Әлеумет

Қарақыстақта қызыл мияға қырғидай тиюде

Қарақыстақта қызыл мияға қырғидай тиюде

Қызыл мия – «Қызыл кітапқа» енген сирек кездесетін өсімдік. Біздің елімізде ол Сырдария, Жайық, Іле, Шу және Қаратал өзендерінің бойында, көбіне сазды алқапта қаулап өседі. Биіктігі 100-130 сантиметрге дейін өсетін осынау көпжылдық шөптің тұқымы кейінгі кезде тым азайып, құрдымға кетіп бара жатқаны туралы жиі еститін болып жүрміз. Біздің облысымыздың Мойынқұм, Шу және Меркі аудандарынан осы уақытқа дейін шетелдік компаниялар ғана емес, өз арамыздан да оңай олжаға кенелгісі келгендер аракідік бой көрсетіп қалып жүр.

Ел ішінде: «Қызыл мияның бағасы аспандап тұр. Оны тамырымен қопарып қазып алғандар да, қазып бергендер де ақшаға қарық болып жатыр. Контрабандалық жолмен Қытайға да кетіп жатса керек» деген сөз қаулап жүр. «Сонда оның қасиеті қандай екен?» деген сауалды қоюшылар да арамыздан табылып қалады. Егер тарихқа тереңірек үңілетін болсақ оны скифтердің, яғни, «сақтардың алтын тамыры» деп те атаған екен. Қытайдың женьшені сияқты алтын тамырдың емдік қасиеті орасан, адам ағзасына тигізер пайдасы да көп көрінеді. Дәрігерлер оның тамырында гликозит, сахароза, эфир майы, органик, қышқылдар, минералды тұздар, қызыл мия қышқылы, күрделі қанттар мен крахмал сынды дәрумендер кездесетінін айтады. Оның жүрек сырқатына, асқазан мен он екі ішек жарасына, сондай-ақ, истериядан, фосфорлы дәрілерден, қорғасыннан қорғайтын да шипалы қасиеттері бар дейді.

Елімізде қызыл мияны өнеркәсіптік жолмен өңдейтін зауыт бар. Ол 2010 жылы Батыс Қазақстан облысындағы, яғни Оралдағы Зеленов ауданы, Көшім ауылынан салыныпты. Ақпарат көздеріне сүйенетін болсақ әлемде жылына 100 мың тонна мия тамыры өңделеді екен. Соның 3 пайызы осы Оралдағы зауыттың үлесіне тиетін көрінеді. Міне, біз аса көп қасиетін біле бермейтін қызыл мия «хикаясы» осындай. Қызыл мия – Т. Рысқұлов ауданы Қарақыстақ ауылы маңында да өседі. Алайда, табиғатты аяусыз тонаушылар осыдан үш жыл бұрын Қарақыстақ ауылдық аймағындағы үш ауылға: Қазақ, Тасшолақ, Жалпақсазға «соқасын» аямай салып, қызыл мияға қырғидай тигенін осы сапарымызда ауыл тұрғындарынан естіп, жағамызды ұстадық. – Мына Жалпақсаз бен Тасшолақтың астындағы саздан қазір аттылы адам жүре алмайды. Трактормен қопарып тастаған. Топырақ жабылмаған күйі ашық қалып отыр, бұл жер енді эррозияға ұшырап, жердің құнарлылығы жойылады. Мия өзінің төңірегіндегі өсімдіктерге «өмір» беретін өсімдік. Мұндай жүгенсіздікке тыйым салу керек. Соңғы екі жыл құрғақшылыққа ұрынып, малымыздың барлығы сазға үймелеп қалды. Қысы-жазы төрт түлік мал саздан шықпай жайылушы еді, енді міне, мынадай күйге ұшырадық, – дейді Каменка ауылының Меңкеш Әуесбаев және Аманкелді Қабылханов есімді азаматтары. «Ел құлағы – елу» деген, дақпырт сөз жерде жата ма? Әлгі екі ауылдан тамыр қазуды ұйымдастырып жүрген Каменка ауылының азаматы Мұрат Тақлышевқа ауыл әкімі Ораз Тәнкеевпен бірге барып жолықтық. Ол алғашында сырғақтап, бізге тура жауап бермей, біресе ойға, біресе қырға шықты. Алайда, ол тамыр қазып жатқандарын жалпақ жұрттан да, бізден де жасыра алмады. Оның сөзін диктофонымызға тізіп жазып алдық. Ол: «Біз олардың қайдан екенін білмейміз, әйтеуір, бір қорапқа 50 мың теңгесін төлейді де алып кетеді. Олардың тамырды Таразға әлде Шымкентке алып кетіп жатқанын да білмейміз. Мен адамдарды жалдаймын, тракторшымен күніне 5-6 адамды тауып, тамыр жинатамын. Ал, қожалық басшылары бізге өздері келеді. Келеді де: «Егістік жерімізді мия басып кетті. Айналайын, қазып алыңдаршы» деген соң барып қазып аламыз» деді. Біз ауыл әкімінен Қазақ ауылында да осындай фактілер орын алып отырғанын естіген соң онымен бірге сол ауылға келіп, тамыр жинауға шығып жүрген Маржан Байымбетоваға жолығып, оны сөзге тарттық. Ол: «Мен өзім зейнет жасындамын, «үйде қарап отырғанша» деп мия жинауға барып жүргенім рас. Бір күнде 150, кейде 200 келі тамыр тереміз. Луговойдан келіп, тамырларды алып кетіп жүрген Данияр деген жігіт біздің жинаған тамырымыздың әр келісіне 10 теңгеден ақы төлейді. Кеш батқанша әйтеуір бір машина, екі тоннадай тамыр жинап жібереміз», – деді. Ауыл тұрғындары да мұны жоққа шығармады. Олар «күн сайын бір «Газ-53» автокөлігі тамыр тиеп өтеді, кей күндері өтпей қалады» дейді. Біз Қарақыстақ ауылдық округіне барар алдында аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің басшысы Біржан Башановқа жолыққан болатынбыз. Ол барлық ауыл әкімдеріне «Қызыл мия қазу фактілері орын алды ма?» деп сұрау салынғандығын, нәтижесінде Қарақыстақ ауылының әкімінен ғана жауап алынғандығын айтты. Оның ұзын ырғасы төмендегідей. 2014 жылдың 5 маусымында жазылған хатта мынадай жолдар бар: «Округ бойынша Қазақ ауылындағы үш азамат Серікбай Есімов 8 гектар жерін, Өмен Ниязқұлов 7 гектарын, Еділ Жамансариев 20 гектар жерін «мия басып кетті» деп тамыр қазушыларды өздері шақыртқаны анықталды» деп жазылған. Жер қатынастары бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Б. Юсупов маусым айының 13 жұлдызында дереу облыс бойынша аумақтық жер инспекциясының басшысы Серік Тәпеевке: «ҚР Жер кодексінің 144-148-баптарын және ҚР «Мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Заңының 16-бабы 7-тармағының 2-тармақшасына сәйкес, Т. Рысқұлов ауданында ауылшаруашылық мақсатындағы жайылым және шабындық жерлерінен қызыл мия тамырын заңсыз қазу жұмыстары Қарақыстақ ауылдық округіндегі 35 гектар жер телімдерінен орын алғаны анықталды. Осыған орай, шара қолдануыңызды сұраймыз» деген қатынас хат жібереді. Ал, С.Тәпеев өз кезегінде Елбасының 2014 жылғы 2 сәуірден бастап 2015 жылдың 1 қаңтарына дейін орта және кіші кәсіпкерлік субъектілерін тексеру жұмыстары тоқтатылғанын алға тартып, тексеру жүргізе алмайтынын хабарлаған. Біз осы мәселеге заң тұрғысынан баға береді ғой деген оймен аудан прокуроры А. Молдабековке телефон арқылы байланысқанымызда ол: «Негізінде бұл жұмыспен табиғат қорғаушылар шұғылдануы тиіс. Егер жер орман шаруашылығыныкі болса онда ол «жерімді эррозияға ұшыратты» деп шағымданған болар еді. Ал, бұл жер жеке меншіктікі болып тұр. Әзірге оларға заң жүзінде шара қолдана алмай отырған ауыл әкімін де түсінуге болады, өйткені, оның қолында облыс әкімі бекіткен нормативтік күші бар акті де жоқ» деді. Бұдан шығатын қорытынды қандай? Егер ауыл әкімдерінің қолында заң бұзушыны жазалайтын тетік жоқ болса, онда ол өкілеттікті жоғары жақтағылар беруі тиіс қой. Ал, әзірге қызыл мияға қырғидай тиіп, оңай олжа табушыларды полиция қызметкерлері де қолма-қол ұстап алған күннің өзінде оларға қолданатын шарасы немесе айыппұлы жоқ болып тұр. Сонда тамырқазушыларға «әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа жоқ болғаны ма?!

Сейсен Қожеке, «Ақ жол».

Қарақыстақ ауылы, Т. Рысқұлов ауданы.