Шу өңірінде азық-түлік неге қымбат?
Шу өңірінде азық-түлік неге қымбат?
Сарапшылардың айғақтауынша ауылшаруашылық өнімдерін өндіру және оны өңдейтін кәсіпорындардың жұмысын жолға қою, тек елдің экономикалық әлеуетін ғана арттыруға мүмкіндік беретін ұстын, тірек емес, сонымен бірге ол — азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің де бірден-бір сенімді кепілі болып табылады. Сондықтан да Мемлекет басшысы 2013 жылдың қараша айында екі күндік іссапармен облыста болғанында аумақтағы суармалы алқаптардың тиімді пайдаланылмайтынын және әлі күнге дейін жаңа жасанды су бөгендерінің құрылысы қолға алынбағанын, табиғаты егіншілікке аса қолайлы өңірге орналасқан облыстың республикада өндірілетін егіншілік және көкөніс өнімдеріндегі үлесінің небәрі үш-ақ пайызды құрайтынын сынға алып, жұртшылықтың көкөніс, картоп, жеміс-жидек, өсімдік майы, сүт, жұмыртқа және басқа да азық-түлік өнімдеріне деген сұранысын еліміздің өзге өңірлері мен шетелдерден тасымалдамай-ақ, аумақтың өзінде өсіру, өндіру, өңдеп, даяр өнім шығару арқылы өтеуге болатынын ескерткен. Міне, Елбасының тарапынан шыққан осы ұсыныс, пікір, ескертпенің облыс аумағында, әсіресе, Шу өзенінің қос жағасын жайлаған Шу ауданының агроқұрылымдары мен кәсіпкерлік нысандарына айрықша қатысы бар. Өйткені, мұнда сыйымдылығы 620 миллион текше метрге жететін Тасөткел су қоймасы орналасқан. Суармалы егістік алқаптарының аумағы да ауқымды. Шабындық пен мал жайылымына жарамды жер көлемі де жетерлік. Оның үстіне аудан тоғыз жолдың торабында. Алайда, аумақтағы өкілетті органдардың басшылары, фермері, кәсіпкері аралас іскер топ өкілдері істің көзін табуда оралымсыздық танытып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретін осындай қолайлы жағдайды көп жылдардан бері тиімді пайдалана алмай келеді. Ал, оның салдарларын қарапайым тұтынушылар — Шу қаласы мен оған іргелес жатқан елді мекендердің тұрғындары тартуда.
Нарықтағы нанның бағасы қымбат, салмағы төмен, бұл – шулықтардың орынды ренішін тудыруда
Аудан орталығы — Төле би ауылы мен Шу қаласында, ең алдымен, жұртшылықтың күнделікті тұтынуына қажетті нан өнімдерінің бағасы қымбат. Біз арнайы іссапармен аумақта болып, бірқатар азық-түлік дүкендері мен орталық базардағы сатылымдағы нан өнімдерінің бағасы мен салмағына мониторинг жүргізгенімізде, әуелі бас сұққан Төле бидегі «Жансая» дүкенінің сатушысы Самат Қадыров таразыға өлшеген жоғары сортты ұннан пісірілген, бағасы 60 теңгелік нанның салмағы 530 грамм, ал, 50 теңгелігінің салмағы 400 грамм тартты. Сондай-ақ, «Астана» дүкеніндегі салмағы 565 грамға жететін тік төртбұрышты ақ нан — 70, «Жәнібек» дүкеніндегі салмағы 480 грамм бөлке нан 50 теңгеден сатылып жатты. Аталған қос дүкеннің сатушылары Салтанат Төребаева мен Айбала Нұраханованың алғашқысы сатылымға нанның «Рсалбаза», екіншісі «Асатов» жеке кәсіпкерлігі наубайханасынан әкелінгенін баян етті. Сол сияқты, Шу қаласындағы темір жол бекетінен 150 метрдей қашықтықтағы «Әділет» дүкенінде тұтынушылардың жоғары сортты ұннан пісірілген, салмағы 570 грамм болатын бөлке нанды — 70, 470 грамдығын 50 теңгеден, «Мәдина» дүкенінде 525 грамдық бөлкені — 50, 575 грамдық тік төртбұрышты ақ нанды 70 теңгеден, «Ақберген» дүкенінде cалмағы 505 грамм бөлке нанды — 50, 600 грамдығын 70 теңгеден сатып алғандығына куә болуымызға тура келді. Шу қаласындағы орталық базарда саудаланған нан бағасы да тұтынушыларды түңілдірмесе, көңілдерін жұбатарлықтай емес. Мұнда салмағы 500 грамдық жоғары сортты бөлке нан — 70, бірінші сорттысы — 50 теңгеден сатылуда. Нан алушылардың арасынан әрқилы жеке шаруаларымен облыс орталығында болып қайтқан кейбіреулері алған нандарын қолдарындағы ыдыстарына салып жатып, «Тараз қаласында салмағы бұдан әлдеқайда ауыр, осындай жоғары сортты ұннан пісірілген бөлке нанды небәрі 45-ақ теңгеге алуға болады. Ал, бізде, міне он-он бес жылдың жүзі болды, нан бағасы шығандап шарықтап тұр. Оны жөнге салып, ретке келтіретін тірі пенде көрінбейді», — деп наразылықтарын білдірумен болды. Біз өзімізбен тілдескен тұтынушылардың айтқан уәждері мен келтірген дәйектерін ескеріп, Шу қаласы мен Төле би ауылындағы дүкендер мен базардағы нан бағасының неліктен қымбат, салмағының неліктен төмен екендігі туралы Шу ауданы әкімдігі жанындағы аумақтағы азық-түлік бағасын тұрақтандыру жөніндегі штабтың бастығы, аудан әкімінің бірінші орынбасары Ержан Өмірәлиевке сауал тастаған едік. Ол оны Шу өңіріндегі нан пісіру және сатумен айналысатын оннан астам шағын наубайханаға қарсы бәсекелестік тудыратын нан өнімдерін шығарумен айналысатын ірі кәсіпорынның жоқтығымен түсіндірді. «Монополиялық артықшылық жағдайында болмағандықтан, шағын кәсіпорындардың өнімінің бағасына қатысты мәселені әкімшілік жолмен реттеуді заң көтермейді. Кәсіпкерлердің өздері болса, нан пісіру технологиясында қолданылатын әртүрлі компоненттердің нарықтағы бағасының жоғары екендігін сылтауратып, нан бағасын түсіруге, салмағын арттыруға келісімін бермей отыр. Қайта «Дарамель» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің наубайханаларға өз бағасымен босатқан 140 тонна әлеуметтік ұны ғана нарықтағы нан бағасының қазіргі деңгейін сақтауға септігін тигізуде», — деді ол орныққан жағдайдың мән-жайын өз тұрғысынан түсіндіріп. «Егер бар мәселе, аймақтағы нан өнімдерінің бағасын еркін бәсекелестік тұрғысынан реттеуге септесетін нан пісіру және сатумен айналысатын іргелі өндіріс орнының жоқтығына келіп тіреліп тұрса, оның құрылысын қолға алуға неге қозғау салмасқа? Ауданда бүгінде «KazGom-K» компаниясының жобалық-сметалық құны 300 миллион теңге, тәулігіне 60 тонна ұн тартатын әлеуетті комбинаты мен наубайханасы жұмыс істеуде. Кәсіпорын басшыларымен келіссөз жүргізіп, наубайхананы ірілендіруге, сөйтіп, соңғы он шақты жылдың бедерінде аумақтағы нан бағасына байланысты қордаланып қалған проблеманың түйінін тарқататындай қадамдар жасауға келістіруге болмайтын ба еді?», — деген сұрағымыз жауапсыз қалды. Сірә, шулықтардың алдағы кезеңде әлі де талай уақыт бағасы қымбат, ал салмағы төмен нанды талғажау етулеріне тура келетін шығар.
Өңірдегі азық-түліктің құны, Таразға емес, Астана мен Алматы нарығына қарай бағдар түзеуде
Өндірісінің негізі ауылшаруашылығы саласынан тұратын Шу ауданындағы егістікке, шабындыққа және мал жайылымына жарамды 528450 гектар жер аумақта тіркелген 28 жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің, 3 өндірістік кооперативтің, 2581 шаруа қожалығының және ұзын саны оннан асатын басқа да жекеменшік құрылымдардың меншігіне тиесілі. Олардың еншісіндегі егіншілікке пайдаланылатын жердің 25088 гектарын суармалы, 99988 гектарын тәлімі танаптар құрайды. Жайылымдық көлемі 402 мың гектарға жуықтайды. Шабындық 1390 гектар жерге орналасқан. Соған орай аудандағы 35 елді мекендегі төрт түліктің саны да едәуір. Ағымдағы жылғы маусым айының 11-і күні өңірде есепке алынған ірі қара саны 30730 басқа, қой — 285710-ға, ешкі — 33289-ға, жылқы — 11083-ке, түйе — 67- ге, шошқа — 948-ге, құс саны 83707 басқа жетіпті. Егер қолда бар ауылшаруашылығына жарамды жер көлемін тиімді пайдаланып, істің көзін тауып кәдеге жарата білсе, аудандағы төрт түліктің саны мен егіншіліктен алынатын өнім көлемін қазіргімен салыстырғанда әлдеқайда арттыруға және шулық тұтынушылардың азық-түлік түрлерінің деніне деген сұранысын жергілікті жерде өсірілген, өңделген, өндірілген өнімнің есебінен қамтамасыз етуге әбден болар еді. Әрі оның өзі 20 мыңдай халық тұратын Төле би ауылы мен 33 мыңнан астам тұрғыны бар Шу қаласындағы дүкендер мен базар нарығындағы қалыптасқан бағадан әлдеқайда арзанға түсетіндігі де анық. Соның бір нақтылы айғағы ретінде, өзіміз Шудағы «Сауда-Сервис» орталық базарында куә болған көкөніс бағасына байланысты мына бір фактіні мысал ретінде келтіре кетейік. Аумаққа іссапарымыздың алғашқы күні уақытты текке өлтірмей дүкендер мен базардағы ет, сүт, кеспе-макарон, жеміс-көкөніс өнімдерінің бағасына мониторинг жасағанды жөн көрдік. Жазғы маусымның алғашқы айының бел ортасы жақындап келе жатқанын, жеміс-көкөніс бағасының күн өткен сайын арзандауға тиістігін ескеріп, арада бірнеше күн өткенде әлгі үдерісті тағы да қайталағанбыз. Баға көп өзгере қоймапты. Тек базардың орталығындағы сөрелерде жұрт жапатармағай алып жатқан қиярдың килограмы ғана бастапқы бағасынан 50 теңгеге арзандап, 80 теңгеден сатылуда. Қиярды пұлдап өткізушілердің бірі, аудандағы Д. Қонаев атындағы ауылдың тұрғыны Алтын Расулова айналдырған төрт күннің аралығында өнім бағасының неліктен бұлайша құлдырап түсіп кеткендігін түсіндіріп, «Базардағы сатылымға түскен қияр атаулы біздің ауылдың тұрғындарының үй іргесіндегі жер телімінде, пленканың астында өсірген өнімі. Қазір, жаппай пісіп жатыр. Тездетіп жинап, өткізіп үлгермесек, ысырап болады. Қияр бағасының арзандауы содан», — деді мәселенің мән-жайын ұғындырып. Сәл кейінірек аталған ауылдың әкімі Зият Тұрсынұлымен тілдескенде білдік, Д. Қонаев атындағы елді мекенде 270 отбасы үй іргесіндегі 15-16 сотық жер телімінде қыстың соңғы айларынан бастап пленка астында шалқан және қияр өсірумен айналысады екен. Ауыл әкімінің айтуынша, қар кетіп, жер аяғы кеңейетін наурыз айының орта шенінен бастап, шілде түскенге дейін қонаевтықтар Шу, Қарағанды, Астана және Алматы қаласының базарларын әуелі шалқанмен, кейін жас қиярмен қамтамасыз етіп тұратын көрінеді. «Жыл аралығында Шу қаласындағы орталық базарды аралап көрген жан, ол жерден көршілес Қырғызстан мен Өзбекстан Республикаларынан және өзіміздің Оңтүстік Қазақстан облысынан әкелініп, саудаланып жатқан қиярды көре алмайды. Өйткені, шеттен тасымалданған қияр сапасы тұрғысынан да, бағасы жағынан да жергілікті өніммен бәсекелесе алмайды, өтпейді. Қонаевтықтар алдағы уақытта қызанақ, болгар бұрышы, қырыққабат сияқты тұтынушылар сұранысындағы дақылдарды да осы тәсілмен өсіріп, ерте көктемнен бастап нарыққа шығаруды қарастыруда», — деді жас әкім істің көзін таба білетін ауыл тұрғындарының алдағы уақытқа межелеп отырған іс-жоспары жайлы баяндап. Бір өкініштісі, қонаевтықтардың мұндай іскерлік бастамасы өңірдегі ірі агроқұрылымдар мен шаруа қожалықтарының тарапынан тиісті қолдау таппаған сыңайлы. Оны базар сөрелерін жаулап алған және бағасы аспандап тұрған Қырғызстанның алмасы мен картобы, өзбектердің құлпынайы, шабдалысы, сары және қара өріктері, Шымкенттің шиесі, қырыққабаты, болгар бұрышы, Қордайдың пиязы, сәбізі мен шалқаны және басқа да жеміс-көкөніс өнімдерінің нарықтағы бағасы толық айғақтай алады. Дүкендер мен «Сауда-Сервис» орталық базарындағы негізінен Ресей, Беларусь, Украина, Қырғызстан және Қытай секілді шет мемлекеттерден импортталған сыр, қолдың ірімшігі, сарымай, бұқтырылған және қақталған шұжық, жұмыртқа, қарақұмық және еліміздің өзге өңірлерінен әкелінген күріш, жарма және кеспе-макарон өнімдері мен өсімдік майының да бөлшек саудадағы бағасы ұшып тұр. «Астана, Алматы қалаларында күнкөрістің қымбатқа түсетіндігін білеміз. Десек те аграрлы өңірде тұратын бізде бәрі керісінше болуы керек қой. Бірақ, олай емес. Тіпті, басқасын былай қойғанда ет павильонында өңірде өндірілетін қой және сиыр етінің әр килограмының – 1200, жылқы етінің 1300 теңгеден сатылуы мұндағы бағаның ырыққа көнбей тұрғанын аңғартады. Ең болмаса Тараз қаласындағыдай сәл арзанырақ болса ғой», — дейді сауатты тұтынушы қынжылысын жасыра алмай. Шындығында да тұрғын халқының жетпіс пайызға жуығы ауылдарда тұратын Шу ауданы жағдайында мұның тым жоғары баға екендігі даусыз.
Қымбатшылықтан құтылудың жолдары бар, ол үшін аумақтың мол мүмкіндіктері тиімді пайдаланылуы тиіс
Шу ауданында ауылшаруашылығына жарамды жердің үштен екісінен астамының өндірістік-техникалық әлеуеті төмен ұсақ шаруашылық құрылымдарының иелігінде болуына, олардың несие алу үшін банктердің талабына сәйкес кепілдікке қоятын мүліктерінің болмауына және соған орай аудан орын тепкен өңірдің қолайлылықтарын тиімді пайдалануға күш-қуаттары жетіспеуіне байланысты аумақта сұраныстағы ауылшаруашылығы дақылдарын өсіру, өндіру мүмкін болмай отыр. Оның үстіне мал шаруашылығы өнімдері мен егіншілік дақылдарына берілетін субсидияның мөлшері туралы ақпараттандырудың дер кезінде жүргізілмейтіндігі, агроқұрылымдардың басы-қасында отырған азаматтардың агротехника мен маркетинг, логистикадан бейхабарлығы да шаруа қожалықтарының істі дұрыс жоспарлап, талап деңгейінде ұйымдастыруына кері әсер етуде. Мысалы, үстіміздегі жылы Шу ауданы бойынша 6722 гектарға көкөніс егілген болса, оның тең жартысынан астамын пияз дақылы құрайды. Қалғандарына тоқталсақ, қызанақ – 951, сәбіз – 321, қызылша – 67, сарымсақ – 39,5, қияр – 618, қырыққабат – 129, асқабақ – 292, баклажан – 129,5, болгар бұрышы 246,5 гектар алқапқа орналастырылған. Аудандағы шаруа қожалықтарының өңірдегі көкөніс дақылдары арасында неліктен биыл пиязға басымдық беріп отырғандығы және өзге де мәселелер туралы арнайы жолығып тілдескенімізде, аудан әкімінің бірінші орынбасары Ержан Өмірәлиев оны дихандардың өзге көкөніс түрлерін өсіру технологиясын білмейтіндігімен байланыстырды. «Нақ сол кәсіби машықтықтың жоқтығы салдарынан бізде жылыжай шаруашылығы жоқтың қасы. Аудан тұрғындарының иелігіндегі 10 мың бастан астам сауын сиырының сүтін өңдеп, кәдеге жаратуға да қолда бар бірлі-жарым шағын қуатты цехтарымыздың шамасы жете бермейді. Ал, жеміс бағының жай-күйі туралы тілге тиек етудің өзі артық. Оның үстіне жұртшылықтың түсіністікпен қабылдамауы салдарынан аудан аумағындағы шағын және орта шаруа қожалықтарын ірілендірудің 2013-2017 жылға арналған жоспарын орындай алмай ұятты болып отырған жайымыз бар. Олай деуім, жыл басынан бері небәрі төрт-ақ шаруашылық құрылымын ірілендіруге шамамыз жетті. Дегенмен, көңілге демеу болар бір жай, бүгінде облыс әкімі К. Көкірекбаевтың тапсырмасы бойынша өңірде көкөніс кластерін құру жөнінде арнайы бағдарлама жасалынуда. Егер алдағы уақытта ел Үкіметі бекітіп, қаржыландыратын болса, сыйымдылығы 620 миллион текше метрді құрайтын әрі күрделі жөндеуден өткен Тасөткел су қоймасынан тартылған Шу магистралды каналының оң жағалауындағы тәлімі жер суландырылып, он мың гектар жерге көкөніс плантациясы орналастырылады. Әрине, бағдарламада көкөніс дақылдарын өңдейтін, даяр өнім шығаратын кәсіпорындарды салып, іске қосу мәселесі де қамтылынады. Жылыжай шаруашылықтарын құру да қарастырылған. Ірі мал бордақылау алаңдары, ет, сүт өңдейтін шетелдік технологиялық жүйелер пайдалануға берілмек. Міне, сол кезде Шу өңірі азық-түліктің түр-түрімен және көкөніспен өзін-өзі ғана емес, еліміздің солтүстік өңірлерін де қамтамасыз етуге мүмкіндік алатын болады», — деді аудан әкімінің бірінші орынбасары өңірді қолжетімді азық-түлікпен қамту мәселесін шешуді алдағы уақыттың еншісіне сырғытып. Мейлі ғой, дана халқымыздың қадап айтқанындай «Көрінген таудың алыстығы жоқ». Десек те аудандағы өкілетті органдардың мәселеге бүгінгі күн тұрғысынан қарап, жұртшылықтың талап-тілегіне орай кәсіпкерлер мен алыпсатарларды мәмілеге келтіруі, сол арқылы, нан бағасын түсіру, өзге де азық-түлік түрлерінің қымбаттауына тосқауыл қою сияқты іс-шараларды қарастыруы қажет-ақ.
Сапарғали Әлібай, «Ақ жол».