Саясат

Әріптестік туралы келісті жаңа меморандум конкурстарды әділ өткізуді қамтамасыз етеді

Әріптестік туралы келісті жаңа меморандум конкурстарды әділ өткізуді қамтамасыз етеді

Өткен жылдан бері мемлекеттік қызметтің жаңа үлгісі қалыптасуда. Бұл реформаның ерекшелігі мемлекеттік қызметшілерді іріктеу үдерісінде ашықтық пен нақтылықты қамтамасыз ету болып табылады. Сондықтан да бұған үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдары тартылуда. Бекітілген ережелерге сәйкес конкурстық комиссия отырысына барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, бұқаралық ақпарат құралдарының аккредиттелген өкілдері, қоғамдық ұйымдардың, үкіметтік емес ұйымдар мен саяси партиялардың мүшелері бақылаушылар ретінде қатыса алады. 2014 жылы облыста өткен конкурстардың жартысына тәуелсіз бақылаушылар мен сарапшылар тартылған. Жуырда Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті, «Нұр Отан» партиясының Жамбыл облыстық филиалы, «Ақ жол» партиясының Жамбыл облыстық филиалы, «Қазақстан Республикасы Журналистер одағы» қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалы және Жамбыл облысының коммерциялық емес ұйымдар ассоциациясы өзара түсіністік және әріптестік туралы меморандумға қол қойды. Бұл құжаттың мақсаты әкімшілік мемлекеттік қызметке орналасуға конкурс өткізуге қоғамның сенімін орнықтыру болып табылады. – Бүгінгі қабылданған меморандумды мемлекеттік аппараттың транспаренттік жұмысына жасалған тағы бір қадам деп атауға болады. Біздің міндетіміз – мемлекеттік қызметтің конкурстық жүйесінде ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету, – деді Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі Жамбыл облыстық тәртіптік кеңесінің төрағасы Болат Исақов.

«Ақ жол-Ақпарат».