Спорт және туризм

Топ бастаған төртеу белгілі болды

Топ бастаған төртеу белгілі болды

бірақ «жеңімпаз кім болады?» деген сауал ойландыра береді

 width=Футболдан Ресейде өтіп жатқан әлем чемпионаты да мәресіне жақындап келеді. Иә, айдарынан жел есіп, байрағын желбіретіп жеткен 32 құраманың 28-і еліне қайтты. Былайынша айтқанда, төртеу түгелденді. Жартылай финалға шыққан командалар мәлім. Бұл әлем чемпионаты жұрт күтпеген нәтижелермен есте қалатыны сөзсіз. Жұлдыздар көз жастарына ерік берді. Бес дүркін әлем чемпиондары Бразилия құрамасы жанарында от ойнаған Бельгия жігіттерінен айласын асыра алмай, жартылай финал жолдамасынан шет қалды. Бұған дейін Роналду, Месси, Салах сынды саңлақтар еліне аттанды. Жанкүйерлер Бразилия-Бельгия кездесуін финалға дейінгі финал деп бағалағаны сөзсіз. Екі құраманың да құрамы шын шеберлерден жасақталған. Бразилияның құрамы қашанда мықты. Бельгияның қазіргі футболшыларының барлығы дерлік шашасына шаң жұқтырмайтын жүйріктер. Ағылшын премьер лигасында жарқыраған Эден Азар, Кевин Де Брюйне, Испания ла лигасында өзін жақсы қырынан көрсеткен Янник Карраско бастаған жігіттер Неймар, Марсело, Коутиньо бастаған саңлақтарды еліне қайтарды. 2:1 есебімен басым түсті. Ойынның он үшінші минутында Фернандиньо өз қақпасына гол соғып алған соң бес дүркін әлем чемпиондары шабуылға жанұшыра ұмтылды. Әккі қарсыластарының қарқынын қарсы шабуылдар арқылы басуға көшкен Бельгия ойыншылары 31-минутта есепті еселеді. Кездесудің екінші бөлігінде Бразилия толассыз шабуылдарға иек артқанымен есеп айырмасын қысқартуға ғана қайраты жетті. 76-минутта Ренато Аугусто мергендік танытты. Қысқасы, қарсыластарына: «Мүмкіндігінше гол соғыңдар, біз қалағанымызша соғамыз» деген бразилиялықтардың ескі сөз тіркесі бұл күні іске аспады. Ширек финалдағы тағы бір тартыс Франция мен Уругвай арасында өрбіді. Бұл ойында Антуан Гризманн, Килиан Мбаппе бастаған Франция футболшылары 2:0 есебімен жеңіс тойын тойлады. Антуан Гризманн мен Рафаэль Варан қанжығаларын майлады. Ширек финалдағы үшінші жұп арасындағы кездесу де 2:0 есебімен түйінделді. Ұлыбритания сапынан Гарри Магуайер мен Деле Алли соққан голдарға шведтер жауап бере алмады. Жартылай финалдың соңғы жолдамасын Ресей және Хорватия құрамалары сарапқа салды. Топтық кезеңде Мессиі бар Аргентинаны 3:0 есебімен жеңген хорваттарға ресейлік футболшылар тегеурінді қарсылық танытты. Ойынның негізгі уақыты 1:1 есебімен аяқталды. Матчтың 31-минутында Денис Черышев есеп ашса, 39 минутта хорват футболшысы Андрей Крамарич таразы басын теңестірді. Экстра таймда да қос құрама футболшылары бір-бірден гол соқты. Алдымен 100-минутта Домагой Вида хорваттарды жеңіске жетелесе, 115-минутта Ресейдің бразилиялық футболшысы Марио Фернандес әдемі голдың авторы атанып, есепті 2:2-ге жеткізді. Ойын соңынан кейінгі пенальти сериясында хорваттар 4:3 есебімен жеңісті жұлып алды. Сонымен жартылай финалда Франция сайыпқырандары Бельгия саңлақтарымен, Хорватия оғландары Ұлыбритания футболшыларымен кездеседі. Әлем чемпионаттары тарихына зер салсақ, Ұлыбритания 1966 жылы әлем чемпионы атанған екен. Ағылшындар араға 52 жыл салып жеңісті жорықтарын жалғастыра ала ма? Әлде Франция жиырма жылдан кейін әлем чемпионы атана ма? Хорватия – 1998 жылы қола жүлдегер атанған ұжым. Осы жолы финалға шығуды мақсат тұтатыны сөзсіз. Бельгия да алтын жүлдеден үмітті. Түйіп айтқанда, бізге жаңа әлем чемпионын көретін сәт келді ме, әлде бұрынғы чемпиондардың бірі тағы да топ жара ма? Не болса да уақытында көрерміз. Жалпы Перу құрамасы әлем чемпионатына қатысқан жылдары чемпион команда Перудің тобынан шығатын дәстүр қалыптасқан. Аталмыш дәстүр жалғасын тапса, Франция чемпион болуы мүмкін деседі. Кім білген...

Табиғат АБАИЛДАЕВ.