші, аудан орталығы Төле би ауылын «көгілдір отынмен» қамтуда бірқатар мәселелердің туындағанын естідік. Қазіргі жағдайы қалай болып жатыр? – Төле би ауылын газдандыруда мәселе туындағаны рас. Аудан орталығына «көгілдір отын» тарту жұмыстары 2014 жылы басталған болатын. Ол үшін Шу қаласынан Төле би ауылына дейінгі аралыққа ұзындығы 8,3 шақырым болатын магистральды газ құбыры жүргізіліп, 251 миллион 145 мың теңге бөлінді. Тағы бір айта кететін жайт, ауыл тұрғындарына және мекемелерге газ қысымының тиісті мөлшерде жетуі үшін мұндағы газ құбыры жерасты арқылы жүргізілді. Бүгінгі күні 430 абонент газға қосылып, «көгілдір отынды» пайдалануда. Сондай-ақ сіз айтып отырған мәселеге байланысты мердігер «Париев» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тұрғындарға алғашқы жарна 50 мың теңге төлеп, қаржының қалған бөлігін 18 айда 23 мың теңгеден пайызсыз төлеу үшін жеңілдік қарастырып отыр. – Қазіргі таңда өнеркәсіп саласы үлкен жобалардың бойтұмарына айналуда. Ал оны инвестиция тарту арқылы жүзеге асыру – бүгінгі күннің басты талабы. Осы тұрғыда аудандарыңызға бірқатар инвесторлардың қызығушылық танытып жатқанынан хабардармыз. Осы жайында өз аузыңыздан естісек деп едік. – Шынында да, ауданның экономикалық жағдайына қызығушылық танытып отырған инвесторлар аз емес. Нақтырақ айтсақ, ауданға инвестиция тарту бағытында еліміздің индустриалды-инновациялық дамуының 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында алдағы уақытта жалпы құны 314 миллиард 710 миллион теңге болатын 7 инвестициялық жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Олардың қатарында «TOO WINDHAN», «M-KAT-GREEN», «Sun solutions Kazakhstan», «SBS Grop-S», «A & T - Энерго» және «Синерджи Агро Трейд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бар. Бұл жобалардан бөлек, аталған бағдарлама аясында биыл «Асылжер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қант өнімін өндіретін зауыт құрылысының жобасын іске асыру мақсатында тиісті құжаттарды аймақтық үйлестіру кеңесінің қарауына ұсынды. Оған қоса, «Standardconstruction» ЖШС Шу қаласында «Битум» зауытының құрылысын жүргізуде. Сәтін салса, зауыт үшінші тоқсанда іске қосылады деп жоспарлап отырмыз.
Сонымен қатар ауданымызда «ХОЗУ Агро Систем» ЖШС қант қызылшасы мен қант құрағын өңдеу, қант және лимон қышқылын шығару зауытын іске қосуды көзделіп отыр. Серіктестікке қолайлы жерді іздестіру жұмыстарын жүргізуі үшін 4 гектар жер бөліп бердік. Жобаны іске асыру мерзімі келесі жылға дейін жалғасатын болады. Қаңтар айында «Комбайн Сази Иран» ЖШС Иран кәсіпорны Бірлік ауылдық округінде ауыл шаруашылығы бағытындағы комбайндарды құрастыру зауытын ашуға ниет білдіріп, зауыт басшылығымен меморандумға қол қойғанын да айта кеткен жөн. Сонымен бірге жуырда ғана қытайлық «Нейли» компаниясының өкілдері ауданда қант, сыра және шырын зауыттарын ашуға ниетті екендерін айтып, аймақтағы қолайлы жерлермен танысты. Жалпы, инвестиция кез келген экономиканың «күретамыры» дейтін болсақ, ауданымызға аңсары ауған инвесторлардың көп болып тұрғандығы қуантады. Елбасының өзі барлық салалардың дамуына стратегиялық көзқараспен қарау қажеттігін әрдайым айтып отырады. Сол себепті алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жандандырамыз деген ойдамын. – Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Ерғали ҚАРТАЙҒАН.
Суреттерді түсірген Петр НОРКИН.