Әлеумет

Жеке сот орындаушыларға жүктелген міндет ауқымды

Жеке сот орындаушыларға жүктелген міндет ауқымды

Елімізде жеке сот орындаушылары институты альтернативті түрде мемлекеттік сот орындаушылармен қатар 2011 жылдан өз қызметін бастаған болатын. Сол жылы өңірімізде жеке сот орындаушыларының аймақтық алқасы құрылып, мемлекеттік тіркеуден өтті. Содан бері жыл өткен сайын дамып, бүгінде халық игілігіне қызмет етуде. Жеке сот орындаушылары институтының қалыптасуына Ұлт жоспарының 27-қадамындағы «Жеке сот орындаушылардың институтын дамытып, мемлекеттік сот орындаушыларды кезең-кезеңмен қысқарту» тапсырмасы негіз болып отыр десек, артық айтпаймыз. 2011 жылы облыс бойынша 3 жеке сот орындаушысы ғана жұмыс істеп, олардың атқаруында 30 өндіріс болған болса, бүгінде 73 жеке сот орындаушысы бар. Оның 48-і Тараз қаласында, ал қалған 25 жеке сот орындаушылары аудандарда қызмет көрсетеді. Олардың атқаруында жалпы құны 65,5 миллиард теңгені құрайтын 110 мың атқару өндірісі бар. Бұл туралы облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Шыңғыс Айнақұлов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді. Сондай-ақ брифинг спикерінің сөзіне сүйенсек, бүгінге дейін жеке сот орындаушысы қызметімен айналысуға 85 үміткерге аттестаттау өткізіліп, оның 45-і оң нәтиже көрсеткен. 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушылардың мәртебесі туралы» Заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, Заңның 138-бабында жеке сот орындаушылар мен мемлекеттік сот орындаушылардың құзыреттері айқындалып, олардың орындауға қабылдайтын атқару құжаттарының санаттары белгіленген. Осылайша жеке сот орындаушыларының ерекше құзыретіне, жеке және заңды тұлғалардың пайдасына (оның ішінде алимент төлемдерін) өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттарды орындау жатқызылған. Ал биыл облыстық әділет департаменті жеке сот орындаушыларынан алимент өндіру туралы атқару құжаттары бойынша 149 есеп қабылдап, 5 375 175 теңге ақы төленді. Жеке сот орындаушыларының 2017-2018 жылдары атқарған жұмыстарына 21 жоспарлы тексеру жүргізіліп, 13 жеке сот орындаушысын тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс Жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына, 1 жеке сот орындаушысының лицензиясының қолданысын тоқтата тұру бойынша ұсыныс Әділет министрлігіне жолданған. Ал 7 жеке сот орындаушысына анықтамада көрсетілген заң бұзушылықтарды қысқа мерзімде жою тапсырылған. Кездесу соңында журналистер өздерінің сұрақтарын қойып, жауап алды.

Камила БОРАШОВА